Ақмолада фура көлігі аударылып қалды
Ақмолада фура көлігі аударылып қалды
Алыс жолға қатынайтын жүргізушіге көмекке полиция қызметкерлері жетіп, арнайы техника тауып жүк көлігін жолға шығарған, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жақсы ауданы полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Данияр Ишамбеков жолды шолу барысында Алматы-Екатеринбург бағытындағы жолдың жиегіне аударылып кеткенін Volvo ауыр жүк көлігін байқап қалған. Алыс жолға қатынайтын фураның иесі полицейлерге бұрылып жатқанда рөлге ие бола алмай қалың қарға көліктің аунап кеткенін айтыпты. Жүргізуші өз күшімен аударылған көлігін шығара алмаған. Бірнше мәрте өтіп жатқан көлік жүргізушілерінен көмек сұрағанымен, бірнеше тонналық көлікті шығаруға ешкімнің дәті бармаған.
"Мәселенің мән жайын түсінген полицейлер жол қызметі мамандарын шақырған. Бір сағаттың ішінде құқық қорғаушылар ауыр жүк көлігін сүйреп шығара алатын көлікті табады. Алайда тіркелген тростар сүйрелген көліктің ауырлығына шыдамай үзіле берген. Тек арқан жіптерге ауыстырып қана фураны жолға шығара алған. Құтқарылған алыс жолға қатынаушы тәртіп сақшыларына алғысын білдіріп, әріқарай жолға шықты", – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Полицейлер аяз бен қардың қалың түсуі жол қозғалысының қауіпсіздігіне елеулі ықпал ететін айтады. Қарлы борандар мен тұман, жүргізушілердің көру мүмкіндігін азайтып, ал жалтыр мұзды жол көбінесе жол-көлік оқиғасына әкеліп соғады. Ал ауа райының қолайсыз тұсында жүргізушілердің өзара бір-біріне көмегі аса өзекті.
«Көп жағдайда жолда немесе жол жиегінде тұрып көліктерге қол көтеріп тұрған жүргізушілерді көруге болады. Олардың жанармайы таусылуы, қозғалтқышының істен шығуы немесе дөңгелегінің жарылуы себепті көмекке мұқтаж болуы мүмкін. Сондықтан жанынан өтіп кетпей көмек берген жөн. Егер елсіз айдалада тоқтауға қауіптенсеңіз онда бірден 112 немесе 102 телефондарына хабарласып, болған жағдайды баяндаңыз", – дейді ведомстводан.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ Ақмола облысы