Ардагерлердің ақысын жегендер
Ардагерлердің ақысын жегендер

Несін жасырайық, бүгінде Шымкент қаласының қазына­сында қаржы жетіспеуші­лігі бар. Қаланың 2019 жылғы бюджеті 240 млрд теңгені құраған. Алайда бұл қаржы үшінші мегаполистегі толып жатқан мәселелерді шешу­­ге жеткіліксіз. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр БАҚ өкілдерімен өткізген бри­фингте айтқан болатын.

Бюджеттің жетіспеуі салдарынан әлеуметтік, білім, медицина, ауыл шаруа­шылығы және құрылыс, ком­муналдық саладағы бірқатар мәсе­ле күрделі күйінде қалып тұр. Осы жиында қала әкімінің орын­ба­­са­ры тұрғын үйлерді сатудан қазы­наға 23 млрд теңге құйылады деп жос­пар­лан­ғаны­мен, оның 17 миллиарды түс­пей­тін болғанын атап өткен. Себебі құрылысты аяқтауға қосым­ша қаражат керек болғандықтан, атал­ған үйлер пайдалануға берілмеген.

Сонымен қатар Ербол Садыр қаржы жетіспеушілігі мүмкіндігі шектеу­лі азаматтар мен ардагерлердің мемлекеттен алатын тиісті қолдаула­рына да әсер етіп жатқанын тілге тиек еткен. Әрине, барлық мәсе­ле ақ­ша­ға тіреледі емес пе?! Былтыр Шым­кент­тің кейбір коммунал­дық мәсе­лелерінде және ауыл шаруа­шы­лығында да осындай қаржы тапшы­лығы сезілген.

Шенеуніктің шырылдайтынын­дай-ақ бар. Облыс орталығынан бөлі­ніп шыққанына аз уақыт болған мего­по­листің әлі де жамайтын жыртығы көп. Бір сөзбен айтқанда, «Былай тарт­саң арба сынады, былай тартсаң, өгіз өледінің» кері.

Өкінішке қарай, «қайтсек бюд­жет қорын толтырамыз, әлеумет­тің әлеуетін арттырамыз?» деп отыр­ған билік өкілдерін кей­бір тойым­сыздардың әрекеті ашын­ды­ра­ды. Жуырда Шымкент қалалық про­кура­ту­расында өткен Алқа мәжілісінде бюджетті қалыптастыру кезіндегі көп­теген заңсыздықтың беті ашылды. Мұнда бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігі де назардан тыс қалмады.

Прокуратуралық тексеру кезінде Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық бас­қар­масында мегаполистегі жылу құбыр­лары желілерін қымтау жұмыстарына қазынадан бөлінген 33,2 млн теңге шамасындағы қаржы­ны жымқыру дерегі анықталған. Бұдан бөлек бұған құны 7,3 млн теңге болатын, алайда іс жүзінде атқарылмаған жұ­мыс­тарды қосыңыз. Аталған екі дерек бойынша бүгінде прокурорлар арнайы тергеу жүргізіп жатыр.

Шымкент қаласының прокуроры Мақсат Қожабаев прокурорлық тек­серу барысында былтыр бұл бағыт­та 4 сотқа дейінгі тергеп-тек­серу амал­дарының жүргізілуіне баста­ма­шылық жасал­ғанын атап өтті. Оның ішінде 2 тұлғаға қатысты қылмыстық іс 90 млн теңге залал өндірілуіне байланысты қысқартылыпты. Прокурорлық акті­лер негізінде 10 тұлға әртүрлі жауап­­­кер­­шілікке тартылып, мемле­кет­ке кел­­тірілген 120 млн теңге залал қайта­рылған.

Қолданылған шаралар негізінде 1,9 млрд теңге болатын мемлекеттік сатып алу туралы ашық конкурс қоры­тын­­дысы қайта қаралып, бірқатар ше­­шімнің заңсыз қабылдануына жол бе­рілмеген. Сонымен қатар әле­ует­ті өнім берушілер тарапынан жал­ған құжат ұсынудың 7 дерегі белгілі болған.

Ал «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асырудың заңдылығына жүргізіл­ген тексеру қорытындысында «НТР» ЖШС тарапынан «Қайнар-бұлақ» тұрғын алабында орналасқан мектеп құрылысын жүргізу кезінде құны 52,4 млн теңге болатын жұмыс әлі атқа­­рылмаса да, мәліметке қосылып кеткен. Сондай-ақ «Тур Ахмет» ЖШС №1 клиникалық ауруханасына құны 56,5 млн теңгені құрайтын медициналық құралдарды жеткізбеген. Алқа мәжілісінде жергі­лікті атқарушы органдарға орын алған кемшіліктерді жоюға тапсырма берілді.

Айтайық дегеніміз, осындай қазы­на қаржысын қарпып қалуды көз­дей­тіндер жоғарыда қала әкімінің орын­­басары айтып кеткен мүмкіндігі шек­теулі жандар мен ардагерлердің тиісті көмектерін ала алмай отыруына да «септігін» тигізіп отырғанын сезінсе екен...

 

Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы