Несие алғанын күйеуінен жасырып, полицияға өтірік айтқан әйел 5 жылға дейін сотталуы мүмкін
Несие алғанын күйеуінен жасырып, полицияға өтірік айтқан әйел 5 жылға дейін сотталуы мүмкін
114
оқылды

Алматы облысында несиесін төлеген әйел үйінен ақша ұрланғанын айтып полицияға жалған ақпарат берген, – деп жазады «ҚазАқпарат».

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Талғар ауданында болған.

39 жастағы әйел полицияға арызданып, үйінен 100 мың теңге жоғалғанын айтқан.

Полиция осы факті бойынша іс қозғап, тергеу жүргізген. Бірақ тергеу соңында ешқандай ұрлықтың болмағаны анықталған.

Шағымданушы өзінің түсініктемесінде шатасып, оқиғаны әртүрлі етіп, құбылтып айтқан. Ол қылмыстың болмағанын өзі ашып берген.

«Ешқандай тонау фактісінің болмағанын, полицияға жалған ақпарат бергенін ол соңында мойындады. Анықталғандай, әйел адам несие алған. Несиені үйдегі қаражатпен төлеген. Бірақ оның несие алғандығы жөнінде күйеуі білмеген. Ол үйде жанжал болады деп, несие төлеген ақшаны ұрлап кетті деп ойдан шығарған», – деді полицей.

Енді тонау фактісі бойынша іс тоқтатылып, полицейлер жалған ақпарат берген әйелдің үстінен ҚР ҚК 419-бабының 2-тармағына сәйкес іс қозғады. Аталған бап талаптары бойынша күдікті 4 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.