Желіде Болат Бақауовтың ұсталғаны жайлы ақпарат тарады
Желіде Болат Бақауовтың ұсталғаны жайлы ақпарат тарады
109
оқылды

Әкіммен бірге оның көмекшісі де ұсталған.

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовты тұтқындады. Қазақстандықтар бұл ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы белсенді түрде таратып жатыр деп хабарлайды nur.kz.

Бұл ақпаратты бірнеше telegram-каналдар хабарлаған болатын. Олардың арасында саясаттанушы Ерлан Еділов пен блогер Аида Жексеннің арналары да бар.

Әкімнің баспасөз қызметі әзірге бұл мәселеге қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.

Болат Бақауов 2016 жылдың наурыз айында Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды. 

Еңбек өтілін 1988 жылы Железин ауданы «Советский Казахстан» совхозының автогаражының жұмысшысы, жүргізушісінен бастаған. Железин ауданының «Бақауов» шаруа қожалығының басшысы болды, кәсіпкерлік қызметпен айналысты.

2011-2014 жылдар аралығында Ақсу қаласының әкімі, кейін Павлодар қаласының әкімі болып жұмыс істеді.

Айта кетейік, Vlast.kz порталының хабарлауынша, ҰҚК қызметкерлері Болат Бақауовты облыс әкімдігінде өткен жиында ұстаған.

Бақауов пен оның көмекшісі алдын ала мәліметтер бойынша сыбайлас жемқорлыққа күдікпен ұсталды. Әкімдік ғимаратын қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жауып тастады, іздестіру жұмыстары сол жерде, сонымен қатар облыс әкімінің үйінде жүргізілуде. Дерек көздеріне сүйенсек, Павлодар облысы әкімінің орынбасарларының бірі де ұсталған.

Дегенмен, ҰҚК Бакауовтың ұсталғаны туралы ақпаратты жарияламады. Департаменттің баспасөз қызметі Vlast.kz тілшісінің қоңырауларына жауап бермеген.

Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі олардың ұсталғандар туралы ақпараты жоқ екенін айтты.