Ұшағы апатқа ұшырап, елді азаға душар еткен Bek Air ірі өтемақы төлеуден құтылмақ. Алматы қаласының әкімдігі әуе көлігі соғылып, күйреген коттедждің заңсыз салынғанын мәлімдеді. Себебі оның қожайыны құрылыс жобасын құзырлы органның келісімінен өткізбеген және тұрғын үйді қолданысқа беру рәсімін жасамаған.
Бұл туралы «Бірінші арна Еуразия» арнасының сұрауына орай Алматы облысы Талғар ауданының әкімдігі мәлімдеді. Жергілікті әкімқаралар әуежай дуалының дәл іргесінде үй салуға рұқсат ететін ешқандай құжат жоғын атап өтті.
Олардың айтуынша, бұл жер телімі иесіне жеке тұрғын үй салуға емес, егістік телім (полевой надел) ретінде ұсынылған.
Ал Жер кодексінің 97-бабына сәйкес, ауыл шаруашылығы өндірісін, шаруа немесе фермер қожалықтарын жүргізу үшін жеке және заңды тұлғаларға берілген егістік телімдерінде «ауыл шаруашылығын жүргізуге қатысы жоқ нысандарды, оның ішінде тұрғын үйлер салуға жол берілмейді». Яғни, тыйым салынады.
«Талғар ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімі өз бетінше тұрғызылған аталған құрылысқа сәулет-жоспарлау тапсырмасын берген жоқ. Эскиздік жоба келісілмеген және тұрғызылған нысанды пайдалануға қабылдап алу актісі тіркелмеген», – деп ресми жауап берді әкімдік.
Bek Air әуе компаниясының «Алматы – Нұр-Сұлтан» бағытын бетке алған ұшағы 2019 жылғы 27 желтоқсан күні таңертең апатқа ұшырады. Жерден көтеріле бергенде, ұшақ бірнеше рет бүйірге жантая құлап, ұшу-қону жолағынан шығып кеткен және әуежайдың бетон дуалын жарып өтіп, жеке үйге соғылды. Апатта 12 адам қаза тапты, 52 адам ауруханаларға жеткізілген.
Қайғылы оқиғадан кейін баспасөз конференциясын өткізген Bek Air басшылығы қираған екі қабатты үйдің қожайыны баспанасы заңды тұрғызылғанын дәлелдейтін құжаттарын ұсынса, өтемақы төлейтіндерін мәлімдеді. Жаңа тұрғызылған коттеджіне әзірге құжаты жоқтығын иесімен сұхбаттасқан журналистер хабарлады. Енді ондай құжат мүлдем болмайтынын әкімдік аңғартып отыр.
Елдос СЕНБАЙ