Тәуелсіздік ұлттық спортты дамытуға мүмкіндік берді
Тәуелсіздік ұлттық спортты дамытуға мүмкіндік берді
610
оқылды

Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік – Қазақстан өміріндегі бетбұрыс болды, ол халқымыздың рухани баюына кең мүмкіндік жасап, экономиканың алға басып, әр азаматтың әл-ауқатының өсуіне жол ашты» деген еді. Тәубе дейміз, тыныштық бесігінде тербеліп, биыл азаттықтың отызыншы жылына қадам басып келеміз.

Кезінде Елбасы халқымыздың кем дегенде 30 пайызын бұқаралық спортқа тартуды стратегиялық жоспарға енгізді. Бұл мақсат өз үде­­сінен шықты. Бұл бағытта, яғни Қазақстан халқының салауатты өмір салтын ұстануы, бұқаралық спорттың дамуы бағытында ұлттық спорттың да өз орны бар деп се­­­німді түрде айта аламын. Себебі 2013 жылдан осы ұлттық спорттың екі тізгін, бір шылбыры менің қо­лыма сеніп тапсырылды. Сол тұста маған сенім артқан Қайрат Саты­балдыұлы еді. Бұл азамат күні бүгінге дейін Ұлттық спорт қауым­­дастығының Құрметті пре­зиденті ретінде осы саланың дамуына үлес қосумен келеді.

Ұлттық спортты дамыту қажет пе еді?

Әрине, қажет.  Себебі әр ұлт­­тың өз ұлттық ерекшелігін ай­­қындайтын дүниелер бар. Тілі, ділі, діні, дәстүрі мен мәдениетінің қа­тарында халықтың сипатын ай­қындап, болмысын танытатын тағы бір құндылығы ол – ұлттық спорты. Қала берді, ұлттық кодты оятудың бір жолы – ұлттың спор­тын тану және оны дамыту. Қолдан келсе тұтыну, оған жанкүйерлік ету. Өз ұлтының спортын, ойынын бі­ліп өскен ұрпақ оның болмысын таниды, сол ұлтына деген құрметі оянады. Керек сәтте намысын жыр­­­тады. Сондай-ақ ұлттық спорт­­ты дамыту – жас буынның тарихи санасын жаңғыртудың бір жолы. Баршаға белгілі, тарихи сана қа­лыптаспай, мемлекетшілдік сана орнықпайды. Ал тарихи сананың тұғыры қашанда ұлттық болмыстан. Әлемдік өркениет көшіне ұлттық сипатыңды сақтай отыра ілесу қа­жет деп түсіндік. Осындай игі бас­тамаға атсалысу – әрқайсымызға қастерлі міндет деп санадық. Расын айту керек, бұрын жұрт­­шылықтың ұлттық спорт туралы түсінігі мереке, тойларда жылына бір-екі рет қана өтетін қыз қуу, бәй­ге, тақым тартыс сияқты қысқа көр­сетілімдер төңірегінде ғана еді ғой. Себебі кеңес тұсында қазақтың керемет ұлттық ойындары қасақана елеусіз қалдырылды, елдің жады­нан әдейі ұмыттырылды, үлкен спорт түрлерінің тасасында қалды­рылды. Әйтпесе, біз осы күні олим­пиадалық спорт түрі деп дабырайта атап жүрген спорт ойындарының барлығы да бір кезде белгілі бір ұлттың, мемлекеттің өздеріне ғана тән ұлттық ойындары еді ғой. Уа­қыттың ыңғайымен ке­зінде жақсы дамыта білді, наси­хаттай білді. Со­ның арқасында он­­дай ойын түрлері аз уақытта әлемге әйгілі болып шыға келді. .

Бағытымыз нақты, мақсатымыз айқын болды

Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бастап жекелеген ұлт­жанды азаматтардың белсене кірі­суімен елімізде ат спорты түрлерін дамыту қолға алынды. 1998 жылы республикалық Ат спорты феде­рациясы құрылды. Бұл федера­цияны қазір қауым­дастықтың Құрметті президенті, генерал-майор Қайрат Сатыбалдыұлы бас­қарды. Ал 2004 жылы Ат спорты федерациясы Ұлттық спорт қауым­дастығы болып қайта құрыл­ды. Қауымдастық құрылғаннан кейін ұлттық спорт түрлері, тіпті қар­қынды түрде дами түсті. Алғашқы кезеңдерде облыстарда көкпар, аударыспақ командалары құрылды. Кейіннен өңір-өңірде құсбегілік, теңге ілу, жамбы ату спортының шеберлері көбейді. Қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату ойында­рының өрісі кеңейді. Ұлттық спортты дамыту ша­руасы біздің қолға сеніп тапсы­рылған 2013 жылдан бастап біз алдымызға екі үлкен мақсатты ай­қындап қойдық. Біріншіден, ұлт­тық спорт түрлерін танымал ету, яғни бұқаралық сипат беру, жаппай қызығушылықты ояту, таныту. Ол үшін тіпті, шоу-ойындарды ұйымдастыруды да қосу қажет деп таптық. Екіншісі, ұлттық ойындары­мызды спорттандыру. Яғни, кәсіби спорт ретінде дамыту. Оған халық­аралық чемпионаттар ұйымдас­тыру, спортшыларымызды елдегі және шетелдегі жарыстарға қа­­тыстыру, олардың кәсіби білікті­­лігін арттыру, оларды баптау әдіс­­терін ғылымиландыру секілді жұ­мыс­тар кірді. Міне, біз күні бү­гінге дейін дәл осы екі бағыт бойынша жұмыс істеп келе жатырмыз. 2014 жылы тұңғыш рет Қа­зақстанның «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңына ұлттық спорт туралы баптар кіргізілді. Сондай-ақ 2020 жылғы желтоқ­­­санда Қазақстан Парламент Се­­натының отырысында «Дене шы­­нықтыру және спорт туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қабылданды. Бұл заң жобасында білім берудің барлық деңгейінде жүргізілетін дене шынықтыру сабағында ұлттық спорт түрлері міндетті компонент ретінде енгізілді. Қауымдастықтың ұйытқы бо­луымен ұлттық спорт түрлері жа­рыстары Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шы­нықтыру істері комитетінің Бірың­ғай спорттық-бұқаралық күнтіз­­белік жоспарына енгізілді. Қазір Қазақстанда ұлттық спорт түрлері бойынша 8 маман­­­дан­дырылған клуб және 13 маман­дандырылған спорт мекетебі жұмыс істейді. Құсбегілік, бәйге түрлері, жам­бы ату, теңге ілу, аударыспақ, дәс­түрлі садақ ату, көкпар спорты түрлерінен Қазақстан чемпио­наттарын тұрақты өткізу жолға қойылды. Нақтырақ айтсақ, қазіргі кезге дейін көкпар мен аударыс­пақтан ересектер арасындағы республикалық чемпионат XIX рет жалауын көтерсе, құсбегілер мен теңге ілуден Қазақстан чемпионаты ХІІІ рет, жамбы атудан ел чемпио­наты V рет ұйым­дастырылды. Со­нымен қатар жасөспірімдер ара­сындағы Қазақстан чемпионаты көкпар, аударыспақ және теңге ілуден IX рет, жамбы атудан V рет, ал жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты көкпар мен ау­­да­­рыспақтан ХVІ, теңге ілуден ХІV, жамбы атудан VІ мәрте ұйым­­дастырылды. Ұлтымыздың баға жетпес қазынасын дамытуға сүбелі үлес қосқан ақтаңгер азаматтардың мерейін көтеріп, есімдерін халыққа кеңінен таныстыруды көздеген «Алтын тұғыр» атты ұлттық спорт үздіктерін салтанатты марапаттау 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында жетінші мәрте ұйымдастырылды. ұлттық спорт Мына статистикалық деректер де соңғы жылдары ұлттық спорт түрлерінің тұрақты түрде дамып отырғанына дәлел. Мысалы, 2017 жылы ұлттық спортпен шұғыл­данатындар саны 343,3 адам болса, 2018 жылы 375, 9 адам болған, оның ішінде ауылдық жерде – 241, 4 адам. Ал 2019 жылы ұлттық спорт түрлерімен шұғылданатындардың саны 399 358 адамға жетті. Бұл салада 6 789 жаттықтырушы жұмыс атқарады. Сондай-ақ елі­­мізде ұлттық спорт түрлерін да­­мыту үшін әртүрлі деңгейде (ауылдық деңгейден халықаралық деңгейге дейін) мыңдаған іс-шара ұйымдас­­тырылды. Соның ішінде, бір жыл­дың қорытындысы бойын­­ша рес­­пуб­­­­ликалық деңгейде 86 іс-шара өтіп, 50 республикалық, 36 ха­­­лықаралық жарыс ұйым­дасты­­­рыл­­ғаны көп жайтты аңғартса керек деп ойлаймын. Осы күні Қазақстан Ұлттық спорт қауымдастығы құрамында бірнеше ұлттық спорт түрлері фе­­дерациялары жұмыс істейді. Атап айтқанда, республикалық «Көк­­­пар», «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Жамбы ату», «Қыран-Бүркіт», «Бәйге», «Дәстүрлі садақ ату» федерациялары қауымдастық құрамына кіреді. Сонымен қатар республикалық «Асық ату», «То­­ғызқұмалақ», «Қазақ күресі», «Тазы-төбет» федера­­циялары қауымдастықпен бірлесе жұмыс істейді.

Он жыл бұрын әлем чемпионатын өткізу арман ғана еді...

Соңғы жылдары ұлттық спор­тымыз тек өз елімізде ғана емес, шет елде де дамып, еліміздің беде­лінің көтерілуіне ықпал етіп жатыр. Елбасының ұлттық құндылықтарды қолдап, дәстүрімізге ерекше мән беруінің арқасында көкпар, бәйге, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу секілді ойын түрлері халықаралық деңгейге көтерілді. Бұл бағытта Ұлттық спорт қауымдастығы 2013 жылдан нақты шаруаларды қолға алған болатын. Атап айтсам, сол жылы сәуір айында дәстүрлі спорт өкілдерінің басын қосқан ха­лықаралық конференция ұйым­дастырып, алдағы ірі жарыстарды өткізу жоспарын талқыға салдық. Нәтижесінде, сол 2013 жылы біздің елде қыркүйек айында тұңғыш рет көкпардан І Ашық Азия чем­­пионаты, қараша айында бүр­­кітшілердің І Халықаралық фес­­­­тивалі өтті. Осы тұста, бәрін болмаса да, ең ірі бәсекелердің бірнешеуін атап өткенді орынды көріп отырмын. Аударыспақтан ІІІ рет Азия чемпионаты (2014 жылы Қа­­­­зақстанда, 2016 жылы Қытай елін­де, 2018 жылы Қазақстанда) өтті. Теңге ілуден ІІ рет Ашық Азия чемпионаты (2015, 2018 жж.), құсбегіліктен ІІ рет Азия ашық чемпионаты (2016, 2018 жж.), жам­­бы атудан ІІ рет «Алтын жебе» халықаралық турнирі (2017, 2018 жж.), І рет «Алтын жебе» Әлем чемпионаты (2019 ж), көкпардан І әлем чемпионаты (2017 ж) ұйым­дастырылды. Сондай-ақ көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату түрлерінен жастар арасындағы І Азия чемпионаты (2019 ж) өтті. Бұл халықаралық жарыстар ұлттық спортымыздың жаңа сапалық дең­гейге көтерілгенін байқатса керек. Жоғарыда айтып өткендей, Нұр-Сұлтан қаласында көкпардан және жамбы атудан әлем чемпио­­наты өтті. Мұхиттың арғы жағынан АҚШ көкпар командасы мен таңдаулы мергендері келіп, әлем чемпионатына қатысты. Ал осыдан он жыл бұрын ұлттық спорттан әлем чемпионатын өткіземіз десек, оған ешкім сенбес еді. Бірақ міне, ұлттық спорт саласындағы азамат­­­тардың табанды еңбектерінің ар­­қасында көкпар мен жамбы атудан әлем чемпионаты өте жоғары дең­гейде өтті. Сондықтан бола­­­шақта ұлттық спорт түрлерінің де олим­пиадалық ойындар қатарына қо­сылатынына ешкім күмән кел­тірмеуге тиіс.

Әлемнің ұлттық спорты қарқынды дамып жатыр

Бүкіләлемдік этноспорт кон­федерациясы – әр елдің дәстүрлі спортын насихаттап жүрген 25 федерацияның басын біріктірген халықаралық ұйым. Штаб-пәтері Түркияда орныққан осы меке­­­мемен Ұлттық спорт қауымдастығы көп жылдардан бері тығыз қарым-қа­­­­тынаста болды. Нәтижесінде, қауым­­­­­­­­­­дастық 2018 жылы Бү­­­­­­кілә­­лем­­­­­­­­­­­­­­­дік этноспорт конфе­­дера­ция­­сының толыққанды мүше­­лігіне қабылданды. 2019 жылы отыздан астам мемлекеттің 150-ге жуық өкілі қатысқан Бүкіләлемдік этно­спорт конфедерациясының ІІ Ха­лықаралық этноспорт форумы Алматы қаласында өтті. Ал 2020 жылғы 12 қараша күні Бүкіләлемдік этноспорт конфеде­рациясының президенті Недж­меддин Билал Эрдоганның тө­рағалығымен өткен отырыста (он­­­­лайн форматта) Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы жаны­нан құрылған Орта Азиялық коми­­теттің тұңғыш төрағасы қыз­­­­метіне мені сайлады. Бұл коми­тет құра­мына дәстүрлі спорт түрлері мен ойындарды дамыту, насихаттау және одан ары ілгерілетуді көздеген Азия құрлығының 10 мемлекеті енген. Әрине, Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының алдағы уа­қытқа жоспарлаған іс-шаралары көп. Солардың бірі, бұған дейін үш рет Қырғыз Республикасында өт­кен көшпенділер ойындары. Бұйырт­­­са, IV Дүниежүзілік көш­пенділер ойындары 2021 жылғы қыркүйек-қазан айларында Түркия Республикасының Бурса қала­­сында өткізілмекші. Баршамыз жақсы білеміз, қазір дүниежүзінде ұлттық спорт­қа деген қызығушылық жыл сайын арта түсуде. Өйткені бұл этноспорт түр­лері әлемнің әр халқының өз ұлт­тық ерек­­­ше­­­лік­­­терін әйгілейтін құралға ай­­­налды. Түптеп келгенде, әрбір ұлт­­тың дәстүрлі ойын­­­­­­дары­ның ха­­лық­аралық, әлемдік дең­­­гейде та­нылуына құқы бар. Ен­деше ұл­­тымыздың дәстүрлі ойын­дары мен төл спортымыз әлемдік аре­­на­­­­­­ларда кеңінен таныла бергей!

Бекболат ТІЛЕУХАН, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті