«Мәдени мұра» – тарихымызды жаңғыртқан жоба
«Мәдени мұра» –  тарихымызды жаңғыртқан жоба
2,402
оқылды

Тәуелсіздікке қол жеткен алғашқы жылдары қазақ мәдениеті үшін жаңа кезең басталды. «Мың өліп, мың тіріл­ген» қазақтың көрген қиындығы артта қалып, «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз қайта жанды».  Мәдениетіміздің қайта түлеуіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен басталған «Мәдени мұра» бағдар­ламасының маңызы өте зор болды.

2003 жылы сәуірде Елбасы халыққа Жол­дауында арнайы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған. Ал 2007 жылы Қазақстан халқы үшін аса маңызды бағдарламаның екінші кезеңі жалғасын тапты. Мемлекеттік бюджеттен аталған бағ­дарламаны жүйелендіруге, сақтап және дамыту­ға 4 мил­лиард теңге бөлінді. Тәуелсіздік жылдары мәдени мұра – айтыс қайта жаңғырды. Мәдениет пен ғылымымызға, өнер мен әдебиетке өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың мерейтойлары атап өтіле бастады. Олардың қатарында Абай Құнанбайұлы, Құрманғазы Сығырбайұлы, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Жамбыл Жабаев, Мағжан Жұмабаев және т. б. ұлт қайраткерлері бар. 1995 жылы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнан­­бай­ұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. 1997 жылы репрессия құрбандарын еске алсақ, 1998 жылы – халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы аталды. 2000 жыл – мә­­дениетті қолдау жылына айналды. Мәдениетті қолдау жылы аясында тозығы жеткен кітапханалар мен мәдениет ошақтары қайта ашылып, көне мәдени орындарға жан бітті. Сол жылдары театр саны артып, 2 опера және балет театры, 33 драма театр, төрт музыкалық комедия театры, бес қуыршақ, 73 тұрақты және 266 көшпелі кинотеатрлар жұ­мыс істей бастады. 2000 жылы ЮНЕСКО ше­шімімен Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтті. 2004 жылы елорда төрінде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Музейі ашылды. Онда 100 мыңнан астам экспонат бар. Одан бөлек, Елбасының жеке мұрағаты мен кітапханасы да осында топтасқан. Түрлі мемлекет пен халық­аралық ұйымдар басшыларының тартулары да музейде тұр. Елбасының бірегей марапаттар коллекциясы, жеке заттары көрермен наза­рына ұсынылған. Ұлттық мәдениетті өркениет көшіне жет­кізген «Мәдени мұраның» орны бөлек. Ұлттық мәдени мұраны зерттеп-зерделеу үшін бағ­дарламаны құрудың маңызы зор еді. Осы бағ­дарлама аясында әлемнің көптеген елдеріне арнайы экспедициялар ұйымдастырылды. Әлем елдеріне шашырап кеткен құнды мұра­ларды жинақтауда бұл экспедициялардың тигізген пайдасы мол еді. Қытай, Түркия, АҚШ, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Батыс Еуро­па елдеріне ғылыми зерттеу экспедиция­лары ұйымдастырылды. Қазақстанның сәулет өнері, этнографиясы, тарихы бойынша шамамен бес мың жазба жинақталды. 350-дей кітап, олардың ішінде этнография, археология, тарих бойынша сериялар, жаңа энцик­лопедиялық сөздіктер шығарылды. Елбасы «Мәдени мұра» бағдарламасын мемлекеттің мәдениетіне қолдау көрсететін стратегиялық ұлттық жоба деп тегін атамаған. Бағдарлама аясында түрлі мәдениет, әдебиет, философия, тарих, этнография бойынша академиялық институттар құрылды. мәдени мұра Бағдарлама қабылдағаннан кейін 2004 жылы 51 тарихи және мәдени ескерткіштің реставрациялық жұмысы аяқталып, 39 қала­шық пен қорғандарға археологиялық зерт­теулер жүргізілді. 218 нысанды қамтыған Қа­зақ­­станның тарихи-мәдени және тарихи ес­керт­кіштерінің мемлекеттік тізімі дайын­далды. Ұлттық мәдениет үшін аса маңызды 30 сәулеттік және археологиялық қосымша ғы­лы­ми зерт­теулер жүргізілді. Біздің түп-тұқияндарымыз туралы көптеген мәлімет беретін ғылымды мыңдаған арте­фактылармен байытқан 26 ғылыми-қолдан­балы, 40 археологиялық зерттеу жүргізілген. Шығыс Қазақстан облысындағы Шілікті мен Берел қорғандарындағы қазбалар, «скиф-сібір аң стиліне» немесе өнерге жататын алтын бұйымдар да бар. Осы бағдарлама аясында 2008 жылы екі қорық-мұражай («Есік» және «Бе­рел») жаңадан құрылды. «Берел» қорық-мұра­жайының тек қана құрылысына 190 млн теңге бөлініп, 1 әкімшілік ғимараты, 2 тұрмыс үйлер және 1 гараж салынып, 2013 жылы бұл жұмыс­тар толық аяқталды. Сондай-ақ бағдарлама аясында жүзеге асқан сәтті жобалардың бірі – «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі мен 1000 әні» болатын. Бұл антологияда ұлттық мәдениет тарихындағы қазақ халық әндерінің түп­нұсқалық орындау­ларын жинау, даярлау, өңдеу, реставрациялау мен CD дискілерін шығару бойынша орасан зор еңбек атқарылды. Одан бөлек, «Қазақфильм» АҚ кино­студиясы ұлттық мәдениеттің маңызды тарихи орындары мен мұралары туралы 20 деректі фильм түсірген. Олардың қатарында «Мәдени мұра», «Қорқыт. Күй тарихы», «Номадтардың музыкалық мұрасы», «Ежелгі Түркістан сәулет ескерткіштері», «Жүсіп ата кесенесі», «Тамғалы петроглифтері» сияқты деректі дүниелер бар. Бағдарлама аясында жарық көрген кітаптардың арасында «Бабалар сөзі» де бар. Бұдан бөлек, «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ музыка­сының антологиясы», «Қазақ өнерінің та­рихы», «Әдеби жәдігерлер», «Әлемдік фоль­клор» және тағы басқа көп томдықтар жарық көрді. Қазақтың бай философиялық мұрасын «Қазақ халқының ежелгі заманнан қазіргі кезге дейінгі философиялық мұрасынан» табуға болады. Қорқыт ата сөздерінен бастап Абай мен Шәкәрімнің көзқарастарымен жалғасып жат­қан Ұлы дала ойшылдарының фило­софиялық ілімі мәдениетіміздің алтын қа­зынасы болып саналады. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында бірқатар маңызды іс-шаралар атқарылды. Бұл – қазақ халқының ғұмырындағы ең үлкен құбылыс. Себебі жоба аясында жарық көрген шығармалар қазақтың екі мың жылдығын қамтиды. Сондай-ақ әлемде көшпелі халық көп және олардың да фольклорлық мұрасы көп сақталған. Солай десек те, қазақ секілді асыл мұрасын 100 том етіп жинақтай алған ел жоқ. Біздің ұтқанымыз – осы. «Мәдени мұра»  – ұлттық жоба. Бұл жобаны  ұлт руханиятының жоқшысы деп атауға да бо­лады. Мұндай қазақ халқының рухани байлығын әлемге паш еткен теңдессіз жобалар жалғаса беруі керек. Әрі бұл қазаққа керек жоба!

Айым БЕКТҰР