Байқоңырға газ келді
Байқоңырға газ келді
154
оқылды

Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мә­жілістің 2020 жылдағы алғашқы отырысында ми­нистр ретінде Нұрлан Ноғаевтың дебюті өтті. Сон­дықтан ба, депутаттар оны көп қинамай, келген ша­руасын бітіріп берді. Энергетика министрі Ре­сей бірте-бірте босатып жатқан Байқоңыр қаласын газ­дандыру түйткілдерін тарқататын құжатты ұсынды.

Байқоңыр қаласы – Қа­зақстанның әкімшілік-аумақ­тық бірлігі. Сонымен бірге ол Ресейдің федералдық маңызы бар қаласы саналады. Алайда шаһарды газбен жабдықтайтын көршінің «Газовое хозяйство» мемлекеттік кәсіпорны жұмы­сын тоқтатыпты. Жұрт ас әзір­лейтін отыннан айырылып қалғандықтан, Қазақстан өз бетінше қаланы газдандырып шыққан. Министр бұған оның жанынан өтетін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» жаңа газ магистралі мүмкіндік берді дейді.

Яғни, бұрынғы ресейлік сұйытылған мұнай газы орнына құбырмен тартылған қазақ­стандық табиғи газ келді.

Қалада 74 мың адам тұрады екен, оның 60 пайызы Қазақ­стан азаматы. Пәтерлердегі барлық байқоңырлықтар енді бұрынғыдан 16 есе арзан отан­дық «көгілдір отынға» ауысып алды.

Салыстыру үшін айтсақ, ресейлік сұйытылған мұнай газының бағасы килограммына 343 теңге, яғни текше метрі үшін 714 теңге болған. Ол баға қазіргі кезде 18-19 теңгеге де­йін арзандады.

Байқоңырдағы барлық газ тарату жүйесін Ресей Қазақ­станға табыстап жатыр. «Қа­зақстан және Ресей үкіметтері арасындағы «Байқоңыр» ке­шенін газбен жабдықтау ту­ралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы осы про­цесті заңдастырады. Мәжіліс құжатты мақұлдап, Сенатқа жолдады. Энергетика министрі Н.Ноғаевтың мәліметінше, бұл құжатқа Президент Қ.Тоқаев­тың 2019 жылғы 3 сәуірдегі Ре­сейге ресми сапары аясында қол қойылған.

– Үкіметаралық келісімге сәйкес, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ына қала аумағында газ сату құқығы беріледі. Осы қызмет ресейлік салық орган­дарында тіркелмейді, бұл қо­сарланған салық салуды бол­ғызбайды. Келісімде «Байқо­ңыр аумағында табиғи газды бөлшек саудада өткізу бағасы Қызылорда облысының газ тұ­тынушылары үшін Қазақ­станның монополияға қарсы органы белгілейтін бағаға сәй­кес келуі тиіс» деп бекітілген. Бүгінде Қызылорда облысында және Байқоңыр қаласында табиғи газдың бір текше мет­рі­нің бөлшек бағасы тұрғындар үшін 18,6 теңге, ал заңды тұл­ғалар мен бюджеттік ұйымдар үшін 18,9 теңгені құрайды, – деді Энергетика министрі.

Ведомство басшысы бай­қоңырлықтар шығынының қан­шаға азайғанын да айтты: «Бір пәтер тамақ әзірлеу үшін орташа 3-4 текше метр сұйы­тылған газ тұтынып, 1700-2600 теңге ақша төлеген. Табиғи газ­ға қосылғанда, тұрғындар төлемі 111-186 теңге аралығын құрайды».

Қазір Байқоңырдың бар­лық көпқабатты 328 тұрғын үйі, 150 жеке үйдің 45-і, сондай-ақ 3 балабақша, 5 мектеп, көп­бейінді аурухана секілді Қа­зақстанға тиесілі әлеуметтік нысандар табиғи газға көшті.