Шалғайдағы шағынаудандар газбен толық қамтылады
Шалғайдағы шағынаудандар газбен толық қамтылады
124
оқылды

Шымкент қаласының әкімі, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Әйтенов құрылысы аяқталуға жақын қалған АГРС-3 автоматтандырылған газ стансасының құрылыс жұмысымен танысты.

Газ тарату стансасын аралау барысында қала басшысы бұл нысанның стратегиялық маңызды жоба екенін айтып, нысанды тез­детіп пайдалануға тапсыру қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар әкім жоба жүзеге асқанда шалғайдағы шағынаудандар толық табиғи газбен қамтылатынын атап өтті. Шымкент қаласының табиғи газ көздерінің қуаттылығы АГРС-1, АГРС-4 «Шымкент» 180 000 м3/сағат құрайды. Ал бүгінде қаланың қа­жеттілігі  250 000 м3/сағат құрап отыр. Осы қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында АГРС-3 нысанын салуға шешім қабылданған болатын. Нәтижесінде, 92,2% табиғи газбен қамтылған қала тұрғындарының саны 100 пайызға жетеді. Қазір АГРС-3 нысанның техни­калық құрал-жабдықтары 100 пайыз орнатылып және құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайызға орындалды. Осы жылдың екінші тоқсанына дейін аталған нысанның құрылыс жұмыстары толығымен  орындалып, іске қосу жоспарға қойылған. Бұдан бөлек, АГРС-3 нысаны іске қосылған соң қаладағы әлеу­мет­тік, кәсіпкерлік және өн­ді­ріс­тік нысандары сапалы және үздік­сіз табиғи газбен қамтамасыз етіледі.

 Әбілмансұр ЖАСАН