ҚР ҰҚК Болат Бақауовқа қатысты қылмыстық іс қозғады
ҚР ҰҚК Болат Бақауовқа қатысты қылмыстық іс қозғады
5,089
оқылды

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2020 жылғы 15 қаңтарда Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты лауазымдық уәкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша ҚР ҚК 362-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша тіркелген қылмыстық іске сәйкес жедел-тергеу шараларын жүргізді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Осы кезеңде тергеу мүддесіне орай толық деректер жариялануға жатпайды», – делінген ҰҚК ақпаратында.

Болат Жұмабекұлы Бақауов Павлодар облысының әкімі болып 2016 жылы тағайындалды.

Мамандығы бойынша заңгер, экономист-менеджер. Еңбек жолын Павлодар облысы Железин ауданының «Советский Казахстан» кеңшарында жұмысшы болып бастаған. 1993-2008 жылдары Павлодар облысының шағын және орта бизнесінің ауылшаруашылық кәсіпорындарында кәсіпкерлікпен шұғылданған.

2008 жылдан бастап мемлекеттік қызметке келді. Павлодар облысындағы Қашыр ауданының әкімі, Ақсу қаласының әкімі лауазымдарында болды. 2014-2016 жылдары – Павлодар қаласының әкімі.

2002 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің және «Құрмет» орденінің иегері.