Ұшақ соғылған үй заңсыз салынған
Ұшақ соғылған үй заңсыз салынған
99
оқылды

Ұшағы апатқа ұшырап, елді азаға душар еткен Bek Air ірі өтемақы төлеуден құтылмақ. Алматы қаласының әкімдігі әуе көлігі соғылып, күйреген коттедждің заңсыз салынғанын мәлімдеді. Себебі оның қожайыны құрылыс жобасын құзырлы органның келісімінен өткізбеген және тұрғын үйді қолданысқа беру рәсімін жасамаған.

Бұл туралы «Бірінші арна Еу­разия» арнасының сұрауына орай Алматы облысы Талғар ауданының әкімдігі мәлімдеді. Жергілікті әкімқаралар әуежай дуалының дәл іргесінде үй салуға рұқсат ететін ешқандай құжат жоғын атап өтті.

Олардың айтуынша, бұл жер телімі иесіне жеке тұрғын үй салуға емес, егістік телім (полевой надел) ретінде ұсынылған.

Ал Жер кодексінің 97-бабына сәйкес, ауыл шаруашылығы өн­ді­рісін, шаруа немесе фермер қожа­лықтарын жүргізу үшін жеке және заңды тұлғаларға берілген егістік телімдерінде «ауыл шаруашылығын жүргізуге қатысы жоқ нысандарды, оның ішінде тұрғын үйлер салуға жол берілмейді». Яғни, тыйым салынады.

«Талғар ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімі өз бе­тінше тұрғызылған аталған құры­лысқа сәулет-жоспарлау тапсыр­масын берген жоқ. Эскиздік жоба келісілмеген және тұрғызылған нысанды пайдалануға қабылдап алу актісі тіркелмеген», – деп ресми жауап берді әкімдік.

Bek Air әуе компаниясының «Алматы – Нұр-Сұлтан» бағытын бетке алған ұшағы 2019 жылғы 27 желтоқсан күні таңертең апатқа ұшырады. Жерден көтеріле бер­генде, ұшақ бірнеше рет бүйірге жан­тая құлап, ұшу-қону жолағы­нан шығып кеткен және әуежай­дың бетон дуалын жарып өтіп, же­ке үйге соғылды. Апатта 12 адам қаза тапты, 52 адам ауруханаларға жеткізілген.

Қайғылы оқиғадан кейін бас­пасөз конференциясын өткіз­ген Bek Air басшылығы қираған екі қабатты үйдің қожайыны баспа­насы заңды тұрғызылғанын дәлел­дейтін құжаттарын ұсынса, өте­мақы төлейтіндерін мәлімдеді. Жа­ңа тұрғызылған коттеджіне әзір­ге құ­жаты жоқтығын иесімен сұх­бат­тасқан журналистер ха­бар­лады. Енді ондай құжат мүлдем болмай­ты­нын әкімдік аңғартып отыр.


Елдос СЕНБАЙ