Спортта қалған із
Спортта қалған із

Тәуелсіздік жайлы сөз қоз­ғағанда отандық спорт­тың 30 жылдағы жетістік­те­рінің де еске түсетіні бар. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай қоржынымыздағы алтын мен күмістің сыңғыры алты құрлыққа жетті. Бұл же­тістіктер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың спортқа деген қамқорлығының жемісі еді.

Олимпиада дейтін бір белес

Иә, спорттың қай түрі болмасын бағындыруды мақсат тұтатын биік бар. Мәселен, футболшы үшін әлем чемпионы атану мәртебе. Теннисші болса Уимблдон турнирінде, хоккейші әлем кубогінде топ жаруды армандайды. Сол сияқты бір топ спортшының қалауы – Олимп шыңын бағындыру. Бұл доданың сиқыры қандай дерсіз. Мұны былай түсіндірейік. Ғарыш әлемін зерттейтіндер планеталардың Жерден қарағанда бір сызықтың бойына жайғасуын асыға күтеді. Ал жанкүйерлер үшін «планеталар парады» – төртжылдықты түйіндер дода. Спортшы да шетелде елінің байрағын көкке көтеріп, әнұранын шарықтатқысы келеді. Білсеңіз, бұдан асқан әсерлі сәт жоқ шығар, сірә. Еліміздің олимпиададағы жеке дара жорығы 1994 жылдан басталды. Жанкүйер үшін В.Смирновтың жүлделері естен кете қояр ма сірә?! Алғаш Қысқы Олимпиада ойындарында көк байрақты көтерген қырандар күллі әлемге тәуелсіз Қазақстанды таныстырды. Одан кейін 1996 жылы Аталантада өткен Жазғы Олимпиада ойындарында спортшыларымыз атой салды. 96 адамнан тұратын Ұлттық құрама үш алтын, төрт күміс, төрт қола медаль жеңіп алды. Мұның бәрі қарсыластар үшін дабыл белгісіндей еді. Өйткені сол жылы еліміз бокстан қанжығасына төрт медаль байлады. Қуатты қарсыласты алыстан танитын Куба мен Ресей боксшылардың қарқынынан сескеніп қалған-ды. Ал бұл белгі бокс әлемінде бәсекеге қабілетті құрама барын айқын көрсетті. Солай болды да. 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында Бекзат Саттарханов жасындай жарқылдады. 20 жастағы боксшының ширақ қимылы жанкүйерді елітіп, қарсыласты қапы қалдырды. Жартылай жеңіл салмақта (57) бокстасатын жігіттердің іші қылп ете қал­ды, білемін. Өйткені олимпиа­дадағы әр жекпе-жектен кейін әлем­дік басылымдар жаңа жұл­дыз­дың туғанын жарыса жазды. Иә, қазақ аспанында құйрықты жұлдыз туды да, елін қуанышқа бөлеп, қайта ағып түсті. Мұны Сиднейде топ жарған боксшы Ермахан Ибраимов те растайды. Себебі Бекзат шешуші кездесуде ырымдап Ермахан ағасының жейдесін киген-ді. Қос боксшы да ел мерейін өсірді. Оған қоса, Ольга Шишигина да жеңіл атлетикадан алтын алып, жаңа сүрлеу салды. Медаль таққандардың арасында Александр Винокуров (күміс) те бар. Байқасаңыз, аталған олимпиада қазақтың спорт әлеміндегі темірқазығы болғандай. Сол жылы Сәпиев Ермахандай болуға, Рыпакова Шишигинаның ізін жалғауға, Сметов күресте сара жол салуға уәде бергендей әсер қалдырады. Гена Одан кейінгі Афина Олим­­пиадасында Бақтияр Артаев орта салмаққа (69) қазақтың енін салып қайтты. Бұлай дейтініміз, содан бері олимпиадада бокстан 69 келіде дес бермей келеміз. Аталған сал­мақта Вэл Баркер кубогын да сан мәрте алдық. Әрі Афина Олимпиа­дасында әлем Геннадий Головкинді таныды. Күміспен күптелген бокс­шы көп ұзамай әуесқой бокс­тағы мансабын аяқтап, кәсіп­қой боксқа ауысты. Афинада үздіктер қатары­нан көрінген құрама­­мыз 8 медаль ар­қалап, елге оралды. Афина мен Пекин Олимпиадасы арасында әлем дауыл алдындағы тыныштық режиміне түскен. Өйткені 2008 жыл­дан бастап тәуелсіз елдің спорт­­­­тағы бенефисі басталды. Айтса айтқандай, Пекин Олим­пиадасында 17 жастағы Илья Ильин ауыр тасты аспанға көтер­­генде әлем елімізге таңдана көз тас­тады. Бокстан Бақыт Сәрсекбаев 69 келінің қазақтың салмағы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұнда да қанжығаны ауыр атлетика, бокс пен күрес майлады. Гимнастика спорты Әлия Юсуповадай қызға қол соқты. Көркем гимнастикадағы азулы қарсыластарға қарамастан 5-орынға табан тіреу маңдай тердің жемісі еді. Илья Ал 2012 жылғы Лондон Олим­пиадасының ел үшін орны бөлек. Тұманды альбионда көк туымыз 7 рет көтерілгенде кеудені қуаныш кернеген. Өйткені Лондондағы бірін­ші алтынның сыңғыры тосыннан естілді. А.Винакуровтың оза шабатынына көпшілік күмән­мен қараған-ды. Сонда Алексан­дрдың қарқынына қызықты ма артына қарайлай берген Ригоберто Уран қапыда шаңның астында қалғанын байқамады. Осындай даңқты сәтті ауыр атлетиканың төрт алтыны жалғады. Жанкүйер де сенімді. Себебі әлем чемпионаты, Азия чемпионаты сияқты жарыс­­­тарды бұйым көрмейтін Ильяның екінші мәрте олимпиада чемпионы атануы заңдылық есебінде еді. Зіл­темірдің жанына Зүльфия жа­қын­дағанда да уайымдамадық. Мане­заның тасты серпи көтер­­геннен кейінгі қуанышы да жұрттың есін­­­де. Ал Подобедованың ресейлік әккі қарсыластарынан оза шапқа­­­нын білгендегі эмоциясы есіңізде ме? Сондағы Алексей Нидің қуа­­­ны­шын айтсаңызшы. Төрт бірдей алтын, бір қола. Әрине, 2016 жылы аталған медальдарды допинг дауы­на бай­ланысты жалпы есептен сыз­ға­­­нымен, жылы естеліктер жа­ды­мызда қалды емес пе? Қош, жеңіл атлетикадан Ольга Ры­­па­кованың Пекиндегі қоланы Лон­донда ал­­­тынға алмастырғаны қан­дай-ды. Үш қарғып секіруде байырғы қарсыластарын сан соқ­­тырып, өзінің бабында екенін дә­лелдеді. Осылайша, қоржы­­ны­мызға ал­­­тыншы алтын түсті. Қуа­нышты Серік Сәпиевтің жеңісі еселеді. Көз ілеспес қимылы мен жылдам шешім қабылдауы Сә­пиевке алтынмен қо­са Вэл Баркер кубогын сыйлады. Әрине, 69 келі салмақ дәрежесі осы жолы да «ал­дамады». Осылайша, 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасын ерек­ше көңіл-күймен қарсы алдық. Се­бебі спорт туралы біліміміз бен берер бағамыз өскен. Қай жерде тұтығып, қай жерде құтылып кетерімізді жете түсіндік. Сөйттік те, спорттың 17 түрінен 104 спорт­шыны бәйгеге қостық. Рус­лан Жаппаров бастаған спортшылар үмітті ақтап, 18 медаль алды. Оның үшеуі алтын, бесеуі күміс, оны қола. Ішіндегі бір күмісті алтын берсе де алмастырмайтын едік. Медальдің иесі – Василий Левит. Алтын алған Тищенко келіп, Ле­виттің қолын алғанда сіз де ішіңіз­ден «медальдің кімдікі екенін біл­сең болғаны» деген боларсыз. Жөн-ақ, кейінгі Баландиннің 200 метр қашықтықта брасс әдісімен жүзіп алтыннан алқа таққаны да жанкүйерге майдай жақты. Ар­тынша, Данияр Елеусінов 69 келіде көш басынан көрінгенде салмақ­тың сиқырын тағы бір мәрте се­зіндік. Бұл Олимпиадада алған күмістердің орны ерек. Дзюдодан 60 келіге дейінгі салмақта Елдос Сметовтің финалдағы жеңілісі оның жігерін жани түсті. Жазира Жаппарқұл мен Гюзель Манюрова да күміспен күптеліп, ел абыройын көтерді. Ал Ниязымбетовтің кү­місіне езу тартып, «Күмісбек» деп айдар тақтық. Ал Риода алған 10 қола Қазақстанның спорттағы әлеуе­тін айқындай түсті. Сон­дықтан спорт қауым­дас­тықтары мен жанкүйерлер Токио Олим­пиадасын үлкен үміт­пен күтіп жүр.

Спорт алауы тұтанған шақ

 VII қысқы Азия ойындарының Қазақстанда өтуі мерейімізді өсір­гені рас. Әлемнің «мен» деген спорт­шыларының Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында жиналуы жанкүйерлерге қуаныш сыйлады. 17-ден астам мемлекеттен келген өрендер 11 жарыс түрінен сынға түсті. Әрі бір ғана Алматының әсем табиғатын тамашалап, спорт­шысына қолдау көрсету үшін 60 мыңнан аса турист келді. Қар ба­рысын символ етіп алған дода ел спортына дем берді. Балуан Шолақ сарайын жөндеуден өткіз­гені­мізбен, тағы да спорт сарайы қа­жетін түсіндік. «Медеуді» мақтан тұтқанымызбен, сырғанауға ар­налған орындарды көбейтуді ойла­дық. Нәтижесінде, 2011 жылы өткен қысқы Азия ойындарында 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медаль ал­дық. Кем-кетікті түзеуді келесі сынға қалдырдық. Иә, 2017 жылға дейін спорт саласын дамытып, құрылыс басында жүрдік. Алматыда қысқы Универсиада ойындары өтетіні белгілі болғаннан кейін сарай салдық. «Алматы Арена» бой көтерді. Аренаның жанынан спорт­­­­шылар қалашығын салып, көпті қуанттық. Сыйымдылығы үлкен «Халық» арена да көз тар­тады. «Қанатыңды кең серпі» де­гендей қысқы спорттағы қадамды нық бастық. 56 елден 1 604 спортшы Алматыға ат басын бұрды. 12 спорт түрінен 543 медаль үлес­тірілді. Байрақты бәсеке 8 спорт ны­санында өтіп, оған 127 халық­­аралық қазы шақырылды. Әлемнің 80 елі Алматыдан хабар таратып, 1 млрд телекөрермен доданы тама­шалады. 28 қысқы универсиадада ел құрамасы 11 алтын, 8 күміс, 17 қола медаль иеленді. Әсіресе, Денис Теннің «Алматы Аренада» мәнерлеп сырғанағаны ел жадында қалды. Универсиаданың алтынын алған Денис 2014 жылы Сочидегі Қысқы Олимпиадада қоланы қа­нағат тұтқан. Қанағат тұтты дей­міз-ау, медаль алуға тырысты. Өйткені жарақаты сыр беріп, жекелей сын­да барын салды. Осылайша, ел қоржынына Сочиде жалғыз медаль бұйырды.

Саңлақ туған ел

Әлем Қазақстанды GGG-мен байланыстырады. Бұл – ел спор­тының мерейі. Афинада күміс ме­даль таққан Головкин қазір кәсіп­қой бокс аңызы. Халық айт­қандай, жексенбіде жұртты тәтті ұйқы­сынан оятатын жігерлі жігіт. IBF пен IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы. Көк шапан мен көк туды жаһанға әйгілеп, қазақ бала­сын боксқа баулып жүрген аға буын өкілі. Бұлай дейтініміз, қазір Головкиннен кейін Қанат Ислам, Жәнібек Әлімханұлы, Данияр Елеусіновтер шаршы алаңда алты құрлықты жұдырыққа «сыйғызып» жүр. Елдос Жастар да аталған спортшы­лардың жолымен жүргісі келеді. Сүрінгісі жоқ. Мәселен, 81 келідегі Бекзат Нұрдәулетов ағаларының есесін қайтарып жүр. 21 жастағы жігіттің Ла Круздай мықтыны сұлатып түсіргені бокстағы қазақ әлеуетін көрсетері хақ. Токио Олим­­пиадасында 69 келіге дейінгі салмақта Абылайхан Жүсіповке артылар сенім орасан. 2004-тен бері үзілмей келе жатқан жеңіс жолын жалғауы керегі тағы бар. Дзюдодан Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев, Дидар Қамза, Жансай Смағұлдың жолынан жанкүйері әркез медаль күтеді. Басқа спорт түрлерінен де құр алақан емеспіз. Сондықтан ата-ана ұл-қызын спортшы болуға тәрбиелеп, өздері де марафондарды жібермеуге тырысады. Бір сөзбен айтқанда, саңлақтарды туған елдің спортта беделі биік екені даусыз. Мұны спортшылар Жапонияда өтетін Олимпиадада тағы бір рет дәлелдері сөзсіз.

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ