Оңтүстікте күн жылып, мұз ери бастады. Дәл осы кезде Сырдарияда сең қозғалып, таудан ағар қарғын су қатер төндіруі ықтимал. Егер өзен арнасын сең сөге қалса, апатты ауыздықтауға жауапты мамандар тас түйін дайын отыр.
«ҚазСуШар» РМК Қызылорда облыстық филиалы мәліметі бойынша, Сырдарияға секундына 300-ге жуық текше метр су келіп жатыр. Жаңақорған ауданында 7 ақпаннан бері мұз жүру процесі басталса, қазір Шиелі ауданында да сең қозғалысы байқалады. Облыс бойынша Сырдария өзеніндегі мұздың орташа қалыңдығы 20-50 см аралығында. Жауапты мамандар Қызылорда қаласы мен аудандар бойынша елді мекендерді су басу қаупін болдырмау іс-шаралары бекітілгенін жеткізді. Қауіпті учаскелерге қажетті жабдықтар мен техникалар да жіберілген. Су шаруашылығы нысандарын пайдалану ережесіне сәйкес «Қызылорда», «Қазалы», «Ақлақ» су тораптарының барлық қақпақтары ашық және транзиттік режимге көшкен. Су тораптарында тәулік бойы филиалдың диспетчерлері жұмыс істеп, олар сағат сайын ақпарат жеткізіп отыр. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетовтің айтуынша, дариядағы су жағдайы су қоймаларына байланысты. Оның ішінде бірінші кезекте тікелей әсер ететін ең үлкен су қоймасы – «Тоқтағұл». Жалпы сыйымдылығы 19,5 млрд текше метр болатын қоймада қазір 10,1 млрд текше метр су бар. Өткен жылы 13,1 млрд текше метр болыпты. Ал «Әйтек» су торабындағы жөндеу жұмыстарына сәйкес Қараөзек арнасына 150 текше метрге дейін су жіберілетін көрінеді. Биыл су былтырғыдай жиналған жоқ. Оған жауын-шашынның, қар суының аздығы әсер етуі мүмкін. Әдетінше қырғыз ағайындар жаз айларында «Тоқтағұлға» су жинап, қыс айларында энергия өндіруге пайдаланады. Қазір ол жақтан су көп келіп жатыр. Ертең күн жылып, энергияға сұраныс аз болғаннан кейін олар суды азайтып, қысқы энергетикалық режим үшін су жинауды қайта бастайды. Сондықтан жаз айларында олар су жіберіп тұру үшін біздің Үкімет оларға энергия өндіруге қажетті тауарларды босатуға келісім жүргізіп жатыр. – Біз үшін өткір мәселе – «Қайраққұмнан» «Шардараға» дейінгі аралықта дариядан судың көп алынып жатқаны. Өзбек ағайындар мақталық алқаптарын шайып жатыр. Оның үстіне, осы аумақтарда жауын-шашын және қардың еруімен табиғи түрде қосылатын су жылғалары да азайған. Болжам бойынша осы кезеңде «Шардараға» секундына 900-950 текше метр су түседі деп есептелсе, қазір 450-500 текше метр ғана. Сондықтан келген суды бірінші кезекте «Шардара» мен «Көксарайға» жинап жатырмыз. Сәуірге дейін екі су қоймасында 7-7,2 млрд текше метр көлемінде су жинақтап, биылғы егінге пайдаланамыз деген жоспар бар, – дейді инспекция басшысы. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова халық алдындағы есепті кездесуінде биыл «Қараөзек» және «Күмікеткен» су қоймаларының жобалау құжаттамалары аяқталған соң құрылыс басталатынын айтқан еді. Ал «Қызылорда» мен «Әйтек» су тораптарын қайта жаңғырту және Жалағаш ауданындағы дренаж-суару жүйесін жетілдіру жұмыстары қарқын алды. Сондай-ақ Сырдария өзені арқылы түсетін судың 70%-ке жуығы қыс айларында келетіні ескеріліп, сол суды тиімді жинау үшін қоймалар салу жоспарланып отыр.Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ, Қызылорда облысы