«Алматы декларациясы» – интеграцияға жол ашқан құжат
«Алматы декларациясы» – интеграцияға жол ашқан құжат
268
оқылды

Әдетте Тәуелсіздік жылнамасын сөз еткенде сонау 1991 жылғы оқиғалардың еске түсетіні бар. Бәлкім сол кезеңнің тарихи, саяси, әлеуметтік-экономикалық шарттары мен сын-қатерлерін бүгінгі ұрпақ сезінбегендіктен бе, кейде азат­тық­тың алғашқы жылдарындағы оқиғаларға, түрлі келі­­­сім­шартқа үстірт қарайтын кездеріміз де болады. Әсіресе, 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алматы декла­рациясының егемен елдің болашағы үшін қаншалықты маңызды бол­­­ғанына назар аудармай кететініміз бар. Алайда дүбірге толы 91-дің жел­­­тоқсанындағы сол құжат кейін Қазақстанның бо­лашағын айқындаған еді.

1991 жылғы 21 желтоқсанда Қазақстанның астанасы Алматыда бұрын КСРО құрамында болған 11 республиканың басшылары маңы­зы жоғары стратегиялық ше­шім қабылдаған болатын. Қазақ­­­станның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің нәтижесінде сол күні Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­­тастығы құрылған-ды. Әрине, сол кездің өзінде «бір одақтан шығып, тағы бір ұйым құрудың қажеті қанша?» дегендер болды. Кейін де бұл сауалды көлденең тартқандар кездесті. Алайда Алматы деклара­­циясының нәтижесінде дүниеге келген ТМД кейін бұрынғы одақтас елдердің өзара қарым-қатына­­сының сақталуына септігін тигізіп, бір-біріне аумақтық талаптар қоюы­­ның алдын алды. Бұрынғы одақтастардың бейбіт өмір сүруіне кепілдік болды. Қазақстан үшін де Алматы декларациясы айрықша маңызды болатыны содан. Жалпы, Кеңес Одағының құ­­рамында болған елдердің эконо­­­микасы, шаруашылығы бір-бірімен тығыз байланысқан, тіпті матасып жатқан жүйеге негізделген бола­тын. Егер 1990-1991 жылдардағы «тәуел­сіздік шерулері» кезінде осы­нау күрделі қарым-қатынас рет­­­­теліп, байланыстар белгілі мөл­шерде сақталмаған болса, кейін тәуелсіз елдердің өзара қарым-қатынасы қалай өрбитіні белгісіз еді. Содан да болар, алып одақ ыдырайтын тұста көптеген сая­саткер өзара байла­­нысты сақтап қалудың түрлі жолын іздегені бар. Әу баста одақты сақтап қалудың жолын қарастырған сая­­саткерлер егемендік туралы дек­­ларацияларды қабылдап үлгерген мемлекеттердің жаңа одағын қа­лыптастыру үшін әрекет жасаған-ды. Өйткені одақ құрамында болған елдердің өзара байланысын бірден шорт кесіп, үзуге болмайтын еді. Оның үстіне, аймақтық қауіпсіздік, эконо­ми­калық байланыстар, КСРО-дан қалған мұраларды дау-жанжалсыз бөлісу тәрізді күрделі мәселелер тұрды. Айталық, Кеңес Одағы кезінде Қазақстанның көптеген ірі өндірістері тікелей Мәскеуге бағы­натын. Олардың қатарында Қара­ғанды облысындағы ірі металлургия зауыттары, Екі­­бастұздың көмір разъездері тәрізді ірі кәсіпорындар болды. Мұндай жағдайда өзара байланыстарды үзуге болмайтын еді. Одан бөлек, КСРО-ның ыды­рағанын ресми түрде құжат арқылы бекіту қажет еді. Ал ондай құжат Алматы дек­ларациясы болатын. Әрі декларация одақтың бейбіт түрде ыдырауына жол ашқан құжат еді. Әрине, өткен күндер жайлы «әйтер еді, бүйтер еді» деп сөйлеу қисынсыз. Дегенмен 1986-1991 жыл­­дар аралығында одақтың түк­пір-түкпірінде болған толқуларда тұрғындар қанының төгілуі, одақ­тас республикалардың бірқа­­та­рының арасында бір-біріне қырғи қабақ ұстанымдардың пайда болуы одақты бейбіт түрде та­­ра­тып, экс-одақтастарды өзара ке­тіспейтіндей ету маңыздылығын көрсетті. Со­нымен қатар кейбір мәселеде құ­рылымдық біртұтастық сақтап қалу қажет еді. Мәселен, одақ ыды­ра­ғанға дейін оның сыртқы шекара­сын ортақ әскер күзетіп тұрды. Бірақ КСРО қарулы күштерінің жеке құрамында Ресей­дің, Украина мен Беларусьтің үлесі басым еді. Егер ТМД құ­­рылмай, тәуелсіз мем­лекеттер жан-жаққа кеткен болса, ортақ сыртқы шекараны күзету әркімнің жеке ісі болып қалар еді де, жаңа­дан азат­­тық алған, мем­лекет­ті енді қалып­тас­ты­рып жатқан елдер түрлі сын-қа­термен бетпе-бет келуі мүм­­­кін еді. Әсіресе, оңтүстік шека­­­радан тө­­нетін қауіп аз емес-ті. Со­нымен қатар бірқатар мемле­­­­кеттің ау­мағында орналасқан баллис­ти­калық зымырандар, яд­ролық оқтұмсықтар ұстағанның уысында, тістегеннің аузында кетуі де ық­тимал болатын. Сон­­­дықтан Нұрсұлтан Назарбаев­тың белсенді әрекеттерінің нәти­­жесінде 1991 жыл­дың 21 желтоқ­­саны күні кеңес­тік 11 республи­­каның бас­шылары Алматыда бір үстелдің басына жиналды. Өт­­­кізілген келіс­сөздердің қоры­­­тын­дысында «ТМД-ның Ал­маты дек­лара­ция­сы» қабыл­данып, онда Тәуелсіз Мем­­лекеттер Дос­тасты­ғының құ­­­­­­­рыл­ғаны жа­рия­ланды, оның тең құ­қылы бір­лес­тікке ұмтылысы ай­қын­далып, мақсат­тары мен ұста­­нымдары нақ­­тыланды. Кейін Қазақстан ШЫҰ, АӨСШК тәрізді ұйым­дардың құ­рылуына, түркі тілдес мемле­кет­тердің интег­ра­­­­­­­ция­­­­­лық про­­­­­­­цес­теріне ұйытқы бол­­ды. Біз­дің пайым­­­дауымызша, «Алматы дек­­ла­­­­рациясы» тәуелсіз елдің жа­һан­­дық интеграцияға ара­­ла­­­­суы­ның басы болған сыңайлы.

Ардақ СҰЛТАН