«Пандустарға арбамен шыға алмайсың» – сапасыз қызметке шағымданды
«Пандустарға арбамен шыға алмайсың» – сапасыз қызметке шағымданды

Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдауда мәселе көп, – деп жазады 24.kz.

Дереккөздің хабарлауынша, Алматыда 43 мың мүмкіндігі шектеулі адам тұрады.

Олардың 1500-ден астамы өздігінен қозғала алмайтындықтан, қала ішіне тасымалдайтын арнайы көлік қызметін пайдаланады.

Мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асатын қызмет сапасына көңілі толмаған мүгедек жандар әлеуметтік желіде шағымданған еді. Ернар Сәрсеев инватакси қызметін 10 жылдан бері пайдаланып келеді. Ол қаңтар айының басынан бері арнайы көліктердің өзгергенін байқаған.

Артынша қызмет көрсететін компанияның ауысқаны анықталды.

Түрі өзгергені ештеңе емес дейді мүмкіндігі шектеулі жан. Көліктерде ең қажетті нәрсе – қауіпсіздік ескерілмеген. Торланып жасалған пандустары арба мен адамның салмағын көтеруі екіталай дейді ол.

Қала тұрғыны Ернар Сәрсеев: «Көліктер дұрыс жабдықталмаған. Арбаны бекіту тетігі стандартқа сай емес. Пандустардың жақтауы болмағандықтан, арба шетке сырғанап кетуі мүмкін. Тіпті пандусқа міну қиын, өйткені кедергі бар», – дегенді айтты.

Осы салаға жауапты басқарманың өкілі мемлекеттік сатып алу барысында барлық құжат талапқа сай болған еді дейді.

Қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Жетібаева: «Мүгедектерге қызмет көрсететін жаңа компания жұмысына кіріскен сәттен бастап бірнеше шағым түсті. 15 көлікке тексеру жүргізілді. Нәтижесінде,оларда арбаларды бекітетін құрал болмады. Қауіпсіздік белбеуі бар, бірақ мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті деңгейде бекітілмеген. Қызмет сапасы біздің бақылауымызда. Бәрі заң шеңберінде шешімін табады», – деді.

Алдағы уақытта кемшіліктер түзеліп жатса, қосымша хабарлайтын боламыз.