СҚО-да есірткі затын дайындап келген зертхана анықталды
СҚО-да есірткі затын дайындап келген зертхана анықталды
125
оқылды
СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткілерді сатып келген отбасыны анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz. Жедел-тергеу шарасы барысында есірткі заттарының Петропавлда қолдан-қолға берілу арқылы сатылып, психобелсенді есірткі препараттарының облыс орталығынан 120 шақырым жерде жасалатындығы анықталды. Жамбыл ауданындағы елді мекендердің бірінде полицейлер арнайы жарақтандырылған зертхананы тапты. Мұнда синтетикалық «тұз» жасауға барлық жағдай жасалған: нысан желдетіліп, түрлі қажетті ыдыстар, тіпті қорғаныш костюмдері мен респираторларға дейін болған. Заңсыз кәсіпті азаматтық некедегі ерлі-зайыпты және олардың жақын туыстары құрыпты. Операция барысында полицейлер сатуға буып-түйіліп әзірленген 55 гр синтетикалық есірткіні тапты. Сондай-ақ зертханадан орауға арналған заттар, ұялы телефондар, дәріхана таразысы, арнайы дәптер және синтетикалық есірткіге ұқсас 700 гр ұнтақ табылып, алынды.
«Бұл топты ұстау үшін өткен жылдың қазан айынан бастап орасан жұмыс жүргізілді. Қазір бұл дерек «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тіліміне енгізілді. Төрт күдікті – екі ер адам мен екі әйел қамауға алынды. Тергеу жүріп жатыр», – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.