Түркіге ортақ телеарна
Түркіге ортақ телеарна
155
оқылды

Наурыз мерекесі қарсаңында  Түр­­кістан қаласында мемлекетіміз үшін өте маңызды үш тарихи шара өте­ді. Атап айтсақ, Түркістанның тө­рін­де өтетін Саммитте түркі әлемінің бас­шылары бас қосады. Түркіс­тан­ның түркіге ортақ төл телеарнасы Tur­kistan іске қосылады және Түр­кіс­тан облысының жаңа 17-ші ауданы – Сау­ран ресми ашылады. Мұның бәрі Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөке­евтің жыл  қорытындысы бо­йын­ша халыққа берген есебінде ай­тылды.

Есеп беру жиынында атқарылған жұ­мыстар мен қол жеткен жетістіктер мен ал­дағы айқын міндеттер төңірегінде ай­тылды. Тікелей эфирді 100 мыңға жуық адам тамашалады. Үш мыңдай сауал түсті. Пандемияға байланысты биыл есептік кездесу онлайн форматта, карантин талап­тарына сай ұйымдастырылған. Түркістан қаласындағы жаңадан бой көтерген Кон­гресс холл көпфункционалды концерт за­лында өткен  Шөкеевтің есептік кездесуі об­лыс әкімдігінің ресми сайты мен әлеу­меттік желі арқылы тікелей эфирде көр­сетілді. Жиынды облыстық мәслихаттың хатшысы Қ. Балабиев жүргізді. Өмірзақ Шөкеев: «Әкімдердің халық ал­дында есеп беруі Елбасының Жарлы­ғымен 2005 жылдан бастап дәстүрлі түрде өт­кізіліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыр­күйектегi Қазақстан халқына Жол­дауында атап өткендей, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру жұмыстары жалғасуда. Өткен жыл барысында өзім және орынбасар­ларым, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері, облыс тұрғындарының өтініші бойынша 3 940  азаматты жеке қабыл­дап, нәтижесімен, елдің қажетті экономи­калық әлеуметтік мәселелерін талқылап, шешу жолдарын қарастырдық», – деді. Өткен жылы тұрғындардан 63 мыңнан астам өтініш түскен. Барлық аудан, қала орталықтарында «Фронт-офис» кеңселері ашылған болса, басқармалар үйінің ғимаратында облыстық «Ашық әкімдік» кеңсесі өз жұмысын бастаған. Кеңседе 21 басқарма және тікелей мемлекеттік қызмет көрсететін 16 басқарманың жауапты қыз­меткерлері жұмыс істейді. Нәтижесінде, тұрғындардың өтініш-шағымы 26 пайызға азайды. «Бүгінде облыстағы 100 мыңнан астам көпбалалы отбасы ай сайын жәрдемақы алады. 2020 жылы жоспарланған 50 мыңдай көпбалалы отбасының 39 мыңы атаулы әлеуметтік көмекке жүгініп, оларға 14 млрд теңгеге көмек тағайындалған. Биыл 52,4 мың отбасына немесе 290 мыңға жуық адамға атаулы әлеуметтік көмек үшін 26,1 млрд теңге бағытталады. 18 жасқа дейінгі балаларға жалпы сомасы 13,7 млрд теңгеге кепіл­дендірілген әлеуметтік пакет қара­жаты бөлінеді. Мүгедектігі бар азаматтарды оңалтудың жеке бағдарламаларының орындалуын 85 пайызға жеткізу көзделген», – деді облыс әкімі өз сөзінде.

141 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бар

Жалпы, өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылы 535,2 млрд теңге болған. Биыл бұл көрсеткішті айтарлықтай арттыру көзделіп отыр. Түркістан облысында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъек­­тілерінің саны 141 мыңға жетіп, онда 218 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл секторда 555 млрд теңгенің өнімі өн­діріліп, өткен кезеңмен салыстырғанда, 15,6 пайызға ұлғайды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 29 млрд теңге болатын 287 жоба қаржы институттары арқылы қаржыландырылды.  «Орталық Азия» халықаралық сауда-эко­номикалық ынтымақтастығы орталығын құру мақсатында Сарыағаш ауданында 200 гектар аумаққа сауда орталығының құ­рылысын салу жобасы әзірленеді. Айта кету керек, инвестициялардың өсу көрсеткіші бойынша Түркістан облысы республикада 1-орынға ие болған.

Дәрігерлер табандылық көрсетті

«Пандемияда коронавирус індетін жұғу қарқынын ауыздықтап, таралуын тоқтату және науқастарды емдеуде қарқынды жұмыстар атқарылды» деген облыс бас­шысы «Өңірде дәрі-дәрмек пен меди­циналық бұйымдардың екі айлық қоры құрылғанын» жеткізді. Айтуынша, былтырдан бастап өңірде денсаулық сақтау саласында 78,5 млрд теңгенің 7 нысаны салынуда. Түркістан қаласында жаңа үлгідегі 200 орындық жаңа үлгідегі көпсалалы медициналық орталық пайдалануға берілді. Өңірде 729,7 млрд теңгенің ауыл шаруа­шылығы өнімі өндірілді. Осылайша, Түркістан облысы елімізде үшінші орында тұр. Негізгі капиталға 58 млрд теңге ин­вес­тиция тартылып, 13 пайызға артқан. Яғни, республикадағы үлесі 10,1 пайызға жеткен. Өңделген экспорттың көлемі 105,1 млн АҚШ долларына жетіп, 47,6 пайызға артқан. Бұдан бөлек, ағын су тапшылығын шешу мақсатында ірі су нысандары құ­рылыстары жүргізіліп жатқаны әңгімеге арқау болды. Тұрғын үй құрылысы 7 568 мың шаршы метрге жеткізіледі. «Елімізде өзекті болып отырған баспана беру мәселесіне басымдық беру керек. Осыған орай, 735,5 мың шар­шы метр тұрғын үй іске қосылып, тапсырма 18,6 пайызға артығымен орындалды», – деді әкімі Өмірзақ Шөкеев. – Бұл жылы құрылыс көлемін 335 млрд теңгеге жеткізіп, тұрғын үй құрылысы 7 568 мың шаршы метрге жеткізіледі» деп, мектеп, балабақша, денсаулық сақтау, спорт, мәдени нысандар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы, жолдар, ауызсу жүйелерін жаңарту жоспарлары туралы айтты.  «Басына қиын іс түскен бірде-бір адам қамқорлықсыз қалмады. Бұл халқымыздың біртұтас ел екенін дәлелдеді. Мақтаарал ауданындағы қазіргі жағдай тұрақты», – деді Өмірзақ Шөкеев. Былтыр Мақтаарал ауданында болған техногендік сипаттағы төтенше жағдайға ел болып жұмыла кірісіп, қиындық көрген­дер баспана, қаржылай көмектер көрсе­тілген. Соңғы жылдары болған апатты жағ­дайларды негізге ала отырып, ел аумағында тұңғыш рет Түркістан облысында төтенше жағдайдың алдын алу бойынша Анти­кризистік карта жасалды. Облыс әкімдігі жанынан құрылған Ситу­ациялық орталық пен облыстық ТЖД бірлесе отырып жасаған картаға сәйкес, облыс аумағында 200-ден аса болуы ықтимал төтенше жағдай сипатталған.

Түркістан – әлемдік туризм ордасы

Түркістан қаласында туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі турис­терге тартымды ету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Өмірзақ Шөкеев осы салада қолға алынатын жобалар туралы айт­ты. Облыс әкімі биыл туристер ағыны мен келушілер саны 2 миллионға дейін арта­тынын айтып, бауырлас көрші елдер­мен осы бағытта қарым-қатынас орнатып, көптеген жобаның қолға алынғанын жет­кіз­ді. Түркістан қаласын түркі әлемінің ру­ха­ни орталығына айналдыру және турис­терді тарту мақсатында Қ.А.Ясауи кесене­сінің айналасы ашық аспан астындағы мұражайға айналатынын және қонақтарды қызықтыру үшін өңірдегі барлық тарихи орын­дардың да маңызы зор екенін тілге тиек етті. Түркістан қаласының тарихи орта­лығында жергілікті халықпен турис­терге облыстың туристік нысандары, оның ішінде тарихи-мәдени, емдік-сауықтыру, табиғи орындары бойынша «Бір терезе» қағидасымен ақпарат ұсынатын қабылдау орталығы ашылды. Түркістан қаласының бас жоспарына сәйкес, облыста алғаш рет 7 700 гектар аумаққа Жасыл белдеу құры­лып, өткен жылы 2 400 гектар аумаққа 1 млн-нан астам көшет отырғызылды.  «Елбасының тапсырмасына сәйкес, наурыз айында Түркістан қаласында Түр­кітілдес мемлекеттер басшыларының сам­митін өткізу үшін дайындық жұмыстары бас­талды. Бұл іс-шара күллі түркі халық­тары­ның рухани-мәдени орталығы – Түр­кістан қаласының туризмін жаңа бағытта да­мытуға, туристердің көптеп келуіне ық­пал етеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев: «Әрбір халық, әрбір тәуел­сіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақ­тылап алуы керек. Қазақстанның ру­хани орталығы – Түркістан. Ол – қазақ елі­нің рухани жүрегі» – деп атап көр­сет­кендей, баршаңызды облысымыз бен Түр­кістан қаласын қайта түлетіп, дамуы үшін өз үлестеріңізді қосуға шақырамын», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев. Облыс басшысы түркістандықтарға жаңа «Сауран» ауданының құрылатынын жеткізді. Облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілгелі бері Кентау қаласына оның бұрынғы 12 ауыл округі берілген. Жаңа ауданға қосылатын 12 ауыл округ­терге заң талаптарына сай тиісті құжаттар рәсімделуде. Қорытынды құжаттар Үкімет пен Президенттің қарауына жіберіледі. «Сауран» ауданы 2021 жылы Наурыз мере­кесі қарсаңында құрылмақ.  «Елбасының идеясына, жобасына бай­ланысты Түркістан түркі әлемінің рухани орталығына айналуда. Түркістанда көп­теген БАҚ ашылып, қанат жаяды. Осының бәрін ескеріп, біз жаңа Turkistan теле­арнасын құруды қолға алдық. Жаңа теле­арна медиа холдинг қарамағында дамиды. Журналистер үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Орталық заманауи тех­никамен толық жабдықталған. Үлкен жұ­мыс бас­талып кетті. Turkistan телеарнасы ха­лық­аралық деңгейде дамиды деген ой бар. Жақын арада ашылатын телеарна, түр­кітілдес елдердің тілінде ақпарат тара­татын бірден-бір арна болмақ»,– деді облыс әкімі. Өмірзақ Шөкеев есептік кездесуінен соң жеке қабылдауына жазылған азамат­тарды қабылдады. Онлайн форматта өткен қабылдауда өңір тұрғындарының өтініші сан алуан болды. Түркістандықтар әлеу­меттік көмек, тұрғын үй, жол жүргізу бо­йынша өтініштерін айтып, көмек сұрады. Азаматтардың басым бөлігінің өтініші қабылдау барысында шешімін тауып, жауапты тұлғаларға жүктелді.

Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы