Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов штаттық режимде жұмысын атқарып жатыр деп әкімнің баспасөз хатшысы Ернар Сейтахмет бұқаралық ақпарат құралдарына хабарлаған болатын. Алайда Болат Бақауовқа қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қылмыстық іс қозғауды бастап кетті.
Жуырда «Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов ұсталды» деген ақпаратты Telegram-дағы Yedilov online арнасына сілтеме жасап, бірнеше басылымдар мен сайттар жариялаған болатын. Аталған арна «Кейбір дереккөздердің хабарлауынша, ҰҚК қызметкерлері Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовты ұстады. Сондай-ақ оның көмекшісі мен облыс әкімі орынбасарларының бірі ұсталған. Қазіргі кезде ол Павлодар облыстық ҰҚК ғимаратында тергеуде. Оның жұмыс орны мен үйінде тінту жүргізілуде» деп хабар таратқан. Сонымен қатар баспасөз беттерінде «әкім Болат Бақауовтың үстінен облыстағы жоғары лауазымды бір шенеунік арыз жазды» деген мәтін де ұшырасты. Кей ақпарат көздері «әкім параны ақшамен емес, алтынмен алыпты» десе, бірі «жиналыс жүргізіп отырған жерінде қолына кісен салып, тұтқындапты» деп жарыса жазды. Тағы бірде «ұсталған әкім емес, орынбасары Арыстан Қабыкенов екен» дейтін әңгімелер желдей есті. Дегенмен ҰҚК, Ішкі істер министрлігі мен Сыйбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл ақпарат жайында 2 күнге жуық еш ресми дерек шығармаған еді.
15 қаңтар күні түнгі ондар шамасында Болат Бақауов өзінің Instagram парақшасына күндіз өткен жиналыстар туралы жазба қалдырып, алдағы уақытта да үлкен жоспарларды орындайтынын айтты.
16 қаңтар күні Болат Бақауов екі бірдей басқарманың алқа мәжілісіне қатысуы керек болған. Бірақ екі жиын да кейінге шегерілген. Көп ұзамай әкімнің баспасөз хатшысы Ернар Сейтахмет Болат Бақауовтың өз қызметінен кетпегенін, жағдай тұрақты екенін мәлімдеген. Дегенмен ҰҚК шенеунікке қатысты қылмыстық іс қозғауға кірісіп кеткені ресми жарияланды. 2016 жылы Павлодар облысының әкімі болып тағайындалған Болат Бақауовқа лауазымдық уәкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 362-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша тіркелген қылмыстық іске сәйкес жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. «Толық деректер жариялануға жатпайды» делінген ҰҚК ақпаратында.
Мадияр ТӨЛЕУОВ