Азия чемпионы әділдік іздейді
Азия чемпионы әділдік іздейді

Жергілікті әкімдік сыйла­ған пәтерінен айырылып қал­ған зілтемірші Айдар Қазов­тың үй мәселесін шеше ал­май жүр­геніне біраз жылдың жүзі  болды. Сол аралықта спорт­шының ашпаған есігі, баспаған табалдырығы қал­ма­ған. Бү­гінде әлемдік са­йыста атой салып, көк туы­мыз­ды көкке желбіреткен зілтемірші Айдар Қазов әділ­дік іздеп жүр.

Мәселенің мән-жайы көпке түсінікті болуы үшін бәрін басынан баяндайық. 2015 жылы зілтемірші Айдар Қазов ауыр атлетикадан Тайландта өткен Азия чемпио­на­тында Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салып, дүбірлі додада еліміздің атын әлемге әйгіледі. Сол жарыстан соң Айдарды жерлестері үлкен қошеметпен қар­сы алып, құрмет көрсеткен болатын. Көп өтпей, 2016 жылы сол кездегі Солтүстік Қазақстан облысының әкі­мі Ерік Сұлтанов Азия чемпио­нына айтулы жетістігі үшін «Жас өркен» шағынауданындағы «Мечта» тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Алайда спортшының қуанышы ұзаққа созыла қоймады. 2018 жылдың шілдесінде құрылыс компаниясы­ның басшысы сөзінен тайып, спорт­шыға басқа ұсыныс жасады. Жасөркен шағынауданындағы үйден бас тартып, Қызылжар тұр­ғын үй кешеніндегі баспанаға көшу туралы ұсыныс айтады. Кәсіпкер сонда баспананың құжатын бірден рәсімдеуге септесемін деп уәдесін берген. Айдар екінші үйге көшіп, оған жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Алайда «Қазградстрой» компания­сының директоры бұл жолы да оны сан соқтырып кеткен. Болған жай­ды зілтемірші былайша баяндап берді. – 2016 жылы облыс әкімі Ерік Сұлтанов «Казградострой» құрылыс компаниясы салған «Мечта» тұрғын үй кешенінен 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Салтанатты рәсім сол жерде өтті. Пәтерді өз атыма жазып, меншік иесі атану үшін құжат­тарды рәсімдеу керек болды. Құрылыс компаниясының дирек­торы Александр Авдеев жылжы­майтын мүліктің банкте кепілде тұрғанын, жуық арада оны кепілден шығаратынын, сол кезде пәтерді менің атыма рәсімдеуге болатынын айтып сендірді. Осылайша, біраз уақыт өтті. Ал 2018 жылдың шілде­сін­де маған пәтерді айырбастауға ұсыныс жасады. «Қызылжар» тұр­ғын үй кешеніне көшсем, ондағы пәтерді бірден менің атыма рәсім­деуге болатынын айтты. Сөзіне сендім. Көштім. Сылақпен ғана тапсырылған үй болатын. Жөндеу жұмыстарын өзім жүргіздім. Авдеев пәтерді рәсімдеуден қашқақтап, түрлі сылтау айта берді. Осылайша, мүлікті өз атыма аудара алмадым, – дейді ауыр атлетикадан Азия чемпионы. Ал ең өкініштісі, араға бірнеше ай уақыт салып құрылыс компания­сының директоры Айдарға берілген екінші пәтерді сатып жіберген. Ол кезде спортшы басқа қалада оқу-жаттығу жиынында жүргенін айта­ды. Құқық қорғау органдарының өкілдері спортшының қарындасы Альфияның қолына 10 күн ішінде үйді босату жөніндегі ескерту хабар­ламаны ұстатып кеткен. Кейін Айдар бірден туған жеріне оралып, мәселенің мән-жайын білуге ты­рыс­қан. Бірақ ешкімнен тұшымды жауап ала алмапты. Спортшы тек тиісті мекемелерге өтініш жазып, баспанада жылыту маусымы аяқтал­ғанға дейін тұра тұруға ғана рұқсат ала алған. Кейін оған Петропавл қа­ла­лық әкімдігі Азия чемпионына Қазақстан Конституциясы көше­сін­дегі ескі үйлердің бірінен қыз­мет­тік 1 бөлмелі үй береді. Алайда нысан ішінде не су, не жарық бол­маған. Оның барлығы коммуналдық қызмет ақысы төленбегендіктен ажыратылыпты. – Көршілердің айтуынша, пә­терде жалғызілікті ер адам тұрыпты. Туған-туыстары болмаған. Ол қай­тыс болғаннан кейін мүлік әкімдік меншігіне өткен. Пәтерде әкімдік қызметкері тұрыпты. Қарыздарын өтемеген. Сондықтан коммуналдық компаниялар белшесінен қарызға батқан тұрғынға қызмет көрсетуді тоқ­татқан. Олар да тегін жұмыс істе­мейді. Қарыздың бір бөлігін әкім­шілік жапты, қалғанын өздерің жаба­сыңдар деді, – дейді Айдардың қарындасы Альфия. Қазір пәтер бос тұр. Спортшы одан мүлде бас тартқан. Себебі ол мүлікті жекешелендіре алмайды екен. Айдар осы уақытқа дейін бұл мәселе жайында ешкімге шағым­дан­баған. Бір сөзінде зілтемірші Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабековке жолдаған сауалдары да жауапсыз қалғанын, баспасөз қызметінің «ресми сұрау жіберіңдер» деген талабын да орындағанын, жауап күтіп жүргенін айтып қалды.

2016 жылы сол кездегі Солтүстік Қазақстан облы­сының әкі­мі Ерік Сұлтанов Азия чемпио­нына айтулы жетістігі үшін «Жас өркен» шағынауданындағы «Мечта» тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Алайда спортшының қуанышы ұзаққа созыла қоймады.

Бұл мәселе жөнінде Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин былайша жауап берді. – 2016 жылы «Казгродострой-НС» құрылыс компаниясының ди­рек­торы Авдеев пен Қазов ара­сын­да келісім болған. Спортшыға баспана берілді, алайда қалыптасқан эко­номи­калық жағдайға байла­нысты Авдеев өз шешімін өзгертті. Оған әкімдіктің ешқандай қатысы жоқ. 2019 жылы облыстық Спорт бас­қар­масынан Қазовқа қызметтік пәтер беру жөніндегі өтінішхат түсті. Мә­селе тұрғын үй жөніндегі ко­ми­ссия отырысында қаралды. Айдар Қазо­вқа жекешелендіру құқығынсыз 1 бөл­мелі пәтер беру жөнінде шешім қабылданды. Заңға сәйкес, Олим­пиада, Паралим­пиада, Сурдлим­пиа­да чемпиондары мен жүлдегерлері ғана меншік иесі атана алады. Айдар ол санатқа жат­пай­ды. Сондықтан жылжымайтын мүлікті өз атына аудара алмайды, – дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары. Сонымен қатар Асқар Хаби­булин 2016 жылы жұмыс істеген мамандардың, басшылықтың ауы­сып кеткенін, ол кездегі мәселенің мәнінен бейхабар екенін айтып ақт­алды. Ал осы іске қатысты Александр Авдеевтің өзі былай деп жауап берді. – Ол пәтер басқалары сияқты Петропавл қаласы әкімдігімен арадағы келісім кепілі ретінде банк­те тұрды. Әкімдік бастамасымен келісімнің үзілуіне байланысты ақшаны банктен қайтарып алды. Банк пәтерді аукционға қойып, сатып жіберді. Осылайша, Қазовтың пәтері сатылып кетті. Ол үшін әкімдікке «рақмет» айту керек. Спортшыға пәтерді облыс әкімі сыйлады. Мен онда болған да жоқпын. Ол бастапқыда-ақ банкте кепілде тұрды. Облыс басшылығы барлығынан хабардар болды. Әкімдік ескі үйлерді сүру, маңайды абаттандыру, комуналдық желілерге қосылуға кеткен шығындарды өтеуге тиіс еді. Бірақ олай болмады. Осындай жайттардың кесірінен компания банкротқа ұшырады. Қазір бірнеше сот отырысы өтіп жатыр. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін уақыт көрсетеді. Спортшыға шынымен обал болды. Әкімдік бергенін алып қойды. Оған ештеңе істей алмаймыз, – дейді Александр Авдеев. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпкердің әкімдікке өкпесі қара қазандай. Ол өзінің де, спортшының да тығырыққа тірелуіне мемлекеттік органды айыптап отыр. Ал Пет­ропавл қалалық әкімдігі банкротқа ұшыраған құрылыс компаниясын айыптады. Осының бәрінен шаршаған зілтемірші қазір кәсіби спорттан кету туралы да ойлап жүргенін жасырмады. Әкімдердің халық алдында көзбояушылықпен беріп, кейін тартып алған пәтері мен құрғақ уәдесі спортшының шамы­на тиген болса керек. Болған жайт­тардан кейін Айдар бастапқы баспанадан үмітін үзген. Әкімдіктің жауабын күтіп жүрген спортшы бұл істің қай уақытқа дейін созы­латынынан да бейхабар. Ендігі кезек­те құрғақ уәдемен уақыт соз­бай, ауыр атлетикадан ел үміті саналған саңлағымызға қолдау көрсетілсе дейміз. Қалай дегенмен спортшыға жасалған қиянат жақ­сылық әкелмесі анық.

Абылайхан ЖҰМАШ