Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.
Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов Атырауға сапарында мәселе биыл жазда шешілетінін айтты. «Сасыған сай» – Атырау облысындағы басты проблеманың бірі. Қаладан бірнеше шақырым қашықта орналасқан аймақты тұрғындар сол жерден шығатын жағымсыз иіске байланысты атаған. Сайға жылдар бойы кәсіпорындар қалдықтарды тастап, қалдық су ағызып келді. Бұл ауаның күкіртсутекпен ластануына әкелді.«Әкімдік екі жыл бойы қаланың сол жақ жағалауы үшін кәріздік тазарту кешенін салу бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Кешеннің қуаттылығы тәулігіне 70 мың текше метр болмақ. Құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Биыл наурыз айынан бастап іске қосу-жөндеу жүргізіледі. Кешен осы жылы жазда пайдалануға беріледі» делінген министрлік хабарламасында.