Қазақстандағы сауда орындарында, тіпті базарда сеңсең тон, құндыз ішік, сусар бөрiк сатып алған адамдар оның заттаңбасында RFID KZ және «Изделия из нат.меха» деген орысша жазуды аңғарған болар. Осы жазу тері-былғарыдан жасалған өнімдердің қымбаттауына соқтырды. «Өгізге туған күн бұзауға да туады» демекші, сырт киімге келген сойқан енді аяқкиімнің төбесінен төніп тұр.
ЕАЭО аясында өнімдерді жаппай таңбалау жобасы – шикі, рәсімдері жете ойластырылмаған, жүйесі түпкілікті пысықталмаған бизнес оған дайын емес. Міндетті «маркалауды» Мәскеу ұсынып отырған форматта енгізу одақтағы заңды бизнес үшін ауыр зардапқа соқтыруы мүмкін. Қысқасы, пайдасынан зияны көп. 2019 жылы Еуразия экономикалық комиссиясында өткен осы тақырыптағы кеңесте барлық мүше елдер кәсіпкерлері тарапынан қатаң сын айтылған.
Тауарды таңбалау деген не? Осыдан 4 жыл бұрын Ресей үкіметі 2024 жылға дейін барлық өнімдерді цифрлы таңбалаудың ұлттық жүйесін құру туралы шешім қабылдады. Яғни, тауарлар тегіс бірегей сәйкестендіру белгілеріне ие болады және ол белгі бірыңғай онлайн-жүйеде тіркеледі. Сатып алушылар смартфон арқылы таңбаны сканерлеп, арнайы қосымшада тауардың заңды түрде өндірілгенін және зауыттың оның сапасына жауап беретінін біле алады.
Таңбалау отандық өндірушілерді де, шетелден импорттаушыларды да қамтиды: олар нарыққа әкелген әр тауарына цифрлы код жапсыруға және оны жүйеде тіркеуге міндетті. Таңбалау логистикалық компаниялар мен көтерме саудагерлерге қатысты: олар тауардың сатып алған кезден дүкенге өткізілгенге дейінгі қозғалысын көрсетуі шарт. Мысалы AliExpress-тен интернет арқылы Қытай затын сатып алған тұтынушылар пошта сайты арқылы ол дүниесінің қай қалаға жеткенін қадағалап отырады. Бұл жүйе соған ұқсас.
Ақыр соңында таңбалау бөлшек сауда орындарына, дүкен мен базарға баса-көктеп кіреді: олар тауарды қабылдап алғанын және тұтынушыға сатқанда өнімнің нарықтан шығып қалғанын жүйеде тіркеуі тиіс.
Ресей шарасы – бізге тұсау ма?
Қош, бұл солтүстік көршінің «ұлттық жүйесі» екен, оның Қазақстанға керегі қанша? 147 миллион халқы бар Ресей – Еуразиялық одақтағы ең алып нарық. Тіпті, ЕАЭО соған еркін қол жеткізу үшін құрылғаны мәлім. Осы басымдығын пайдалана білетін көрші электронды таңбасы жоқ тауарды өз нарығына жібермейтінін мәлім етті.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Евгений Больгерт отандық бизнес бұл іске қарсы болғанымен, Қазақстан одан басын алып қаша алмайтынын айтады.
«Біз таңбалауды дәл қазір жаппай ендіре алмаймыз, қажетті инфрақұрылым жетіспейді, шетелден әкелінеді. Кәсіпкерлермен осы мәселені талай талқыға салдық және аталған үдерісті елемеу орнына, оған дайын болғанымыз жөн деген тоқтамға келдік. Мысалы, 2019 жылғы 1 шілдеден бастап Ресей аяқкиімді міндетті маркалауға көшті. Қолдағы деректер бойынша біздің өндірушілер Ресей нарығына жыл сайын 5,5 миллиондай жұп аяқкиім сатады. Ал көршінің біржақты түрде енгізген міндетті таңбалауы қазақстандық аяқкиімнің оның нарығына кіруіне кедергі болады», – деді ол.
Сондықтан Қазақстан бұл өзгерістің жақсы жақтарына екпін түсіруге мәжбүр. Ұлттық палата «таңбалау адал бәсекелестікті дамытудың пәрменді тетігіне айналуға тиіс» деген ұстанымда. Е.Больгерт осы жүйе бірден екі негізгі міндетті шешетініне сенімді: біріншіден, жасалып, конвейерден шыққан мезеттен бастап, одақтағы қандай да бір елдің нарығына түсіп, тұтынушыға сатылғанға дейінгі тауар жолы нақты қадағаланады. Екіншіден, контрафактімен күреске үлес қосады.
Республикамыз жаңа жүйені өзінде сынақтан өткізуді 2017 жылы «шубадан» бастады. Өйткені отандық былғары-тері өнімдерінің өндірісі жоқтың қасы. Демек, өндірушілерге түсер жүктеме де аз. Қаржы министрлігінің дерегінше, пилоттық жоба басталғалы декларация ресімдеп, тері бұйымдарын импорттайтындар саны 23%-ға, импорттан кедендік баж және салықтар бойынша түсімдер 70%-ға (170 миллионнан 283 миллион теңгеге дейін), ішкі нарықта ішік-тон сатудан түсетін салық түсімдері 182,9 миллион теңгеге дейін артқан.
Бұған қоса, таңбалау шарасы жеңілдікті салық салу игілігін пайдалану мақсатында табысын төмендете көрсетіп келген салық төлеушілерді де әшкереледі. Сөйтіп, патентпен істейтін былғары өнімдерін сатушылар саны 6,2 есе – 243-тен 25-ке дейін азайды.
Бүгінде Қазақстан аяқкиім өнімдерін, дәрі-дәрмекті, спиртті ішімдіктерін таңбалаудың пилоттық жобасын іске қосу бағытында жұмыс жүргізуде.
Адал бизнес алаңдайды
Бір желіккен державаның тоқтауы қиын. Еуразия экономикалық комиссиясының қолдауын иеленген Мәскеу 2019 жылғы 1 желтоқсанда парфюмерияны, шина мен дөңгелекқапты (покрышка), фотоаппаратты, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп тауарларының бірнеше тобын міндетті цифрлы маркировкалауды енгізді. 2020 жылғы 1 маусымда сүт өнімдерін электронды таңбалау іске қосылады. Ресейде таңбалаудың бірыңғай операторы ретінде «ЦРПТ» ЖШҚ таңдалған.
Қазақстан нарығына да сүт және басқа өнімдерін өткізетін француздық Danone компаниясының мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі директоры Татьяна Ткаченко Ресейдегі пилоттық жоба аясында көңіл жабырқатар қорытындыға келгенін айтады. Таңбалау өндірістік процеске, өнімнің өзіндік құнына және жеткізудің жолға қойылған схемаларына теріс ықпал етуі мүмкін. Сүт өнімдерін маркалау басталса, бір «Данон» АҚ-ның тек таңбалау кодының ақысын төлеу бойынша шығындары 25 миллиард рубльді құрамақ.
Оның үстіне көрші өзіне сатылатын сүт және сүт өнімдерінің «өрістен дастарқанға дейінгі» өндірісін қадағаламақ ниетте. Ендеше, оған осы тауарды таситын отандық өндіріс ресейлік ЦРПТ сыртында, «Меркурий» жүйесіне де тәуелді болады. Ал өндірушілер бір тауардың қосарлама бақылауға ілігетініне қамығады және қарсы үн қатуда.
«Қазақстанның ФармМедИндустриясы» қауымдастығының президенті Руслан Сұлтанов отандық фармацевтика кәсіпорындары мемлекеттің қаржылық қолдауына зәру дейді: «Себебі таңбалауды енгізудің ең төменгі құны дәрі-дәрмек өндірудің 3 желісі ғана бар шағын кәсіпорын үшін 500 мың евро және одан қымбатқа түспек», – дейді ол.
Сауда және интеграция министрлігі 2019 жылғы 30 желтоқсанда өткізген тендер қорытындысында «Қазақтелеком» АҚ-ы Қазақстанның «Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторы» болып танылды. Яғни, ұлттық телекоммуникациялық алпауыт тағы бір «майшелпек» салада монополиске айналады.
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев таңбалауға қажетті бақылау-сәйкестендіру белгілерін де осы бірыңғай оператор шығарып, бизнеске тарататынын жеткізді. Бірақ БСБ бағасы әзірге анықталмаған. Оны арнайы комиссия белгілейді. Ресейде, мысалы, әр аяқкиім жұбын таңбалау 50 тиын, автокөлік шинасына RFID жапсыру 120 рубль тұрады. Бизнес таңбалауға кететін бар шығынын тауар құнына қосып, баға көтеруге тура келетінін айтып отыр.
Nike компаниясының өкілі Дмитрий Вишняков: «Дамыған елдер түгіл, әлемнің басқа бірде-бір елінде таңбалау жүйесі контрабандамен күрес құралы ретінде қолданылмайды» дейді. Бұл жүйе тек заңды кәсіпорын шығаратын тауар жолын қадағалайды. Ал жасырын цехта жасалған, тиісінше цифрлы белгісі жоқ тауарлар тек рейд кезінде анықталады. Қылмыс әлемін қоя салып, кілең базар мен дүкен аралап жүруге тәртіп сақшыларының мүмкіндігі бола берер ме екен?!