Көкшетауда 12 жасар кәсіпкер майтабан балаларға көмектесіп жүр
Көкшетауда 12 жасар кәсіпкер майтабан балаларға көмектесіп жүр
Он екі жасқа жаңа толған Заурбек Яндиев тумысынан маймақ аяқ болған. Бірақ, жігерлі бала бұл кемістікті артта қалдырған. Қазір ол өзі сияқты майтабан замандастарына қолұшын созған стартап жобаны қолған алған. Табандары варусты деформациядан зардап шеккен балаларға арнап арнайы ортопедиялық аяқ киім жасайтын Заурбек нағыз кәсіпкерге айналған. Болашақта үлкен компания ашқысы келетін жігітпен Aikyn.kz порталының тілшісі сұхбаттасқан еді. Кішкентай Заурбек бірнеше ай бұрын ғана өзінің кәсібін ашқан. Өз идеяларын жүзеге асырған ол терможапсырмалары бар футболкалар, түрлі жазулары бар саптыаяқтар мен тастар шығарған. Барлық жұмысты ол өз күшімен жасайды. Түскен табысының бір бөлігін жас та болса қайырымдылыққа жұмсапты.
- Мен туғаннан майтабан әрі маймақ аяқты болғанмын. Үнемі аяғымда гипс болатын. Оны қалай кигізіп, қалай шешетіні әлі күнге дейін есімде. Қатты қиналатынмын. Аяқтарым жиі ауыратын. Маған үш мәрте ота жасалды. Сөйтіп, бұл аурудан құлантаза айығып шықтым. Қазір дәл осындай диагноз қойылған басқа адамдарға қолымнан келгенше көмек жасап жүрмін. Олар өздерін жалғыз сезінбегенін қалаймын. Қазір карантин уақытында көп адамдардың қаражаттан қиналып жүргенін жақсы білемін. Көп ата-ана қымбат тұратын арнайы аяқ киімді сатып ала алмайды. Ал онсыз ауру балалардың аяғындағы кінәрат асқынып, одан сайын ұлғая бермек, - дейді Заурбек. Жасөспірім кәсіпкердің өз кәсібін ашуына түрткі болған жағдай, ол - ата-анасынан ақша алғысы келмеген. Оның айтуынша, қазір тапсырыстар жеткілікті. Тіпті, басымнан асып жатыр. Сондықтан жалқаулануға уақытым да жоқ, - дейді ол. «Маған алғашқыда ата-анам көмектесті. Командамда үш адам бар. Үлкен әпкем – дизайнер. Сосын кіші бауырым және мен. Қазір біз Қажымұқанның 150 жылдығына орай үлкен тапсырыс қабылдадық», - дейді жас кәсіпкер.
Ізденімпаз кәсіпкер Көкшетау қаласындағы №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясының 6 сыныбында оқиды. Бұған дейін ол тіс дәрігері болуды армандапты. Бірақ, уақыт өте келе өзі сияқты зардап шеккен басқа адамдарға да көмектесуді ұйғарып, өзінің жеке кәсібін ашқан. Заурбек болашақта өз ісін үлкен компанияға дейін кеңейткісі келеді. Заурбек өзі сияқты маймақ аяғынан зардап шегіп жүрген замандасы, 10 жасар Бахтияр Беспайға арнайы ортопедиялық аяқ киім түрінде қайырымдылық көмек жасапты. Бурабай ауданының Кенесары ауылында тұратын бұл бала да табанының варусты деформациясынан зардап шегеді екен. 12 жастағы жас кәсіпкер оған өз қолымен жасаған арнайы аяқ киімін ұсыныпты. Тағы бір дайындаған аяқ киімі мен ұлтарағын Артем есімді балаға беріпті.
«Мен кішкентай маймақ аяқты балалар өмірден баз кешіп кетпесе екен деймін. Олар менің басымнан өткен қиындықтарға ұшырамаса екен», - деп қорытындылады Заурбек Яндиев.
Кәсіпкер одан әрі де кәсібін жалғастырып, қайырымдылық жасауды да жүргізе бермек.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы