Қажетті өнімнің 70 процентін сырттан тасымалдайтын құрылысшылар жергілікті биліктен бағаны тұрақтандыруды сұрап отыр.
Түркістанда соңғы кезде құрылыс материалдарының бағасы 25-30 процентке бір-ақ көтерілді, – деп жазады 24.kz. Әсіресе арматура, төбеге қажетті металл жабындылардың бағасы аспандап кетті. Цемент – 15, ал ішкі әрлеу жұмыстарының материалдары 17 процентке өскен.Өңірде құрылыс материалдарын өндіретін 50-ге жуық кәсіпорын бар. Бірақ олардың дені шағын болғандықтан сұранысты толық өтей алмайды. Мұның үстіне көбі қыс мезгілінде жұмысын тоқтатып қойған. Сондықтан өңірде құрылысқа қажетті өнімнің біразы сырттан тасымалданады. Мұның бәрі баспана бағасының шарықтауына себеп болып отыр.Құрылыс компаниясының басшысы Арман Сейітов: «Биыл арматураның бағасы 30-40 процентке көтерілді. Одан кейін қызыл кірпішті былтыр 33 теңгеден алсақ, биыл – 56-57 теңге. Жабын төсемелер, сыртқы қасбеттің материалдары, жылу ұстағыш материалдардың бағасы 20-30 процентке көтеріліп кетті», – дейді.
Қазір Түркістанда 122 нысан салынып жатыр. Мұның жартысына жуығы баспана екен.Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Төлегенов: «Былтыр 160 мың теңгеден шаршы метрі болды тұрғын үйдің, ал қазіргі таңда 200-220 мың теңгеге шығып отыр нарықтағы бағасы. Мұнан бөлек жеке инвесторлар есебінен салынып жатқан үйлерге олар өздерінің тағы құнын қосып, 240 мың теңге, тіпті одан да жоғары баға қойып отыр», – деді.
Бұған дейін жаңадан салынған Түркістан әуежайының мәселесін жазған болатынбыз.