Олар елге орала ма?
Олар елге орала ма?
115
оқылды

«Көршінің қызы керемет еді» әнінде сол көрші қыздың ауылдан кетуіне не себеп болды екен деп болжам жасайтыны бар. Есіңізде ме? Бәлкім ауа райы жақпаған болар деп те ойлайды. Сол сияқты қазақстандық мамандар елден неге кетеді? Елдегі жағдай ұнамағаннан ба? Әлде басқа себеп бар ма? Жалпы, 2020 жылы Қазақстаннан 29,1 мың адам кеткен. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 35,6 пайызға аз. Дегенмен өзге елге қоныс аударуға құмартқандар санының төмендеуі көпшіліктің елде қалуды таңдағанын білдірмесе керек. Өйткені пандемияға байланысты шекара жабық болып, арлы-берлі жүріске шектеу қойылған еді. Осы орайда мамандардың шет мемлекеттерге жұмыс бабымен ауысуына тоқталғанды жөн көрдік. Бұл үрдіс байқалғаны биыл ғана емес. Сарапшылар мен мамандармен тілдесіп, себебін саралауға тырыстық.

Қазақстандықтар қайда кетіп жатыр?

Алдымен Ұлттық статистика бюросының ақпаратына көз салсақ. Былтыр елден кеткендер қай жаққа қоныс аударған десеңіз, басым көпшілігі Ресейге кеткен (25 139). Жал­пы, көрші мемлекетке көшіп жатқандардың дені өзінің тарихи Отанына оралушылар. Сол сияқты Ресейден Қазақстанға қайтып жат­қандар саны да басқа елдермен са­­­лыстырғанда көбірек, нақтырақ айт­­­қанда, былтыр елге көшіп келген 11,4 мың адамның 3614-і – Ресей­ден. Германияға кеткендер – 2 250, АҚШ-қа – 247, Беларуське – 234, Өзбек­станға – 199, Израильге – 61, Түр­­кияға – 54 және Әзербай­жанға 32 адам. Отыз мыңға жуық отан­­дасы­мыздың кеткенін атап өттік. Соның ішінде 8 183-і жоғары білімі бар азаматтар екен. Мамандықтарына тоқталсақ, 4 471 адам техникалық білім алған, 2 322 – экономикалық, 1 454 – педагогикалық, 759 – меди­­циналық, 541 – заңгерлік, 447 – сәулетші-құрылысшы, 230 – ауыл­­­шаруашылық білімін алғандар. За­манауи қоғамда мигранттарды тауар ретінде қарау басым. Ал жалпы миграцияның өзі – табиғи процесс. Десек те, сарапшылар озық ойлы, жоғары білікті мамандардан айы­­­­­рылып жатқанымызды айтып дабыл қағып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, ресми статистикада эми­­гранттар қатарына ел азаматтығынан бас тартып, басқа елдің азаматтығын алған адамдар ғана қосылады. Қа­­зақстандық төлқұжатпен жүріп, бірақ басқа елде оқитын не жұмыс істейтіндер туралы нақты ақпарат жоқ. Оның бір мысалы ретінде 2017 жылы білім алу мақсатында Ресейге миграция жасағандар саны ресми статистика бойынша 76 ғана болса, көрші елдегі ақпарат тіпті басқаша болды. Ресейде 2016-2017 жылы 64 мың қазақстандық оқыған.

Көшудегі себеп қандай?

Саясаттанушы Бауыржан Се­рікұлы мамандардан жұмыс бабымен елден кетуінің бірнеше себебін атап өтті. Оның айтуына қарағанда, өркениетті елдерде ғылыми зерттеу­­­мен айналысу үшін барлық мате­­­риалдық-техникалық база жоғары деңгейде әрі жүйелі түрде жолға қойылған. Ғалымның, маманның жұмыс істеуі үшін қолайлы орта, сол салаға берілген мамандар шоғыры, дәстүрлі мектептер бар. «Әрине, мұн­­дай ортаға түскен мамандар өзіміздегі жағдаймен салыстырып кеткісі келеді. Екіншіден, бюро­кратияға бай­­ланысты. Мемлекеттік грант­­тарды ұтып алған мамандар саны көп құжат пен есеп тапсырады. Қағаз­­бастылықтан шаршайды. Тексеру, бақылау көп. Ал маман мен ғалымға еркіндік, шығарма­­шы­­лықпен айна­­лысатын кеңістік керек. Келесі се­беп – бізде ғылым мен биз­нес байла­ныспаған. Бизнес саласы, жеке сек­тор белгілі мәселе­лердің шешімін табу үшін ғылымға қаржы құймайды. Шикізаттық экономикаға байланған, бәрін мемлекеттен күту стереотипі бар. Ғылымда қаржы аз. Жалақы аз», – дейді Б.Серікұлы. Жалпы, тек ғылым емес, өзге секторларда да табыс өркениетті елдермен салыстырғанда төмен. Ма­ман өзінің еңбегіне сай жалақы ал­ғысы келеді.  Турасын айтқанда, мамандар, ғалымдар оның ішінде жастар жағы қайрат күші барда озық елдерде жұмыс істеп, тәжірибе жи­­нағысы еледі. Бұл да қалыпты жағдай.

«Түбінде елге ораламыз» дейді олар

Кореяда қызмет етіп жатқан маман Ерлан Тәубабек түбінде елге оралатынын айтады. Сеул ұлттық университетіндегі Буданг аурухан­а­­сының клиникалық феллоу, хирург дәрігері осындай пікірде. «Әлемнің түкпір-түкпірінде қызмет етіп, оқып жатқан достарым бар. Бәрімен осы тақырыпты сөз ете қалсақ, басты мақсат тәжірибе жинау деген пікірге тоқталамыз. Қазақстанның көп салада әлі жет­кілікті жетістіктерге жетпегені рас. Мысалы, медицина саласын алып қарасақ болады. Дамыған елдерде бізде жасалмайтын операция түр­лері бар, қолда­­­­­нылмайтын жаңа технология көп. Ғылыммен ай­налысуға мүмкіндік мол. Соны пайдаланып, дамуды көздейміз. Әлбетте, негізгі жоспар – елге оралу, отандық медицинада қызмет ету. Мұндай тенденция дамушы елдердің бәріне тән деп ойлай­мын», – дейді Ерлан Тәубабек. Шынында, мамандар дамыған елдердің тәжірибесін бойға сіңір­генді жөн көреді. Оған тіпті қуанған дұрыс болар. Әрі жаһандану үрдісі де әсерін тигізбей қоймайды. Жас­тар барынша мүмкіндікті мүлт жібермеуге тыры­сады. Бұл ұмтылыс кейде жап-жақсы нәтижелерге де жеткізуі мүмкін. Мәселен IT-маман Райымбек Егембердиев қазір Лат­вияның Рига қаласында жұмыс істейді. Оның да бірнеше жылдан кейін Қазақстанға қайту ойында бар. «Тәжірибе алу мақсаты ал­дыңғы қатардағы себеп екені белгілі. Одан бөлек, қаржылық мәселе бар. Батыс компанияларында жалақы жоғары әрі тұрақты. Ірі ком­­па­нияларда мамандарға өте жақсы қарайды. Медициналық сақ­тандыру, түрлі бонус та бар. IT са­ласында Big Data, Data science, жа­санды интел­­лект сынды маман­дықтар бар. Қа­­зақстанда мұндай мамандар бол­ғанымен, оларға ың­ғайлы жұмыс орны көп емес. Сол үшін де шетелге кетуі мүмкін. Әрі әлеуметтік жағ­­­дайға байланысты елдегі ертеңгі күнге сенім азайса да, көшкісі келе­­тіндер, қоныс аудара­тындар кө­­бейеді» деп себептерді атап өтті Райымбек. Әлеуметтік жағдай демекші, шетелде жалақы жоғары, жағдай жақсы дегенді жиі естиміз. Сол үшін көбі арман қуып Америкаға кетсем деуі де мүмкін. Сонымен бірге біздегі несие пайызының жоғары болуына байланысты күнкөрістің қиындап кеткені тағы бар. Байқасақ,Түркия сынды алыс-жақын елдердегі үй бағасы Нұр-Сұлтан қаласындағы бағамен шамалас. Соңғы жылдары осы мемлекеттен тұрғын үй сатып алушылар да көбейді. Бірден көшіп кетпесе де, климаты жылы, бір саты өмір сүру сапасы жоғары алыс-жақын елдерден болашағын көргісі келетін көзқарас та баршылық. Мұны да жоққа шығара алмаймыз. Қысқасы, шетелге кетуге себеп бо­латын фактор көп бізде. Сонымен бірге қиырға кеткендердің ораларына деген сенім де бар.

Жадыра АҚҚАЙЫР