Қапасқа қайта оралмас үшін...

Қапасқа қайта оралмас үшін...

Қазақстанда 29 мыңнан астам адам түрмеде отыр. Халықаралық түрмелерді зерт­теу орталығы (ICPS) ин­декс рейтингі бойынша еліміз 98-орында тұр. Былтыр ел­дегі 8 түрмені жабу бюд­жет­­тен 12 млрд теңгені үнем­деуге сеп болды. Өйткені «іште­гі» бір адам­ды ұстауға қа­зы­надан жы­лы­на 700 мың тең­ге жұмсала­ды екен. Ал қа­пасқа қайта орала­тын­дар­дың саны күн санап артып келе­ді. Түрлі әлеуметтік қол­дау орын­дары көмек қолын соз­ғаны­мен, адам пси­хо­ло­гия­сы­на әсер ету қиын.

Түрмеден кейін қоғамға бейімделу түрлі сатыдан тұрады. Иә, сіз де «Шоушенктен қашу» фильмін еске түсірдіңіз бе? Дәл кинокартинадағыдай мерзімін өтеп шыққан адамға бейім­делу қиын. Бірі амалын тауып ары қарай жылжыса, екіншісіне отбасына қайта сіңісудің өзі мұң екен. Бұл ту­ра­лы психолог Балабек Сақтағанов толы­ғырақ түсіндіріп берді.

«Біріншіден, олар бір режимге үйреніп қалады. Үнемі бұйрықты орындағандықтан, бостандыққа шыққаннан кейін бірден бейімделіп кете алмайды. Өз уақытын өзі пай­да­лану, қай уақытта ұйықтап-тұра­тынына бас қатырмаудың өзі проб­ле­маға айналады. Мұндай жағдай олар­ды тығырыққа тірейді. Жол таба алса игі. Таппаса, шешімді қайта түрмеге түсу деп түсінеді. Екінші мәселе – қоғамның түрмеден шыққан адамға деген көзқарасы. Сол себепті түрмеден босағандар өзін қоғам алдында кінәлі санайды. Өздерінің жеке тұлға ретіндегі потенциалын көрсете алмайды. Тіпті, отбасымен бір­ге ұзақ уақыт бірге болмауы оны орта­дан «бөледі». Сізге әдеттегі әрекет сана­тындағы нәрсе оған кәдімгідей «жұмыс» болуы мүмкін. Бір жерге жұмысқа тұрса да, түрмеде отырғаны санасынан шықпағандықтан, өзін көрсете алмайды. Адам түрмеде неғұрлым ұзақ отырса, соғұрлым ортаға бейімделуі қиынға соғады», – дейді психолог Балабек Сақтағанов.

Психологтың сөзінше, түрмеден шыққан адамға бағыт беру керек. Әйт­песе, ол қанаты қайырылған құс­тай не істерін білмей жүреді. «Түрмеге отырып келгендерді аптасына бір рет болсын психологиялық курс, тренингтен өткізу керек. Ар­найы психологиялық орталық ашыл­са игі еді», – дейді Балабек Сақ­та­ғанов. Осыған байланысты еліміз­де Қылмыстық-атқару жүйесі ко­ми­теті жанынан құрылған түрлі бейім­деу орталығы жұмыс істейді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 3 911 адам пробация қызметі есебінде тұр. Шығыс Қазақстан облысында 5 645, Қарағанды облысында 4 346 адамға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Пробация қызметіне жүгінгендердің дені Алматы облысында тіркелген. Аталған облыстағы 9 685 адамға проби­циялық бақылау жүріп, әлеуметтік-құқықтық тұрғыда кеңес беріледі.

Түрмеден жазасын өтеп шыққан адам неге тағы да қылмысқа барады? Бұл сұрақты белгілі психолог Анна Құдияроваға қойып көрдік. Психолог мұнда эмоцияның айтулы күш екенін баса айтты. Әрі бәрібір кей факторлар әсер етпей қоймады.

«Оған бірнеше себеп бар. Олар эмоциялық тұрғыдан тәуелді. Кішкене бала тәрізді. Түрмеде қашан тұру, жүру, оң мен солы бәрі арнайы жүйеде жүреді. Еркіндікке, бостандыққа үйрене алмайды. Ал еркіндікке шық­қан кезде жауапкершілікті өз мойнына алу керек. Көбінесе түрмеден босап шыққандар еркіндікті қалай пайда­ла­нуды білмей, түрлі қылмысқа бара­ды. Жақын жердегі дүкенге барып, ұрлық жасап қайта түрмеге түсуді ойлауы мүмкін. Өйткені бұл процесс – бейсанада жатқан құбылыс. Санасы арқылы ол бостандықта жүрудің қадірін біледі. Бірақ бейсанаға әсер ете алмай, келген жағына қайта ора­лып жатқандар бар», – дейді Анна Құдиярова.

Түрмеден шыққан адамның қо­ғамға бейімделуі маңызды. Бірін­ші­ден, өзінің ертеңі үшін. Екінші­ден, мемлекеттің бюджетіне әсер етеді. Бұл туралы кезекті брифинг­тің бірінде Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мәлімдеді.

«216 адам қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерге ауыстырылды. Мұндай жүйелі шаралардың арқасын­да қамаудағылардың саны 27 жылда 68,5 мыңға қысқарды. Тәуелсіздік алғанда Қазақстан түрме халқы саны жағынан әлемде үшінші орында тұрды. Бүгінде түрмеде 29 913 адам бар. 8 түр­ме­ні жабу есебінен бюджет 12 млрд теңгені үнемдеді. Тағы төрт ескі типтегі коло­нияны жабуды қарастырып жа­тыр­мыз», – деді М.Ахметжанов.

Жоғарыдағы дерек көрсеткендей, түрме санын қысқарту кәдеге жарайды. Алайда түрмеден шыққандардың оған қайта оралу факторы жиі кезде­седі. Оған қоғамда қалыптасқан стерео­тип­тің ықпал ететінін алға тартуға болады. Түрмеде жазасын өтегеннің бүгін­гі таңда жұмыс табуы, ортамен қарым-қатынасы, ары қарай аяқтан тұруы қиын. Дегенмен араларында об­лыстардағы ҚАЖ бөлімдеріне тірке­ліп, бизнесін бастап, жетістікке жет­кен­дері бар. Бәріне қоғам мен жа­қын­­ның демеуі керек. Психологтар да алдымен отбасының сенгені, алға жетелегені қажет дейді. Осы тұрғыда олар Үкіметтік емес ұйымдар мен бейім­деу орталықтарының көмегіне зәру.

 

Айбике ЖАНАСЫЛ