Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі керек
Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі керек
229
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақор­­дада Пре­зи­денттік жас­тар кадр ре­­зе­р­ві­нің мүше­ле­рімен кез­­де­су өткізді. Кездесуге ре­­­зер­­в­ке енген 300 адам ша­қы­­­рыл­ды. Бұл туралы Ақор­­­да­­­ның бас­пасөз қызметі хабар­­лады.

Мемлекет басшысы іс-ша­раға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Президенттік кадр резервін құру туралы бас­тама өзінің сайлауалды бағдар­ламасындағы негізгі бағыттың бірі болғанын атап өтті.

– Сіздердің әрқайсысыңыз жоғары кәсіби біліктеріңізді көрсетіп, мемлекет игілігі үшін адал қызмет етуге ниетті екен­деріңізді дәлелдедіңіздер. Сон­дықтан сіздермен кездесіп, елі­міздегі өзекті мәселелер бойынша пікірлеріңізді тыңдап, кадр ре­зервіне енген азаматтардың ал­дын­да тұрған міндеттер жө­нін­де өз ойымды білдіру үшін бар­шаңызды Ақордаға арнайы шақырып отырмын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тәуел­сіздік жылдарында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елімізде мемлекеттік басқарудың жүйесі қалыптасқанын айтты. Бұл жүйе талай қиын кезеңде өзінің тиімділігін бірнеше рет дәлелдеді.

Қазақстан Президенті қазіргі заманғы сын-қатерді ескере оты­рып, мемлекеттік аппарат жұ­мысына жаңа әдістерді енгізу қажет деп санайды.

– Барлық жаңалықтың ор­тақ мақсаты – халыққа жа­қын болу. Шын мәнінде, біз мем­лекет қызметінің сервистік мо­делі жайында әңгіме қозғап отыр­мыз. Қазақстанға қоғамның талап-тілегіне дұрыс, тиімді және әділетті жауап беретін мемлекеттік басқарудың жаңа үл­гісі керек, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мем­­ле­кеттік басқаруды рефор­ма­­лау жайында айта келіп, биыл­­дан бастап мемлекеттік қыз­мет­ші­лердің саны біртіндеп қыс­қара­ты­нын, үнемделген қара­­жат тиім­ді жұмыс істейтін қыз­­мет­кер­лерді материалдық тұрғы­дан ынта­ландыруға жұм­сала­тынын атап өтті.

– Қазақстан халқына арнал­ған Жолдауда айтқанымдай, 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің, сонымен қатар ұлттық компаниялар қызмет­керлерінің санын 25 пайызға қысқарту көзделіп отыр. Әрине, бұл біржақты жасалмайды, олар­дың атқаратын қызметін қайта қарап, яғни мемлекеттік орган­дардың қызметіне жатпайтын міндеттерді аутсорсинг пен аза­маттық қоғам өкілдеріне жүктей отырып қысқартамыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өз баян­дамасында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­да­масының негізгі үш қағидатына, атап айтқанда, ашықтық, инк­лю­зивтік және азаматтардың сұра­ныстарына жедел жауап беру мәселелеріне ерекше назар ау­дарды.

– Қазақстан азаматтары ше­неуніктерді қоғамға қатысты бар­лық шешімдерді билік дә­ліздерінде қабылдайтын қандай да бір таңдаулы топ ретінде қа­рамауы керек. Шенеуніктер қол­жетімді болуы қажет. Мемлекеттік қызметші халықтың ортасында халық үшін жұмыс істейтін ха­лықтың бір бөлігі деуден еш жа­лықпаймын! – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысы Прези­денттік кадр резервінің әрбір мү­шесінен елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтетінін жеткізді.

– Алдағы уақытта сіздерді мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жауапты қыз­метке жібереміз. Қазірдің өзінде резервке өткен елу бес азамат жаңа қызметке тағайындалды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл резервтегі 100 адамды жауапты қызметке тағайындауды, алдағы жылдарда кадрлық резервтің әлеуетін толық пайдалануды жос­парлап отырғанын айтты.

Қазақстан Президенті еліміз­де жүргізілетін ауқымды транс­формациялар нақты салалардағы, өңірдегі, қалалар мен ауылдағы кішкентай өзгерістерден баста­латынын атап өтіп, жастарды атқаратын қызметіне қарамай мемлекетті жаңғырту процесіне өз үлестерін қосуға шақырды.

– Бүгінгі жас буынның, оның ішінде сіздер де билікке келетін уақыт алыс емес. Сіздер мемле­кетті басқару тізгінін алуға дайын болып, тиісті білім мен білікті мең­герулеріңіз қажет. Жаста­ры­мыз ел дамуының жаңа тарихи кезеңіне дайын болуы керек. Бі­лім мен білік менмендіктен биік тұруы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін еліміздің барлық жастарына ар­най отырып, жаңару үдерісі өзінің ішкі саясаттағы басым бағытының бірі екенін айтты.

– Кадр резервін жасақтау жұ­мыстары мұнымен тоқтап қал­майды, жалғаса береді. Оның қатарына ынталы және лайықты жастар кіреді, – деді Президент.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы кадр резервіне кірген жастардың өздеріне жүктелген міндетті лайықты атқаратынына сенімді екенін тағы да қайталап айтты.   

Шара барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төра­ғасы Анар Жайылғанова, Пре­зиденттік жастар кадр резервінің мүшелері – «Астана» халықаралық қаржы орталығы Биржасының қаржы директоры Ренат Бек­тұров, Жапонияның ұлттық саяси зерттеулер институтының док­то­ранты Зүлфия Сүлейменова, Eurasia Blockchain Fintech Group Limited компаниясының бас ди­ректоры Тілектес Адамбеков, «Өскемен қалалық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі Қамқор­шы­лық және қорғаншылық ор­ганы, балалардың құқықтарын қорғау секторының меңгерушісі Юлия Овечкина және BTS Digital ЖШС білім беру орталығының кон­суль­танты Олжас Сәкенов сөз сөйледі.