Адамзатты «ақырзаман қаруынан» құтқарған ел
Адамзатты «ақырзаман қаруынан» құтқарған ел
227
оқылды

Биыл Қазақстанның Тәуел­­сіздігіне 30 жыл тола­ды. Бұл – арт­та қалған жолды бағам­дап, жеткенді салмақ­тап, бо­ла­ша­ғы­мызды бол­жауға мүм­кіндік берер ерек­ше меже. Бұл – өткенге са­лауат айтып, келе­шекке се­нім артар кезең. Ұлты­мыз үшін ұлық мерей­той аясында біз Отанымызға бей­біт­шілік, тұрақтылық пен береке, ал халқымызға игілік, ын­тымақ пен ырыс әкелген ұлы бет­бұ­рыс­тар­ды, ірі же­тіс­тіктерді сараптауға бел будық. Алды­мен Елба­сының жаһан­дық өз­герістерге жол ашқан, адам­зат тарихының көшін тү­зет­кен ға­жайып бір баста­ма­сын сөз еттік. Бәрі 1991 жыл­­дан басталып еді.

Тіршілік ұстыны –  қауіпсіздік

Жер бетінде адам баласы пайда болғалы оның алдынан ас табудан кейінгі туындаған басты түйт­кіл – қауіпсіздік болған. Қазір де пенденің басты қажеттіліктерінің тізімі көп өзгере қойған жоқ. ХХ ғасыр тәмамдалар тұста өз тәуелсіздігі жолында қадам жаса­ған жаңа қазақ мемлекетінің алдында да дәл осы мәселе кесе-көлденең тұрды. Өйткені бұл – әлемдегі алыс-жақын, жас-кәрі мемлекеттердің әртүрлі қақтығысқа ке­зігіп, азаматтық соғысқа бас ұрып, қанға бөгіп жатқан аса ауыр кезі болатын. Көркем тілмен түйсек, қазақ елінің кемесін айдындағы әртүрлі алапаттан аман сақтап, теңіз дауылдарынан басы бүтін күйде алып өтіп, бейбіт айлаққа жеткізу Қазақстанның тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойнына алған Нұрсұлтан Назарбаев­тың қолынан келді. Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті осы жолда ядролық қару­сыздану, әлемдік держава сана­латын алпауыт мемлекеттерді ше­кара бөлісуге иліктіру, Ұлттық армияны қалыптастыру, сепа­­ра­­тизммен, лаңкестікпен күресу бойынша байыпты қадамдар жа­сап, пәрменді шешімдер қабыл­дады. Әрине, мұның бәрі жеке-жеке талдап, ой елегінен өткізуді қажет ететін тақырыптар. КСРО-ның ядролық арсе­­налының қомақты бөлігінің Қа­зақстан еншісіне тиюі – құндылық емес, ауыр мұра болатын. Сал­­дарынан республикамыз жетекші державалардың «қатаң бақылануы тиіс объектісіне» айналды. – Басында біздегі ақиқатты білмеген державалар Қазақстанды ядролық қаруы бар және бүкіл­әлемдік қоғамдастыққа қатер төн­діретін ислам мемлекеті деп қа­былдады. Бұл жағымсыз образ бізге ғана емес, сондай-ақ біздің бола­шақ әріптестерімізге де кедергі кел­тірді. Қиындық мынада еді: іс жүзінде Қазақстанда күрделі сырт­қы саяси міндеттерді шешуге өкі­летті кәсіби дипломаттар бол­мады. Кеңестік дәуірде Қазақ КСР Сырт­қы істер министрлігінде негізінен хаттамалық шаралармен және ха­лықаралық мәдени әріптестікпен шектелген бірнеше адам ғана жұ­мыс істеді», – деп еске алды кейін Елбасы. Өйткені еліміз әлі тәуелсіздігін жариялап үлгермеген, ал КСРО болса, күйрей бастаған. Бұл кезде Қазақстанның шетелде бірде-бір өкілдігі, елшілігі болмады. Бұған қоса, білікті дипломаттар да тап­шы-тын.

Жарқын күнді жақындатқан «Жақұт»

Осы орайда, ядролық қарудан және оны сынаудан түбегейлі бас тарту – еліміздің беделін өсірген, оған сенімді күшейткен және экономикасының дамуына жол салған маңызды бетбұрыстардың біріне айналды. Себебі мамандардың баға­лауынша, ядролық арсеналды ұрыс­қа қабілетті күйде ұстау үшін жыл сайын он миллиардқа жуық доллар шығындауға тура келеді. Мәселен, «Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық қозғалыс» (ICAN) ұйымының есебінде ай­тылғандай, 2019 жылы 9 ядролық держава ядролық арсеналдарын ұстап тұруға және жаңғыртуға 73 миллиард доллар шығындаған екен. Соның ішінде АҚШ – 35,4 млрд доллар, Қытай – 10,4млрд доллар, Ұлыбритания – 8,9 млрд доллар, Ресей 8,5 млрд доллар жұм­сады. Айта кету керек, ядролық ар­сенал – ешқашан қолданыл­майтын қару. Егер әлдеқалай қолданыла қалса, ядролық соғыс болса, адам­зат үрім-бұтағымен жер бетінен жойылады, дүниежүзі бір сәтте тып-типыл болады. Жаппай қы­рып-жою қаруларын «ақыр­заман қаруы» деп атайтыны да содан. Демек, ел қауіпсіздігін қор­ғауға еш қажет болмайтын қару-жараққа миллиардтаған дол­лар ел қаржы­­­сын босқа шығындау орын­сыз. Оның үстіне, бұл тәуелсіздігіне енді ғана қол жеткізіп жатқан ел үшін көтере алмас ауыртпалық болатын. Оң мен теріс тұстарын таразыға тең тарта отырып, 1991 жылдың 28 тамызында Қазақстанның көш­басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл тарихи оқиға еді. Осыдан кейін әлемнің әр түкпірінде ірі сынақ полигондары жабылды. Бірақ бұл аяқастынан қабыл­­данған асығыс шара емес, жүйелі, бірізді қадам болатын. Өйткені осының алдында, 1990 жылғы 25 қазанда ел басшылығы мақұлдаған және Қазақ КСР Жоғарғы кеңе­сінің қаулысымен бекітілген «Мем­лекеттік егемендік туралы дек­ларацияда» ел аумағы ядросыз ай­­мақ деп жарияланды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Тәуелсіздігін жариялаған соң Қа­зақстан әлемде қуаты жөнінен 4-орында болған ядролық арсе­налдан бас тарту рәсіміне кірісті. Бұл процесс 1992 жылы қарқын алып, аяғына жеткізілді. Кеңес Одағынан Қазақстанға 1 мың 216 ядролық оқтұмсық тү­ріндегі ғаламат арсенал мұраға қалды. Жалпы саны жөнінен сол кездегі Ұлыбритания, Франция мен Қытайдың оқтұмсықтарын қосып есептегеннен де асып түсе­тін. Оның үлкен бөлігі 1995 жылға дейін шетелге әкетілді немесе өз еліміздегі полигонның қойнауында химиялық тәсілмен жойылды. Осылайша, жер-жаһан орасан кө­­лемдегі ядролық жаппай қырып-жою қаруынан құтылды. адамзат Президент жанындағы Қазақ­­стан стратегиялық зерттеулер инс­титутының директоры, про­фессор, ҰҒА академигі Зарема Шәукенова Тұңғыш Президент Н.Назарбаев­тың ядролық қаруды сақтап қалу туралы бірқатар мемлекеттің өті­нішін қабылдамай тастағанына назар аудартады. Еліміздегі және көршілердегі кейбір күштер де Қазақстан басшылығынан бұл райынан қайтуды талап еткен. Мұн­дай қарсылыққа Ұлт көш­басшысы қарсы тұрып, төтеп бере алды. «Осылайша, Елбасы мем­ле­кеттің кейінгі тағдыры мен бола­шағы үшін маңызды көрегендік, даналық пен табан­дылық танытты. Осының арқа­сында қауіпсіздіктің шын мәнісін ұғына алған Нұрсұлтан Назар­баевтың халық­аралық беделі биік­тей түсті. Өйт­кені ол Қазақстан халқы үшін де, бүкіл әлем үшін де ядролық қару­сыз, бейбіт өмір сүру мүм­кіндігін сыйлады. Бұл жерде жаңа тари­хымыздың тағы бір бе­лесіне ай­налған «Жақұт» оқиға­сын еске түсіре кеткен жөн. 1994 жыл­дың басында Қазақстан халық­аралық қоғамдастыққа үндеумен жүгініп, жоғары байытылған уранға қа­тысты проблеманы шешуде кө­мек сұрады. Кеңес Одағынан шамамен 600 келі тартатын осынша уран Үлбі металлургиялық зауы­тында қалып қойды. Ол шамамен 50 атом бомбасын жасауға жа­райтын!» – дейді академик З.Шәу­кенова. Бұл жаппай қырып-жою қа­руының «шикізаты» террористер қолына түсіп кетпеу үшін оны қатаң күзету және сақталуына лайықты жағдай жасау тағы да бюджетке қыруар шығын келт­іретін. Абырой болғанда, Қа­зақ­станның ядролық арсеналдан ары­­луға түпкілікті ден қойғанын байқаған АҚШ мем­лекетіміздің өтінішін жерге тас­тамай, 1994 жыл­дың қазан-қа­раша айларында Өскеменнен жоғары байытылған уранды тегіс алып кетті. Бұл та­рихта «Жақұт» опе­рациясы ретінде қалды.

Қаруланған елден – дамыған елге

Қазақстан төл ядролық қаруын көзсіз жоя салған жоқ, одан саяси, экономикалық дивидендтер көрді. Осыдан кейін елімізге батыстық ірі инвесторлар келді. Елімізде жаңа нарықтық экономика өркен жайды. Бұдан бөлек, 1994 жылдың 5 желтоқсанында Будапештте өт­кізілген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) саммитінде Ресей, АҚШ және Ұлыбритания басшылары Қазақстанның қауіпсіздігіне ке­пілдік беру туралы меморандумға қол қойды. Соңынан мұндай кепілдікті Қазақстанға Франция мен Қытай сияқты басқа да ядро­лық мемлекеттер берді. Бұл әлемдік қоғамдастықтың Қазақ­станның өз міндеттемесін орын­дауын мойын­дайтынын және оған жауап ретінде қауіпсіздігі мен аумақтық тұтас­тығына кепілдік беретінін білдірді. – Аумағымыздағы Семей сынақ полигоны, мұраға қалған кеңестік қару-жарақ тәуелсіз республи­каның меншігіне өткенде, бізге үлкен таңдау жасау қажет болды. Осынау күрделі таңдау алдында тұрған кезде Алматыға Маргарет Тэтчердің келгені есімде. Ол өзін еркін ұстайтын, тік мінезді әрі ашық адам болатын. Тэтчер бірінші кездесудің өзінде маған: «Сіз ядро­лық қаруды не істемек ойдасыз?» деген сауалды тікесінен қойды. Іштей кесімді шешім қабылдап қойсам да, әлі де ойлану үстінде­гідей қалып таныттым. Тэтчердің бұл сауалды өз атынан ғана емес, сондай-ақ батыстағы тұтас саясат­керлер ортасы атынан қойып отырғанын түсіндім. Ал негізгі ке­ліссөз процесі әлі алда еді. Сон­дықтан картаны алдын ала ашып тастауға да болмайтын, – деп еске түсірді кейін Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан көшбасшысы мәр­тебелі мейманға Қазақстанның қару-жарақтың таралу қаупіне жауапкершілікпен қарайтынын, әйткенмен бізге ядролық мемле­кеттердің кепілі қажет екенін тү­сіндіреді. – Сонымен бірге елеулі ин­вестиция алуға да есеп жасап отыр­ғанбыз. Онсыз біз нақты келіс­сөздер жүргізе алмайтын едік. Осы әңгіме барысында Тэтчер мені мұқият бақылады. Бірінші кезде­судегі сол ойлы да қатаң көзқарасы есімде жақсы сақталыпты. Өзімді рентген сәулесі арқылы тексеріп жатқандай болды. Тэтчер менің ашықтығымды жоғары бағалады. Алматыдан аттанарда Тэтчер маған: «Меніңше, Сізбен әлі де көп жайды талқылауға болатын сияқты», – деді. Шынында да, солай болды. Бұдан кейін онымен бірнеше мәрте кездестік. Лондонға барған сайын мен міндетті түрде оған соға­тынмын. Осылайша, Қазақстанның «ядролық мәселеге» байланысты таңдауы біржола шешілді: 1991 жыл­дың 29 тамызында мен Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойдым, – дейді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Н.Назарбаевтың сарабдал сая­саты арқасында елге мол ин­вес­тиция құйылып, содан еңсе тік­­­теген экономика тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің тірегіне айналды. Әйтпесе, көрші Ресейдің саясат­керлері мен экономистері 90-жыл­дары «Қазақстанның банкрот болып, Ресей Федерациясы құра­мына қосып алуды өзі сұрайтынын» болжап жатқан. «АҚШ мемлекеттік хатшысы Қазақстанға сапарында шахта­­­­­лардағы ядролық зымыран қон­­дырғыларын жою жөніндегі ке­лісімшартқа жылдам қол қойғызу үшін тізеге салмақ болды, мен оны тоқтаттым. Әрине, біз АҚШ-тың алаңдаушылығын түсіндік және өзім де келісімге қол қоюға дайын едім. Бірақ дәл мұндай страте­­­гиялық шешім үшін Қазақстан не алады? Оның есесіне Қа­зақ­стан­ның экономикасын әрта­рап­тандыруға, қорғаныс кәсіп­орындарын бейбіт мақсатқа пай­далануға және басқа да қажет­тіліктерге керекті аме­­рикалық инвестициялардың келуін талап еттім. Ал біздің АҚШ-пен арада экономикалық әріптестік жө­ніндегі мемлекетаралық келі­­сіміміз жоқ-тын. Мұнай бизнесі ғана емес, басқа да америкалық бизнес түрлерінің Қазақстанға келуін қаладық. АҚШ үкіметі оған мүмкіндігінше септесуге тырыс­ты, – дейді Нұрсұлтан Назарбаев. Осы орайда, мына мәліметке мән бере кеткен жөн. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде – 1991-2003 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына 40 миллиард дол­ларға жуық шетелдік инвес­тиция келіпті. Тұтастай алғанда, азат­тықтың 30 жылдығы ішінде шетелдік инвестиция көлемі 350 миллиард доллардан асты. Ал EBRD Transition Report дерегінше, бұрын «социалистік лагерьге» кірген, бірақ дәл Еу­ро­паның ортасында отырған Сло­вакия 1990-2003 жылдар ара­лығында небәрі 9 миллиард 619 млн, Венгрия – 24 миллиард 123 млн доллар ғана инвестиция тарта алыпты. Осыдан-ақ Елбасының Семей полигонын жауып, ядролық қа­рудан бас тарту шешімінің эко­номикаға мультипликативтік тиім­ділігін байқаймыз. «Қазақстанның басты артық­шылығы – жаппай қырып-жоятын қару-жарақтың мол қорында емес, ашықтықта, бейбітшілікте, саналы ой-сана мен моральдық бе­­­дел­де», – деді Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті. Ұзақмерзімді ұлттық қауіп­сіз­дікті нығайту үшін қатерлі қа­рудан бас тартудың мұндай сая­саты барлық заманда да өзгелерге үлгі-ұлағат бола бермек. Осының арқа­сында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз есімін адамзаттың мәңгілік тарихына жазып қал­дырды.

Айхан ШӘРІП