Сырдарияда сірескен мұз қауіпті ме?
Сырдарияда сірескен мұз  қауіпті ме?
193
оқылды

Оңтүстікте күн жылып, мұз ери бастады. Дәл осы кезде Сыр­дарияда сең қозғалып, тау­­­дан ағар қарғын су қатер төн­­діруі ықтимал. Егер өзен ар­­на­сын сең сөге қалса, апатты ауыз­дық­тауға жауапты ма­ман­­дар тас түйін дайын отыр.

«ҚазСуШар» РМК Қызылорда облыстық филиалы мәліметі бойынша, Сырдарияға секундына 300-ге жуық текше метр су келіп жатыр. Жаңақорған ауданында 7 ақпаннан бері мұз жүру процесі басталса, қазір Шиелі ауданында да сең қозғалысы байқалады. Облыс бойынша Сырдария өзеніндегі мұздың орташа қалыңдығы 20-50 см аралығында. Жауапты мамандар Қызылорда қаласы мен аудандар бойынша елді мекендерді су басу қаупін болдырмау іс-шаралары бекітілгенін жеткізді. Қауіпті учаскелерге қажетті жабдықтар мен техникалар да жіберілген. Су шаруашылығы нысандарын пайдалану ережесіне сәйкес «Қызылорда», «Қазалы», «Ақлақ» су тораптарының барлық қақпақтары ашық және транзиттік режимге көшкен. Су тораптарында тәулік бойы филиалдың диспетчерлері жұмыс істеп, олар сағат сайын ақпарат жеткізіп отыр. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек  Нұрымбетовтің айтуынша, дариядағы су жағдайы су қоймаларына бай­ланысты. Оның ішінде бірінші ке­­зекте тікелей әсер ететін ең үлкен су қой­­масы – «Тоқтағұл».  Жалпы сыйым­­дылығы 19,5 млрд тек­ше метр бо­­латын  қоймада қазір 10,1 млрд тек­­ше метр су бар. Өт­кен жылы 13,1 млрд текше метр бо­лыпты. Ал «Әйтек» су торабындағы жөндеу жұмыстарына сәйкес Қараөзек арнасына 150 текше метрге дейін су жіберілетін көрінеді. Биыл су былтырғыдай жиналған жоқ. Оған жауын-шашынның, қар суының аздығы әсер етуі мүмкін. Әдетінше қырғыз ағайындар жаз айларында «Тоқтағұлға» су жинап, қыс ай­ларында энергия өндіруге пайдаланады. Қазір ол жақтан су көп келіп жатыр. Ертең күн жы­лып, энергияға сұраныс аз болғаннан кейін олар суды азайтып, қысқы энергетикалық ре­жим үшін су жинауды қайта бастайды. Сон­дықтан жаз айларында олар су жіберіп тұру үшін біздің Үкімет оларға энергия өндіруге қажетті тауарларды босатуға келісім жүргізіп жатыр. – Біз үшін өткір мәселе – «Қайраққұмнан» «Шардараға» дейінгі аралықта дариядан судың көп алынып жатқаны. Өзбек ағайындар мақталық алқаптарын шайып жатыр. Оның үстіне, осы аумақтарда жауын-шашын және қардың еруімен табиғи түрде қосылатын су жылғалары да азайған. Болжам бойынша осы кезеңде «Шардараға» секундына 900-950 текше метр су түседі деп есептелсе, қазір 450-500 тек­ше метр ғана. Сондықтан келген суды бірінші кезекте «Шардара» мен «Көксарайға» жинап жатырмыз. Сәуірге дейін екі су қойма­сында 7-7,2 млрд текше метр көлемінде су жинақтап, биылғы егінге пайдаланамыз деген жоспар бар, – дейді инспекция басшысы. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова халық алдындағы есепті кездесуінде биыл «Қараөзек» және «Күмікеткен» су қоймаларының жобалау құжаттамалары аяқталған соң құрылыс бас­тала­тынын айтқан еді. Ал «Қызылорда» мен «Әйтек» су тораптарын қайта жаңғырту және Жалағаш ауданындағы дренаж-суару жүйесін жетілдіру жұмыстары қарқын алды. Сондай-ақ Сырдария өзені арқылы түсетін судың 70%-ке жуығы қыс айларында келетіні ескеріліп, сол суды тиімді жинау үшін қоймалар салу жос­пар­ланып отыр. Сырдария Қыста арнасынан тасып жұртты әбігерге салатын Сырдариядағы мол суды нақ керек мау­сымда, яғни егінге қажет кезде жеткізе ал­маймыз. Мәселен, былтыр су тапшылығын се­зінген диқандар биыл тағы да күріш егіс­тігінің көлемін 5,1 мың гектарға азайтпақ. Енді олар су мөлшерін аз қажет ететін дәнді дақыл­дардың басқа түріне басымдық беруге тал­пынып отыр. Негізі, Сыр өлкесіндегі су тапшылығының байқалғанына үш жылдың көлемі болды. Егін, мал шаруашылығымен айналысатын аймақ болған соң суармалы жерлерге сұраныс жоғары, аяқсуды көп қажет ететініміз белгілі. Оның үстіне, экологиялық қажеттіліктер бар. Жауапты мамандардың айтуынша, Қызылорда облысына  Сырдария  арнасынан  жылына  5,4 млрд текше метр су беріледі. Оның ішінде коммуналдық өндіріске 45 млн текше метр, егін шаруашылығына – 4,174 млрд текше метр, суаруға – 4,159, балық шаруашылығына 10 млн текше метр су жіберіледі. Сондай-ақ экологиялық қажеттіліктерге орай жылына 1,2 млрд текше метр су алынатын көрінеді. Бұл дария табанында және шағын өзендер мен көлдерге құйылып тұратын су көлемі. Осы су лимитінің ішінде егін шаруашылығына қажет­ті су мөлшері жылдан-жылға азайып бара жат­қаны Сыр диқандарын алаңдатып отыр.  Өйткені осы су мөлшеріне қарай егістік көлемі алдын ала жоспарланады. Өткен жылы да  жан-жақтағы  Шардара, Көксарай, Тоқтағұл, Әндіжан су қоймаларын­дағы жинақталған су көлемі 2019 жылмен салыстырғанда төмен екені айтылды. Су тап­шылығына байланысты былтыр облыс бо­йынша 7 100 гектар егіс алқабы қысқаруы тиіс еді. Алайда бұл талап шаруашылықтар тара­пынан дұрыс орындалмады. Жер ананың берген несібесі болса керек, күйген егіс көлемі аса көп емес, егін бітік шықты. Бірақ жаз бойғы су тапшылығы сала мамандарын да, егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерді де әуреге салғаны рас. Соңғы жылдары қалып­тасып жүрген ахуалға байланысты күрішшілер өзара келісім бойынша кезектесіп суару әдісін қолданып келеді. Осылайша, ауызбіршілік пен аза­мат­тықтың арқасында барлық аудан егіс алқап­тарын сақтап қалуға тырысты. Дей тұр­ған­мен, нақ шілденің кезінде дария суы шама­дан тыс тартылып, өзен табаны көрініп қалды. Білуімізше, көрші елдерден 2-3 млрд текше метр қосымша су қоры сұратылды, мәселеге ми­нистрлік те араласты. Алайда біз күткен су көлемі келмеді. Кей жерлерге сусорғы құрыл­ғыларды іске қосса, енді бірі қашыртқы суды қайтадан егіске пайдаланды. Диқандар жоқтан бар жасап, егінді күнге күйдіріп алмай, ысы­рап­сыз жиып алды. Осы жазда су тапшылығы тағы байқалады деген болжам бар. Сол себепті егіс көлемін азайту секілді бірқатар шектеу талабы енгізіліп, Сыр салысын егуді 5 мың гектар жерге азайту ұсынылды. Негізінде, егіндік жер алқаптары шөл және шөлейт аймақтарда орналас­қан­дықтан, ғалымдар күріш экологиялық дақыл екенін жан-жақты түсіндіруде. Демек, егін егіл­мей жер құрғап қалса, жер тұзданып, сорт­аңдану қаупі де жоқ емес. Сондықтан маман­дар инженерлік жүйеге келтірілген жерлерді сақтап қалу үшін су мәселесін реттеу керегін айтып дабыл қағып жатыр. Өйткені Сыр­дарияның жазда тартылуы егінге ғана емес, елге де зарда­бы тиюі мүмкін. Судың жайына алаңдаған жұрттың пікірі осыған саяды.

Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ, Қызылорда облысы