Сотта ақталатын адам аз
Сотта ақталатын адам аз
192
оқылды

«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші, жаза басып, істі болған­дар­ жазасын алуы тиіс. Бірақ жазық­сыз жандардың ақталып шығуы біздің елде қиын болып тұр. Бұл көрсеткіш аз да емес, көп те емес, жыл сайынғы сот үкім­дері­нің 1-3%-ына тең. Соңғы екі жыл­да өсу тенденциясы байқалады. Әйтсе де, бұл дамыған елдердегі 20%-дық көр­сет­кіш­пен салыстырғанда мардымсыз. Ен­деше еліміздің сот жүйесінде ақтау үкі­мі не­ге аз?

Сот – құқық қорғау органы емес

Заңгерлер бұл проблема ең бірінші кезекте сот жүйесін айыптауға бейім тұратын позиция­мен байланысты екенін айтады. Олар өздерін еліміздегі құқық қорғау жүйесінің бір бөлшегі ре­тінде санап, қылмыспен күресіп жатырмыз деп есептейді. Ал негізінде сот – биліктің тәуел­сіз бір тармағы. Конституция бойынша солай. Бі­рақ өкінішке қарай елімізде құқық қорғау ор­гандары оларға үлкен қысым көрсетіп отыр. Олар бірінші кезекте – прокуратура, одан соң ай­тарлықтай дәрежеде жемқорлыққа қарсы күрес органдары мен Ұлттық қауіпсіздік коми­теті. Бұл тізімде белгілі бір дәрежеде полицияны да атап өтуге болады. «Сот жүйесі Конституцияға сәйкес, тәуелсіз болуы керек. Соның ішінде, бірінші кезекте, би­ліктің атқарушы тармағынан дербес қалуы тиіс. Олар құқық қорғау органдарының жете­гінде кетпеу қажет. Сонда ғана ақтау үкімінің қатарын арттыруға болады. Бірақ оның өзінде де судьялар «егер ақтап алсам, пара алған деген кү­мән тудыруым мүмкін» деген ішкі  кедергіден арылуы керек», – дейді адвокат Мейірман Ша­кеев. Адвокаттар еліміздегі жағдайды Грузиямен жиі салыстырады. Бізде қылмыстық қудалау са­ласында әділетсіздік көп екенін айтады. Онда ақтау үлесі 8 пайыздан жоғары. Өйткені онда алқабилер соты өте кең жолға қойылған. Соның ар­қасында объективті шешімдер көп. Бұл дәре­жеге ол елдің бірден келмегенін білеміз.

Ақтау үкімі – бағалау көрсеткіші емес

Таяуда Жоғарғы Cот 2020 жылдың қоры­тын­дысын шығарды. Былтыр қылмыстық істер бойынша республика соттарына 37 758 қыл­мыс­тық іс түскен екен. Алқабилердің жүктемесі бұрын­ғысынша 45 іс болып өзгеріссіз қалса, тергеу судьялары қараған материалдар саны 8,2%-ға артып, шамамен 100 мың болыпты. Өт­кен жылы сондай-ақ қамаққа және үйқамаққа санк­ция беруден көбірек бас тартылған. Осын­дай көрсеткіштермен алғанда, еліміздің жағ­дайы «Түрме индексінде» 5 позицияға жақсарып отыр. «2020 жылы сотталғандар саны 10%-ға артты. 27 мыңнан 30 мың адамға көбейді. Қыл­мыс­тар бойынша ақтау үкімдері 2019 жылмен салыстырғанда 3,3%-ға көбейді. Соттардың қыл­мыстық істерді тоқтатуы сотқа дейінгі қыл­мыстық қудалау органдарының оңалтуға ке­летін және келмейтін негіздер бойынша ақтау әре­кеттерімен байланысты. Сондай-ақ сотқа дейін­гі іс жүргізу органдарының әрекетіне (әре­кетсіздігіне) шағымдар 1,8%-ға көп қаралды, олар­дың үштен бірі қанағаттандырылып, 1 231 ше­шім заңсыз деп танылды. Жәбірленушілердің өтемақы қорына 1 млрд теңгеден астам қаражат өн­дірілді», – деді Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Әбдірашид Жүкенов. Ақтау үкімі жыл сайын артып келе жатқаны рас. Бас прокуратураның статистикасына көз жү­гіртсек, 2015 жылы 48 865 қылмыстық іс қа­ралып, 149 ақтау үкімі шығып, 478 адам ақ­тал­ған екен. Ал былтыр 37 758 іс қаралып, 329 ақтау үкі­мі шығып, 905 адам ақталған. Әрине, ақтау үкі­мін шығару оңай шаруа емес. Бұл – көптеген жағ­дай сараланып барып қабылданатын шешім. Сон­дықтан да еліміздің сот жүйесін шетелдік көр­сеткіштермен салыстырған кезде мұндағы сот төрелігін жүзеге асыру принципі мен құқық­тық жүйелердегі айырмашылықтарды ескеру қажет екен. сот «Мәселен, АҚШ немесе Еуропа елдерінде ақтау үкімдерінің үлесі шамамен 20-30% деп жатады. Бірақ сол Американың өзінде келіп түс­етін істердің 90%-ы ерекше, яки «келісіммен жүзе­ге асып жатқан» істер болып келеді. Онда айып­талушы тергеуге көмектесуге келісім бер­гендіктен, өзіне тағылатын айыпқа толықтай ке­ліседі. Сондықтан бұл жерде ақтау туралы сөз болмайтыны екібастан. Ал қалған 10% іске қа­тысты ақтау үкімінің үлесі салыстырмалы түрде көп болып көрінетіні сондықтан. Сондықтан да біздегі көрсеткішті шет елдермен салыстыру орынсыз», – дейді Жоғарғы Сот судьясы Гүлнар Мергенова. Судьяның айтуынша, Қазақстанда істердің үштен бірі оңалтуға келмейтін негіздер бойынша тоқтатылады да, соттың қаулысымен рәсім­де­ле­ді. Осылайша, ақтау үкімінің статистикасына енбей қалады. Ал істердің белгілі бір пайызы сотқа дейінгі тергеу барысында тоқтатылады. Бұл да ақтау үкімінің көрсеткішіне әсер етеді. Сондықтан да осы мәселелерді шешіп алмай, ақ­тау үкімінің пайызын көтеру туралы сөз қоз­ғау артық. Ал ақтау үкімінің пайызын судьяның жақ­сы жұмыс деңгейінің көрсеткіші ретінде қа­рау да мүлдем дұрыс емес. Сондай-ақ «ақтау үкі­мін шығарсам, айыпталушыдан пара алған деп күмәндануы мүмкін деген қорқыныш бар» деген тұжырымдар да негізсіз.

Тоғыз жылда бір-ақ үкім

Заңгерлердің көпшілігі, Жоғарғы Соттың қа­зіргі төрағасы Жақып Асанов келгелі бұл инс­титутта көптеген өзгеріс болып жатқанын ай­тып отыр. Өйткені 2015-2017 жылдары бұл көр­сеткіш қатты төмендеп кеткен. Мәселен, 2016 жылы Алматы қаласы бойынша қабыл­дан­ған 5 000 істің арасынан тек 1-ақ іске ақтау үкімі шы­ғыпты. «Мен 2002 жылдан бері қылмыстық істер са­ласында қорғау қызметімен айналысып ке­ле­мін. Осы 9 жылдың ішінде 2-ақ рет ақтау үкіміне қол жеткізіппін. Оның өзінде де бір үкімді ап­пеляция кезінде күшін қайтадан жойып тас­тады. Сонда тоғыз жылда бір-ақ рет ақтау үкімін шы­ғарта алыппын. Ал бүкіл қызмет тарихында бір­де-бір ақтау үкіміне қол жеткізбеген ад­во­каттар бар. Адвокаттар емес-ау, өмірінде ақтау үкі­мінің не екенін білместен өткен судьялар да бар. Бұл енді өте ұят нәрсе!», – дейді адвокат Джо­хар Утебеков. Адвокаттың айтуынша, соңғы екі жылда қыл­мыстық істердің саны  азайып кеткен. Бұл жаңа төрағаның соттың жұмысын күшейтіп, кез келген істі қарай беруге тыйым салған тала­бы­мен байланысты болуы мүмкін. Өз кезегінде бұл прокуратура мен полицияның да дүниетаны­мы­на менталды әсер етіп отыр. Олар да істі қа­лай болса солай жасақтап, сотқа тасуды қой­ды. Істердің сапасы көтеріле бастады. Мұндай корреляция құқық саласындағы соттың рөлі қандай екенін көрсетеді. Енді осыған қоса ақтау үкімдерінің үлесі артатын болса, құқық қорғау органдары бұдан да әрмен жинақтала түсер еді. «Ақтау практикасы жоқ деген сөз жазықсыз жан жаза арқалап кетті дегенді білдіреді. Ондай прак­тика менің тәжірибемде көп кездесті. Судья­лардың қанша жерден айғақтар жеткілік­сіз, дәлелдер жетімсіз болса да, ақтамау үкімін шы­ғармау үшін ең жеңіл деген жазаны қол­дан­ған кездері көп. Ол айыппұл түрінде де, нақты бас бостандығымен айыруға қатысы жоқ шарт­ты жаза мерзімі түрінде де болды. Осылайша, олар гуманизм таныттық деп есеп те беріп жат­ты. Ал оны қанша жерден жеңіл жаза десек те, бір адамның тағдырына сызат түсті, беделіне нұқсан келді емес пе? «Сотталған» деген атақ оған өмір бойы жүретін болады», – дейді Джо­хар Утебеков. Қаралған істердің жалпы санымен салыс­тырғанда, ақтау үкімдерінің үлесі әлі де болса өте төмен десек те, соңғы жылдардағы тенден­ция иненің жасуындай болса да үміт сыйлап отыр. Оған күні кеше Жоғарғы Сот судьясының жем­қорлық іс бойынша қолға түскенін қо­сыңыз. Адвокаттар бұл тұрғыда Жоғарғы Сот кеңе­сінің судьяларды іріктегенде белгісіз прин­цип­терді басшылыққа алып, біліктілігі күмәнді адамдарды тағайындауға ұсынатынын айтады. Бұл – дұрыс емес. Сондықтан да бұл салаға қо­ғам­дастық тарапынан қатаң қадағалау және ре­фор­ма жүргізетін уақыт келген сияқты.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИ