Мәдениет және спорт вице-министрі ұсталды деген сөз шықты
Мәдениет және спорт вице-министрі ұсталды деген сөз шықты
YEDILOV ONLINE Telegram-каналында Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековтің жемқорлық қылмысына күдікті ретінде ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. Онда шенеуніктің Нұр-Сұлтан – Дубай рейсінен түсірілгені айтылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрбек Нәбиев аталған жайтты растаған жоқ, бірақ жоққа да шығармады.
«Аталған жаңалыққа қатысты қазір ешқандай мәлімет бере алмаймын. Сұрақтарыңызды жұма күні өтетін брифингте қоя аласыздар», - деп жауап берді баспасөз хатшысы Нұрбек Нәбиев.
Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша,  вице-министр Сәкен Мұсайбеков еңбек демалысына шыққан.
«Вице-министрдің ұсталғаны туралы ақпарат жоқ. Сәкен Мұсайбеков 22 ақпан мен 5 наурыз аралығында еңбек демалысына шыққан. Мемлекеттік қызметкерлер еңбек демалысы үшін алдын ала хат жазып, жоспарлы түрде демалысқа шығады», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Сәкен Мұсайбеков 2020 жылдың мамыр айынан бастап Мәдениет және спорт министрлігінде қызмет етеді.