Қорғансыз қызды неге арашалай алмадық?
Қорғансыз қызды неге арашалай алмадық?
134
оқылды

Тағы да зорлау. Тағы да бейкүнә тағдыр зардап ше­гіп отыр. Ақтөбеде ІІ топ мү­ге­дегін туысы зор­лап кел­ген. Бұл оқиға қо­ғамды алаң­датып тұр. Онсызда өмірге туабітті сал ауруы­мен келген жа­зықсыз жан­ды зорлауға қай безбүй­рек­тің дәті бар­ды екен?! Соңғы жыл­дары осын­дай зорлау оқиға­ла­ры жиі тір­келетін бол­ды. Осыдан бір­­неше жыл бұ­рын да Ал­ма­т­ы облысында сал ау­руы­мен ауыратын та­ғы бір бойжеткен зор­лық-зом­бы­лықтың құр­баны бол­ған еді. Қазақ қыз­дың тәр­бие­сіне ерек­ше мән беріп, қонақ деп төр­ге оз­дыр­ған. Қыз тәр­биесі – ұлт тәр­биесі деп санаған. Енде­ше бей­біт қоғамда қызда­рымыз неге зорлық-зомбы­лыққа ду­­шар болып отыр? Дәр­мен­сіз м­ү­гедек қызды зұ­лым­дық­тан, қатігездіктен қа­лай ара­шалап аламыз? 


Дина ТАҢСӘРІ, 
«Немолчи» қоғамдық қорының өкілі:

– 1966 жылы туған ер адам мүм­кіндігі шектеулі туысының үйіне барып, оған қамқор болып, мас­саж жасауға көмектесіп жүр­ген. Ол осы жағдайды пайдаланады деген ой ешкімде болмаса керек. Жәбірленуші туабітті сал ауруына шалдыққан, құлағы естімейді. Деменция ауруымен есепте тұр, басқа да түрлі психикалық дерті бар. Бір күні анасы қызына туысының келгені ұнамай­тынын, оны көрсе мазасы кететінін бай­қаған. Ым тілімен сөйлесе келе, мән-жайы белгілі болды. Кейін сурдо­аудар­ма­шының көмегімен барлығы анықталды. Сот-меди­циналық сараптама кезінде де туысының іс-әрекеті нақты­ланды. Ал туысы мұндай жағдай тек бір-ақ рет болғанын, қыздың өзі жабысқанын айтады.

Ал сарапшылар зорлық жасал­ғанын анық­тап отыр. Тергеушілер, сарапшы пси­хологтер, проку­рор­лар жақсы жұмыс атқар­ды. Туы­сын заң бойынша соттауға барлық материал жеткілікті. Біз қоғамда қыздардың жазықсыз жәбір­лен­генін қаламаймыз. Мұның алдын алу керек. Кез келген адам қыздың арын, намысын таптап кете ал­май­ды. Мү­ге­дек қыз да қоғамның бір бөл­шегі. Ал қылмыс істеген адам өз қылмысы үшін жауап беруге тиіс.

 

Бауыржан АЗАНОВ,
адвокат:

– Зорлық-зомбылық көрсе­ту – бүкіл қоғамның мәселесі. Қауқарсыз, бейкүнә балаларға қол жұм­сап, адамдар азғындап, неше түрлі зорлық-зомбы­лық көрсетіп жатса, ол да бүгінгі қоғамның көрінісі деп санаймын. Осыдан бір жарым ай бұрын Тал­ды­қорған қаласында зорлық-зомбылық бойынша ғылыми-практикалық конференция өтті. Ол жиынға украиналық әріптестеріміз де қатысты. Украинаның 45 миллион халқы бар. Сол 45 миллион халқы бар мемлекетте жылына ары кетсе 400-ге жуық қылмыс тірке­леді екен. Ал 18 миллион халқы бар Қазақстанда жылына шама­мен 1500-дей қылмыстық оқиға тір­келетін көрінеді. Украинаның халқы бізден үш есе көп. Зұлым­дық­тың түп-төркіні неде? Заң қа­тал емес деп айтуға болмайды. Қылмыскер кез келген қылмысы үшін заң алдында жауапты. Өйт­кені бізде Әкімшілік кодекс, Қыл­мыстық кодекс бар емес пе? Сол бойынша қылмыскер жаза­сын тартады. Бұл жердегі мәселе – адамдардың ниет-пиғылында. Қалай адам дәті барып, мүгедек балаға зорлық көрсете алады? Мүмкін, оның психикасы дұрыс емес шығар. Ол ауру адам болуы да мүмкін. Оның ішкі ой-түсінігі, санасы мүгедек болып тұр. Қазір зорлықтың түрі көп, тіпті адам жанын жаралайтын ауыр сөз айтудың өзі зорлық болып есеп­теледі. Ұрып-соғу, жәбірлеу, қия­нат жасау да зорлық. Мектептерде жеткіншектер арасында түрлі әлімжеттік мәселелер орын алып жатыр. Біз оны қалыпты дүние секілді қабылдаймыз. Мұның бәрі әлеуметтік мәселеден туындап жатыр. Оның соңы үлкен қыл­мыстарға апарады. Біз оның қазір алдын ала алмасақ, кейін кеш болып қалады.

 

Мәдина КЕРІМОВА,
сарапшы:

– Ақтөбеде болған қыл­мыс­­қа селт етпей қарау мүм­кін емес. Туабітті сал ауруына шал­дыққан мүгедек қызға зорлық көрсету – ауыр қылмыс. Егер біз ондай ба­лаларға айрықша қам­қорлық көрсете алғанымызда, аялағаны­мыз­да мұндай қатігездік орын алмас еді. Ата-анасы, бауырлары қыз баланың басында болып жатқан оқиғаны ертерек аңғарған­да, мұндай қылмыстық оқиға орын алмас па еді деп те ойлаймын. Оның үстіне ата-анасы туысына баласын сеніп тапсырып отыр ғой. Оны қылмыскер деп санаған жоқ. Содан опық жеп отыр. Сол себепті ата-ана, мұға­лімдер тарапынан болсын, мұндай балаларға ерекше көңіл бөлінгені дұрыс. Олар да өзін қоғамға қажет, керек екенін сезінуі керек. Ба­ланың тағдырына бейжай қарауға болмайды. Олардың келешегі үшін бәріміз жауаптымыз. Бала жазық­сыз жапа шекпеуі тиіс. Қоғам ­мұн­дай қасіреттен, қиын­дықтан, зорлық-зом­былықтан азат бол­ғаны жөн. Қазір ол балаға ата-анасы, ағайыны, сарапшы психо­лог­тер­дің көмегі қажет. Сонда ғана ол қиындықтан шыға алады. Ал қыл­мыскер өз жазасын алуы керек. Бұл өзгелерге сабақ болуы үшін қажет. Мүгедек балаға зорлық көрсеткен ол қылмыскердің са­на­сы мүгедек болар.