Мал басы көбеймек
Мал басы көбеймек
164
оқылды

Премьер-Министр Асқар Мамин мал шаруашылығын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Ірі қара мал басын көбейту және сиыр етінің өндірісін арттыру бойынша қабылданған шаралар мен өңірлердің етті мал шаруашылығын дамыту бойынша әлеуеті туралы Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров баяндама жасады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдын ала мәлімет бойынша, 2019 жылы мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісі еліміз бойынша 2 306 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5 па­йызға артық.

Ірі қара мал басының саны 4 пайызға, (7,4 млн басқа), жылқы 6,8 пайызға (2,8 млн басқа), құс 2 пайызға (44,3 млн басқа), қой 2,7 пайызға (16,9 млн басқа), түйе 3,5 пайызға (214,8 мың басқа), шошқа 2,9 пайызға (822,2 мың басқа) көбейген.

Құс етінің өндірісі 16 пайызға, яғни 223 мың тоннаға, сиыр еті 5 пайызға немесе 501,4 мың тон­наға, жылқы еті 4,3 пайызға – 132 мың тоннаға, қой еті – 0,8 па­йызға, яғни 152 мың тон­наға, шошқа еті – 0,3 пайызға не­месе 86 мың тоннаға өсті.

Министрдің дерегінше, был­тыр асыл тұқымды мал шаруа­шылығын дамытуды субсидиялау мен саланың өнімділігін арт­тыруға 115,7 млрд теңге қаржы бөлінген. 840 отбасылық ферма 82,2 мың ірі қара мал басын сатып алуға несие алыпты.

«2019 жылы желтоқсан айын­да Tyson Foods америкалық ком­паниясымен қол қойылған Қа­зақстандағы қазіргі агро-муль­типротеин индустриясын дамы­туға қатысу қағидалары туралы келісім етті мал шаруашылығын дамытуға зор серпін береді. Бі­рінші кезеңде Қазақстанда өнім­ділігі тәулігіне 2 мыңға жуық мал басы болатын заманауи ет өңдеу кешенін салу жоспар­ланған», – деді сала министрі С.Омаров.

Оның айтуынша, кәсіпорын отандық нарықтың қажеттілігін өтеп қоймай, өнімдерді шетел нарығына экспорттамақ. Осы­лайша, еліміздегі жылдық ауыл шаруашылығының түсімін 1 млрд доллардан асыруға ықпал етеді деген болжам бар.

Кеңеске қатысушылар мал санын көбейту, оның өнімділігін арттыру шараларын, сондай-ақ мал азығы базасын нығайту мә­селесін талқылады.

Үкімет басшысы Қазақстанда мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.


Айдана БЕГІМ