СҚО-да жол апатынан төрт адам жарақат алып, бір адам мерт болды
СҚО-да жол апатынан төрт адам жарақат алып, бір адам мерт болды
Солтүстік Қазақстан облысында екі жеңіл көлік соқтығысып, 45 жастағы ер адам көз жұмды. СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы «Жезқазған-Петропавл» автожолының 830 шақырымында болған. Николаевка елдімекеніне бұрылысқа 5 шақырым қалғанда «ВАЗ-21150» автокөлігінің жүргізушісі қарсы келе жатқан «Toyota Land Cruiser 200» көлігімен соқтығысқан. Ресейлік көлікті тізгіндеген Шал ақын ауданы Сергеевка қаласының 45 жастағы тұрғыны оқиға орнында мерт болды. Оның үш жолаушысы, соның ішінде 6 жасар бала да бар, түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
«Қазіргі уақытта осы оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қыста жолда аса мұқият болу қажеттігін көлік жүргізушілерінің есіне саламыз. Жүк көліктерінен кейін қар құйыны пайда болып, көрініс шектеледі. Сол себепті сақтықты ұмытпаған жөн», – дейді Есіл аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Сәкен Рахметов.