Көмек аламын десеңіз
Көмек аламын десеңіз
104
оқылды

Елімізде осы жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа қағидасы енгізілді. Отбасы мүшелері үшін жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегі арасындағы көрсеткіш сәйкес келмесе, АӘК алуға болады. Бірақ ұсынылған жұмыстан бас тартсаңыз, алты ай бойы бұдан да айырыласыз.

Жаңа сипатқа ие болған атау­лы әлеуметтік көмек (АӘК) кім­дерді қамтиды? Осыны са­ралап көрейік. Негізі бұл көмек табысы аз отбасыларға беріледі. Бұ­рын­ғыдай бала санына қара­май­ды, яғни балалар саны, бір немесе төрт бала болуы маңызды емес. АӘК тағайындау үшін бас­ты кри­терий – бұл жан басына шақ­қан­дағы орташа табысы отбасының әрбір мүшесіне аймақтық ең тө­менгі күнкөріс деңгейінің 70 па­йызынан аспауы тиіс. Отбасының барлық мүше­лері үшін АӘК мөл­шері жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегінің ара­сындағы айырма ретінде айқын­далатын болады. АӘК ашықты­ғын қам­тамасыз ету үшін тоқсан сайын тексеру тағайындалатын болса, отбасының материалдық жағ­дайын анықтау мерзімі 3 күннен 7 күнге дейін ұлғайтылған екен. «Егер отбасы АӘК қажет деп есептесе, онда қаңтар айында әлеуметтік көмекті тағайындау үшін құжаттар тапсыра алады. АӘК алатын барлық отбасы­лардың балаларына мемлекет кепілдік берген әлеуметтік топ­тама ұсынылады», – деген бола­тын Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Түркістан облы­сына барған жұмыс сапарында.

Тағы бір жаңалық – АӘК алу­шыларды учаскелік ко­миссия тек­серетін болады. Өйткені 2019 жылы техникасы, жер телімі бар отбасылар өздерін АӘК алушы ретінде көрсеткен жағдайлар да болды. Ал биылғы жылдан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі АӘК алушы­ларды таңдауға жаңа талаптар қосты. «Мысалы, жалпы пайда­лану алаңы бір адамға шаққанда 18 шаршы метрден асатын бірден артық баспанасы, табыс көзі ре­тінде пайдаланылатын қосымша үй-жайы немесе бірден артық же­ңіл автомобиль көлігі болса, кейбір арнайы шарттарды сана­мағанда атаулы әлеуметтік кө­мек төленбейді. Бұл табысын жа­сырып, заңсыз АӘК алу­шы­лар болмауы үшін жасалып отыр», – дейді мамандар.

Сонымен бірге атаулы әлеу­меттік көмек алудың басты шар­ты – еңбекке қабілетті отбасы мүшесі жұмысқа орналасуға ын­талы болуға тиіс. Егер де ұсы­ныл­ған жұмыстан бас тартсаңыз, бұл көмектен қағыласыз. Осын­дайда көкейде біраз сұрақ туын­дайды.  

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі­нің халықты жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Аймира Муксулованың ай­туын­ша, егер отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі күн­көріс деңгейінің 70 пайызы не­месе 24 258 теңге кедейлік шегі­нен төмен болған жағдайда, атау­лы әлеуметтік көмек таға­йын­далады. «АӘК өтініш беріл­ген күніне қарамастан сол айда беріледі. Мысалы, егер өтінішті 20 қаңтарда немесе айдың соңғы күнінде тапсырсаңыз, онда төлем толық ай бойына төленеді. Сәй­кес­тендіру үшін жеке куә­лікті ұсынуыңыз керек. Сондай-ақ АӘК алатын отбасында жұмысқа қабілетті жан болса, екі қолға бір күрек табуға болады. Жаңа ма­мандық таңдауы үшін әр отбасына жеке кеңес береміз. Кәсіпкерлер палатасы мен жұ­мыспен қамту орталығы бірлесе отырып, жұмыс іздеушілерге көптеген жұмыс тауып қойды. Егер ұсынылған жұ­мыс пен жұмыспен қамтуға жәр­демдесу шарасынан бас тарт­са, жалпы отбасына 6 ай бойы әлеу­меттік көмек беру тоқта­ты­лады», дейді ол. Айтпақшы, АӘК-ті та­ға­йын­дау үшін тұр­ғылықты жеріңізде тұрақты не­месе кемінде 6 ай уақытша тіркеу болу керек.

Әрине, АӘК пен 1 қаңтардан бастап 4 және одан да көп кә­мелетке толмаған немесе 23 жас­­қа дейінгі күндізгі оқу бөлі­мінде оқитын студент балалары бар көпбалалы отбасыларға арналған жаңадан енгізілген мемлекеттік жәрдемақымен шатастырмауы­мыз керек. Бұл мемлекеттік жәр­демақы отба­сының табысына қарамастан 42 496 теңгеден 74 388 теңгеге дейін сараланған мөл­шерде төленеді. Осындай жәр­демақыны қаң­тарда жалпы сомасы 17,7 млрд теңгеге 367 мың отбасы алған болатын.


Әдебиет.JPG   Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ