Ақтөбеде құлаған зымыран – Ресейдікі
Ақтөбеде құлаған зымыран – Ресейдікі

Жуырда Ақтөбе облысы аумағына зымыран қалдықтары құлағаны жайлы ақпарат масс-медиада жылт еткен де, жоқ болған. Кейін Қорғаныс министрлігінің өкілдері зымыранның құлағанын растады. Әрі Ресеймен арадағы әскери полигондар­ды жалға алу шарттарын қайта пысықтап алуды жөн көріпті. Бұл өз кезегінде қоғамда әскери полигондардың мәртебесі мен тұрғындардың қауіпсіздігі мәселесін өзекті ете түскен жайы бар.

Әңгіменің әлқиссасына тоқталар болсақ, қаңтардың 9-ы күні Ақтөбе облысының Байғанин ауданы Ноғайты елді мекені төңірегіне аспаннан белгісіз зат құлаған болатын. Бұл туралы ақпарат әу баста әлеуметтік желілерде тарағанымен, біраздан соң тынышталып қалды. Кейін аспаннан құлаған заттың зымыран екенін Қорғаныс министрлігі мойындаған болатын. Алғаш тараған ақпаратта төңірекке және аймақ тұрғындарына ешқандай зиян келмегені айтылды. Ал ресейлік масс-медиа көктен түскен темір-терсектің «Искандер-М» зымыраны екенін айтып, дүрліккені бар. Сөйтіп, ел қорғанысына жауапты мекемеміздің дер кезінде ақпарат таратпауының кесірінен бұқара үрпиісіп қалған-ды. Өйткені «Искандер-М» зымыранының аты естілсе тұтас Еуропаның   алаңдап қалатынын көріп, біліп жүрміз. Сөйтсек, қазақ жеріне құлаған зымыран атышулы қару емес екен. Ресми ақпарат солай. Әрине, анық-қанығын ақпарат таратқан мамандар білер, бірақ олар Ақтөбе жеріне құлаған заттың «геофизикалық» зымыран екенін алға тартты.


«Ол – «Искандер-М» емес»

Еліміздің Қорғаныс министр­лігі осындай уәж айтады. 11 қаң­тар­да министрлік сайтында мына­дай мәлімет жарияланды:

«2020 жылғы 9 қаңтарда Қа­зақстан мен Ресей арасындағы 1995 жылғы мемлекетаралық келі­сім­ге сәйкес Қазақстан аумағын­дағы полигонды жалға алған Ре­сей Қорғаныс министрлігі сынақ орталығының жоспарлы оқу-жат­тығулары уақытында бір зы­мы­ранның сынығы белгіленген орын­дардан тыс жерге құлауы орын алды.

Жарылыс болған жоқ. Ақтөбе облысының Байғанин ауда­нын­дағы зымыран сынығы құлаған аумақта зардап шеккендер мен қираулар жоқ. Тұрғындар үшін жағдай қауіпті емес. Қазақ­стан аумағында объектілерді пай­далана отырып, зымырандарды ұшыру оқу-жаттығуларды өткі­зудің жылдық жоспарына және кес­тесіне сәйкес жүргізілді. По­лиция қызметкерлері зымыран сынығы құлаған ауданды оқшау­лады. Осы келісімге сәйкес Ақтө­бе облы­сының әкімдігі жанындағы Қазақ­стан – Ресей комиссиясы мән-жайды және себептерді анық­тауды жүргізетін болады».

Ал 14 қаңтардағы ақпаратта министрлік құлаған зымыранның «Искандер-М» емес екенін жазды. Соңғы ақпаратта «Ресейлік БАҚ-тың әлеуметтік желілерге сілтеме жасай отырып, «Искандер-М» зы­мыраны құлағаны жайлы та­ратқан деректері расталмады» делінген. Алайда ресейлік ақпарат құралдары сілтеме жасаған блогер ұсынған деректердің де ойлан­дыратыны жасырын емес. bmpd.livejournal.com мекенжайымен тіркелген блогта зымыран Ре­сейдің Капустин Яр полигонынан ұшып, Ақтөбе жеріне жеткені жазылған. Өздерінше есеп-қисап жасаған блогерлер зымыранның 600 шақырым жерге дейін ұшқа­нын алға тартады. Ал іс жүзінде «Искандер-М» зымыранының түрлі модификацияларында ең алыс қашықтық 500 шақырым деп көрсетілген. Шамасы 500 шақы­рым­ға баратын зымыранның ар­тығымен «жортқанына» ресейлік масс-медиа қуанып кетті ме, әй­теуір блогердің мақаласын Лента.ру тәрізді ірі медиа құрылымдар жариялап жіберді. Біздің әскери­лер болса, бұл зымыранды «гео­физикалық» деп атаған. Әдетте, атмосфераның жоғары қабатын зерттеуге қажет құрылғыларды көкке ұшыратын геофизикалық зымырандар өзгелерге қарағанда қауіпсіз саналатыны рас. Бірақ биіктен құлаған кез келген заттың адам үшін қатер екенін ескерсек, геофизикалық зымыранның құ­лағаны да жақсылық емес. Біз өз тарапымыздан зымыран қалдық­тарының әлеуметтік желіге тара­ған фотосына қарап, Ақтөбе же­ріне құлаған нысанды МН-300 гео­физикалық зымыранына ұқ­саттық. Тек сол нысанның ресми белгіленген аумақтан ауытқып кеткені қынжылтты.

 

8 млн гектар әскери полигонды жалға бергенбіз

Полигон демекші әскери жат­тығулар үшін пайдаланылатын аумақтар елімізде аз емес. Оларды тек өз әскеріміз пайдаланып қана қоймайды, көрші Ресейге жалға берген аумақтарымыз да бар. Көбі КСРО кезінде қолданылған поли­гондар. Одақ тараған соң екі елдің арасындағы келісім негізінде Ре­сей сол полигондарды жалдап отыр. Дегенмен біраз полигон­дарды жалдауды тоқтатып, Қа­зақстанға қайтарған. Қазір Ресей Қазақстандағы үш әскери поли­гон­ды пайдалануда. Олардың жал­пы аумағы 8,6 млн гектар. Со­ның ішінде Сарышаған поли­гонының аумағы 6 млн 985 мың гектар болса, «Ресей Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік түра­ралық орталық полигоны» деген ұзын-сонар атауы бар мекеме қолданатын аумақ 301 мың гектар. Үшінші полигон «Ресей Қорғаныс министрлігі 929-мемлекеттік ұшу-сынақ полигоны» деп атала­ды. Оның аумағы 1 млн 323 мың гек­тар. Екі елдің арасындағы ке­лісімге сәйкес біз аталған по­лигондардағы жердің әр гектарын 2,33 долларға жалға береміз. Сөйтіп, осы полигондар жылына 20 млн доллар шамасында қаржы әкеледі. Бұлардан бөлек Ресей Байқоңыр ғарыш айлағын да жалға алған. Оны жалға алу құны жылына 115 млн доллар. Ғарыш айлағын жалға алу барысында Ресей зымыран қалдықтары құ­лайтын бірқатар аумақты да пай­даланады. Яғни, ғарыш және әс­кери мақсаттағы зымырандардың құлайтын аумағы алдын ала бел­гіленіп қойған. Сонымен қатар Ресей соңғы жылдары бірқатар полигонды Қазақстанға қайтарып берді. Солардың арасында Ақтөбе жеріндегі Ембі полигоны болған. Ресейліктер оны 2008 жылдан кейін қолданған жоқ. Сондықтан жалға алуды тоқтатқан. Қазір аталған аумақ ауыл шаруашылығы, геологиялық барлау жүргізу мақсатында қолданыла бастады. Алайда Ресей әскерилері ұшы­ратын зымырандардың траек­то­риясы Ақтөбе облысының бір­қатар ауданының үстінен өтеді. Орынбордан немесе Капустин Ярдан ұшырылған баллистикалық зымырандар Сарышаған поли­гонына әдетте осы облыстың үс­тімен ұшып жетеді. Алайда Ресей тарапы ұшырған геофизикалық зымыранның траекториясы ту­ралы мәлімет жоқ. Әскерилер он­дай зымыранды кез келген по­лигоннан ұшыра алады. Орын­бордан да, Капустин Ярдан да атылуы мүмкін. Ал зымыран өз мін­детін мінсіз орындай ма, ақау шығып құлай ма, ол жағы белгісіз. Кәдімгі «орыс рулеткасы» ғана. Өйткені техниканың аты – тех­ника. Әрі көрші мемлекетте жа­салып жатқан қару-жарақ жаңа емес. КСРО-дан мұраға қалған зымырандар әлі де сынақтан өтіп тұрады. Ал одақтың ыдырағанына да отыз жылға таяу уақыт өтті. Әрі полигонды жалға беру одақтас­тардың бізді қорғауының белгісі саналмайды. Оны бірқатар әскери мамандар да айтып жүр.

 

Мұрат.JPG

Мұрат МҰХАМЕДЖАНОВ, 
оставкадағы полковник, 
«Респуб­ликалық тәжік-ауған 
шекара­сындағы ұрыс қимылдарына 
қатысушылар одағы» қоғамдық 
бірлестігінің төрағасы.

Қазақстан – тәуелсіз ел. Қа­зақстанның сырт­қы да, ішкі де жауы жоқ. Бұл еліміздің Әскери доктринасы мен қорғанысқа қа­тысты заңдарында көрсетілген. Біз бейбітшілікті сүйетін елміз. Әрі жаһандағы барлық елдермен бейбіт қарым-қатынас орнату саясатын жүргіземіз. Біздің жеке Қарулы күштеріміз, әуе қорға­ны­сы бөлімдеріміз бар. Бізге өзгенің зымырандарының қажеті жоқ. Өз басым шетелдіктердің еліміз аума­ғында зымыран сынауы, сол зы­мы­рандардың құлап жатуы аза­мат­тарымыздың денсаулығына кері әсер етеді деп ойлаймын. Біз, ауған-тәжік шекарасындағы ұрыс қи­мыл­дарына қатысқан арда­гер­лер елімізде шетелдік әскери по­лигон ұстау қажет емес деп са­наймыз. Жоғары білімді әскери маман ретінде айтайын, шетел­діктердің қорғауына да мұқтаж емеспіз.

 

Министрлік келісімшартты пысықтап алмақ

Қорғаныс министрінің орын­басары Мұрат Бектанов Ақтөбе облысына зымыран қалдық­та­ры­ның құлауына байланысты Ре­сеймен арадағы келісімдерге өз­геріс енгізу бастамасы бар екенін айтты. Генерал Қорғаныс ми­нистр­лігі осындай ұстанымда еке­нін айта келе: «Ресей Федера­ция­сының Қазақстан аумағын­дағы полигондарды пайдалану туралы 1995 жылы жасалған келі­сімшарт бар. Қорғаныс министр­лігі еліміздің аумағы мен нысан­дарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аталған келісімге өзге­рістер жасау үшін ұсыныс енгізеді» деді. Сонымен қатар Қорғаныс вице-министрі зымыран құлаған жерде әлі де комиссия жұмыс істеп жатқанын, тергеп-тексеру 10 күнге дейін созылуы мүмкін еке­нін айтты. Демек, Қорғаныс ми­нистрлігінің қолында да ресейлік әріптестері берген деректен басқа ештеңе жоқ тәрізді. Бәлкім содан да шығар, сала мамандары құлаған зымыран жайлы айтудан бас тар­тып, журналистерден аулақ жүруге тырысып жатыр. Бірақ интернет заманында сыр сақтаудың тым қиын екенін әскерилер білсе ке­рек еді. Қазір Қазақстанның әске­ри қуаты қандай, қанша техникасы бар, ол техника қай жылғы де­гендей ақпараттарды интернеттен тауып алу оп-оңай. Ресей жайлы да солай. Біздің де «дәу де болса МН-300 геофизи­ка­лық зымыраны құлаған шығар» деген болжам айтуымызға осы интернет көмек­тесті. Әйтпесе, әу баста ақпаратты жасырған әскерилер масс-медиаға шығып кеткен мәліметтерден соң ғана үн қатуға мәжбүр болған әрі өздері айтқан геофизикалық зы­мыранның маркасын айтқан жоқ.


P.S.

Әдетте «зымыран» десе, «Протон», «Ресей жалға алыпты..» десе Байқоңыр еске түсетін жұртпыз ғой. Ғарыш зымырандарының бір ерекшелігі – апат болған жағдайда жасырып-жаба қою өте қиын. Өйткені олар тым үлкен. Ал әскери зымырандардың мәселесі бөлек. Ақтөбеде жұрттың көзіне түсіп қалғандықтан шу болды. Ал ұлан-ғайыр даламыздың адам сирек баратын өңірлерінде не болып жатқанын кім білсін?!


Аманкелді ҚҰРМЕТ