Қаза тапқан бес баланың туыстары бүкіл елге үндеу жасады
Қаза тапқан бес баланың туыстары бүкіл елге үндеу жасады
99
оқылды

Жамбыл облысында түтінге тұншығып қаза тапқан бес баланың туыстары жараның бетін тырнай бермеуді сұрайды, – деп хабарлады КТК телеарнасы.

«Ешкімге кінә тақпаймыз, болар іс болды, оған көндігуден басқа амалымыз жоқ» деген олар бұдан былай бұл мәселені қозғамауды сұрайды.

Өйткені айтылған сайын бес перзенттің ата-анасына ол ауыр соққы. Осылай деп қайғы жұтқан отбасы КТК телеарнасы арқылы бүкіл елге үндеу тастады.

Болған жағдай ел тұрғындарының қабырғасын қайыстырғаны жасырын емес. Үш күннен бері қайғыдан қан жұтқан отбасыға жер-жерден көңіл айтылып жатыр. Бірақ оқыс оқиғаға анасын, қала берді әкімдікті айыптағандардан мезі болдық дейді қаза тапқан балалардың туыстары. Тіпті кейбірі жалған мәлімет таратуға кіріскен деп күйінеді. Сондықтан біздің арна арқылы ақпаратты бұрмалаушыларға үндеу тастады.
– Әлеуметтік желіде анау-мынау деп, сан-саққа жүгіртіп, қитұрқы іс жасап жатқандарға да айтарым тоқтатыңдар, осымен қоя қойыңдар. Біз соның бәрін естіген сайын жүрегіміз сыздап жатыр. Бізге берген көмектеріңіз сол болсын,– дейді марқұм балалардың туысы Саидмұхаммед Әбдумәліков.
Қаралы отбасының уәжін жеткізген Саидмұхаммед Әбдумәліков «бұл біздің бірінші әрі соңғы мәлімдемеміз болса»  дейді. Бұдан былай ешкім бізді мазаламағаны, жағдайға түсінікпен қарағаны дұрыс деген пікір айтты. Сондай-ақ ол өрттің неден шыққанын айтып берді.
– Балалар ойнап сіріңкемен от жаққан. Содан болып тұр ғой. Басқа – электр тоқ, газ, буржуйка себеп болған деп біреулер айтып жатыр. Оның бәрі өтірік. Қайғылы жағдай болған үйдің ауласы лентамен қоршалып, далада полицейлер күзетіп тұр. Өйткені пәтердегі өрттің неден шыққанын анықтау үшін  іште тергеушілер үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Тек осы кіреберістің тұрғындарына ғана үйіне кіруге рұқсат берілді, – дейді ол.
Оқыс оқиға болған баспанаға бес баласынан айырылған отбасы енді оралмайды. Себебі осы жерде тұру қайғыдан қан жұтқан жандарға ауыр соғатынын ескерген туыстары  ерлі-зайыптыны жаңа үйге қоныстандыруды ұйғарыпты. «Бізге моральдық, психологиялық көмек болмаса, қаржылай қолдау қажет емес», – дейді қаралы отбасы. Дегенмен жылу жинауға ниет білдірген көпшілікке алғысын білдірді. Ал өздерінің де ерлі-зайыптыға баспана алып беруге мүмкіндігі бар екен. Бірақ сонда да жас отбасыға демеушілер көмегімен пәтер берілетін болыпты.
– Өңірдегі мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақысын аударатын болды. Ата-анасына демеушілер үш бөлмелі пәтер берді. Сарысу ауданының кәсіпкерлері баспанаға қажет жиһаз бен техниканы алып берді. 3 миллион теңгеден астам қаржы жиналып, материалдық көмек көрсетілді ,– дейді Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы Олжас Сайлаубекұлы.
Үш күн бұрын Жаңатастағы көпқабатты үйдің бірінде өрт болып,  үлкені 6 жаста, кенжесі 7 айлық бес бала түтінге тұншығып көз жұмған. Әкесі жұмыста, анасы дүкенге шығып кеткенде балалар үйде қалған. Полицейлердің алғашқы болжамы  бойынша от сіріңкеден тұтанған. Қазір өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Сенбі күні марқұмдар жер қойнына тапсырылды. Ал бес перзентінен бірдей айырылған ерлі-зайыпты Үшарал ауылындағы туыстарының үйінде. Олар психологтардың жіті бақылауында.