Әйелінің көңілдесін өлтірген ер адам 9 жылға сотталды
Әйелінің көңілдесін өлтірген ер адам 9 жылға сотталды
114
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/3 мекемесінде жазасын өтеп жатқан ер адам әйелінің көңілдесін өлтіргеніне өкінеді. Қызғаныштан адам өлтірген ол 9 жылға сотталды,– деп хабарлайды СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметі. Кирилл есімді ер адам әйелінің көңілдесін өлтіргені үшін ЕС-164/3 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Оля мен Андрей бір-біріне мектепте оқып жүріп, ғашық болады. 2,5 жылдай жұптары жазылмаған қыз бен жігіттің мектеп бітірісімен жолдары екі айырылады. Екі қалаға жоғары оқу орнына түскен олар сол жақта шаңырақ көтереді. Андрей көп ұзамай әйелімен ажырасып кетеді. Оляның да бақыты баянды болмай шығады. Күйеуі ішімдікке салынады. Оля мен Андрей кездейсоқ кездеседі. Ер адам жұмыс бабымен жақында көшіп келген екен. Ғашықтар қайта кездесе бастайды.
"Арақ ішкенді қойып, жұмысқа орналастым. Жағдай түзеліп келе жатқандай болып еді. Бірақ әйелімнің суып кеткенін сездім. Себебін кейін білдім. Үйге әдеттегіден ерте келдім. Оляны көңілдесімен көргенде қызғаныштан өртеніп кете жаздадым. Ақылымнан адастым", – дейді Кирилл.
Әйелінің көңілдесін пышақтап өлтірген Кириллді сот 9 жылға соттады.
«Әйеліммен ашық сөйлеспедім. Бірге тұра алмасақ, ажырасуға болар еді. Ия, мен кінәлімін, бірақ әйелімді де ақтамаймын. Қандай мәселе болса да, ерлі-зайыпты ашық сөйлесуі қажет. Сол кезде оны ушықтырмай шешуге болады», – дейді Кирилл.
ЕС-164/3 мекемесінде Кирилл жаңа мамандықты меңгеріп, жұмыспен қамтылған.