Елбасы Нығматулинді қабылдады
Елбасы Нығматулинді қабылдады
91
оқылды

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжі­лісі­нің Төрағасы Нұрлан Нығматулинді қабыл­да­ды. Кездесу барысын­да Нұрсұлтан Назарбаев­қа был­тыр күзде өткен кеңес бары­сында берілген тап­сыр­­маларды Nur Otan пар­­­тиясы фракция­сының орын­­дауы жөнінде мәлімет берілді.

Елбасы депутаттардың аза­маттардың сұраныстарына уа­қытылы жауап беру жұмыстарын жалғастырудың маңызын атап өтті.

– Халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, етене жұмыс іс­теу қажет. Бұл – партияның, сон­­дай-ақ барлық деңгейдегі депу­тат­тардың міндеті. Біз­дің ортақ парызымыз, – деді Қа­зақстанның Тұңғыш Прези­денті.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық өсімге қол жеткізу, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін ат­қарушы және заң шығарушы билік тармақтарының үйлесімді жұмысын қамтамасыз етудің маңызына тоқталды.

– Алдымызда ел эконо­микасының өсімін қамтамасыз ету міндеті тұр. Осы орайда, Парламент пен партия бірлесе жұмыс атқаруға тиіс, – деді Елбасы.

Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің рөлін арттыру мәселесіне назар аудару қажетін атап өтті.

– Үкіметті қалыптастыруда Парламент негізгі рөл ат­қа­руға тиіс. Заңдар мен бағдар­ламаларды бірге қабылдап, халыққа бірлесе есеп бергені абзал, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин Елбасына Мәжіліс депутаттарының өңірлерге сапарының қорытындылары және Парламенттің төменгі палатасының заң шығару қыз­меті туралы ақпарат ұсынды.

– Осы жылдың 5 қаңтарынан бас­тап депутаттар, оның ішінде фрак­ция депутаттары еліміздің бар­лық өңірлерін, шалғайда жат­қан елді мекендерді аралап шық­ты. Бұл күндері депутаттар жұрт­шылықпен шамамен бір жа­рым мың кездесу өткізді. Онда көптеген мәселелер кө­те­рілді. Соның ішінде, әлеу­мет­тік көмектің жаңа форматы, жаңа ден­саулық сақтау кодексі, ха­­лықты жұмыспен қамту мә­селе­­лері қозғалды. Алдағы заң шы­­ғару ісінде тұрғындардың бар­лық пі­кір­лері мен ұсыныс­тары ес­­керіледі. Жалпы, өт­кен жыл­­дың қыркүйек айы­нан бері Мәжіліс қарауына 97 заң жо­басы енгізілді. Оның 37-і қол­дау тауып, Парламент Се­на­тына жолданды, – деді Мәжіліс Төрағасы.