Ақмола облысында тұрғын үйде өрт шығып, екі адам қаза тапты
Ақмола облысында тұрғын үйде өрт шығып, екі адам қаза тапты
132
оқылды
Ақмола облысында өрттің салдарынан әкесі мен баласы қаза тапты. Қайғылы оқиға бүгін түнде Зеренді ауданының Алексеевка ауылында болған, – деп хабарлады ауыл әкімдігі.  Ер адам өрттен алып шығып үлгерген тағы бір бала ауруханада жатыр. Алексеевка ауылы Көкшетау қаласынан отыз шақырым жерде орналасқан. Түнгі сағат үште өрт сөндіру қызметіне тұрғын үйдің өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына бес өрт сөндіру көлігі келген, бірақ адамдарды құтқарып үлгермеген. Қайтыс болған 30 жастағы ер адамның туыстарының айтуынша, өртке оранған үйде әкесі 6 және 1 жасар екі баласымен бірге тұрған. Ал анасы ауруханада емделіп жатқан. Ер адам кеніште автослесарь болып жұмыс істеген. Түнде өрт шыққан кезде ер адам кіші ұлын көрші үйде тұратын қайын атасына апарып үлгерген. Әке жалаң аяқ жүгіріп келген. Баланы сонда қалдырған ол үйіне қайта барған. Туыстары ер адамның өртеніп жатқан үйге жүгіріп кіргеніне, артынан қатты дауыс шығып, газ баллонының жарылғанына куә болған. Оқиға орнына келген құтқарушылар әкесі мен баласының мәйітін тапқан. Газ баллоны жарылған кезде ер адам ұлын денесімен жауып қалған, алайда екеуі де сол жерде мерт болған. Қазіргі уақытта аман қалған сәби әжесімен бірге ауруханада жатыр. Ауыл тұрғындары, еріктілер, әкімдік пен кеніш қызметкерлері ақша жинап, жерлеу рәсімін ұйымдастырумен айналысып жатыр. Бұған дейін Жамбыл облысында үй өртеніп, 5 бала қаза тапқанын жазған болатынбыз.