Шкарупа ісінде шатақ көп

Шкарупа ісінде шатақ көп

Шкарупаға қатысты істе 241 млн теңге туралы тағы бір дерек шықты. Анатолий Шкарупа Энергетика вице-министрі болып көп отырған жоқ. Ол бұл қызметке 2018 жылдың қазан айында тағайындалды да, келесі айда тұтқындалды.

Иә, 2018 жылдың қарашасында Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сол кездегі Бас прокурор Қайрат Қожамжаров өткір мәлімдеме жасағаны есімізде. «Анатолий Шкарупаның 215 миллион теңгені ұрлауға қатысы бар». Бір жарым апта өтісімен шенеунік қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады.

Шкарупа Қылмыстық ко­декстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тар­мағы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі көлемде талан-таражға салу» бойынша кінәлі деп танылып отыр. Аталған қылмыс бойынша заңда мүлкін тәркілеп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бос­тандығынан айыру көзделген.

Айта кетейік, Анатолий Ва­лерьевич аталған қылмысқа 2014-2017 жылдары Қарағанды облы­сын­дағы Саран қаласының әкімі болып тұр­ған кезде барды делінеді. Оны­мен бірге айыпталған тағы екі адам­ның ісі қаралып жатыр. Бірі – «ТКШ Даму қорының» экс-тө­ра­­ғасы Қайсар Байдалы (қа­мау­да отыр), екіншісі – ENERCO ком­­па­ниясының директоры Ер­лан Нәбиев (денсаулығына байла­нысты үй қамақта).

Айыптаудың мәні – сол жыл­дары Саранда жылу орталығы мен жылу қазандығы болмаса да қа­ла­дағы тұрғын үйлерге жылу есеп­тегіш құралдар орнатылған. Есеп­теу құралын сатып алу үшін 215 млн теңге бюджет қаржысы «ТКШ-ын жаңғырту және да­мыту қазақ­стан­дық орталығы» арқылы ENERCO мердігер ком­па­ниясына бөлінген.

Айыптау мәліметтеріне сү­йен­сек, үш айыпталушы да қазан­дықтың уақытында салынып біт­пейтінін біле тұра, қазынаның миллиондаған қаржысын қаса­қана жұмсаған.

Ал сотталушылардың айт­уын­ша, нысанды тапсырудың кешік­тірілуі олардың кінәсінен емес және олар тарапынан заң бұзыл­маған. Сондай-ақ ақша жымқыру туралы айтудың да мағынасы жоқ, өйткені есептеу құралдары қалаға жылу берілгенге дейін қауіпсіз жерде сақталып тұрды.

Былтыр 25 желтоқсанда өткен алдын ала тыңдау кезінде айып­талушылардың қорғаушылары соттан «қылмыс оқиғасы мен құ­рамы жоқ болғандықтан» істі тоқтатып, прокурорға қайтаруды өтінген болатын. Анатолий Шкарупа да айыптың негізсіз екенін, оған қоса, өзін қылмыскер деп таныған материалдармен толық танысып шығуға мүмкіндік берілмегенін айтып шағымданды. Сонымен қатар ол 37 күн соттың рұқсатынсыз қамауда отырғанын да айтқан.

Айтпақшы, Саран қаласында құны 5 миллиард теңге болатын қазандық салу жобасы 2013 жылы басталыпты. Алайда кейіннен құрылыс сараптамасы жасалған соң жұмыс құны жасанды түрде қымбаттатылып, 1 681 миллиард тең­геден асып кеткендігі анық­талды.

Кейбір дереккөздерінде жа­зылған ақпаратқа сүйенсек, бү­гінде өңір басшылығы нысанды газға көшіру мүмкіндігін қарап жатыр-мыс. Қазіргі сәтте Саранды бірнеше кішігірім қазандықтар жылытып тұр.

Шкарупаның ісін қараған тағы бір сот отырысы 14 қаңтар күні Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық қылмыстық сотында өтті. Осы отырыста судья Жанат Егембердиева зардап шегуші тарап өкілі Әлия Оспанованың арызы бойынша келтірілген за­лалды өтеу туралы азаматтық іс­тің қаралатынын мәлімдеді. Ол 241 млн теңге деп бағаланып отыр.

Алайда осы сот отырысынан 20 күндей бұрын, 25 желтоқсанда алдын ала тыңдау отырысында айыпталушы Анатолий Шкарупа зардап шегуші тарап ретінде та­нылған қор жылу есептегіш құ­рал­дарды сатып алған бағадан қым­батқа сатқан, сондықтан олар­дың «шығын келді» деуі де негізсіз екенін мәлімдеген бо­латын. Сондай-ақ ол сотқа Саран қаласының әкімі болған кезде лизинг туралы келісім бойынша тараптарға қатысы болмағанын жеткізді.

Айтқандай, А.Шкарупа 2019 жылдың 5 желтоқсанында Қа­зақ­стан Президенті Қ.Тоқаев­тың аты­на үндеу жолдаған еді. Ол үн­деу жайлы оның адвокаты Нұрлан Бейсекеев Facebook-те жазып, мә­тінін жариялады. Үндеу хатта Шкарупа өзін 2018 жылдың 16 қарашасынан бастап Қарағанды облысының мекемесінде ұстап отырғанын жазған. «Сізден Саран қалалық сотының алдын ала тың­далымында бұлтартпау шарасын ұзарту немесе алып тастау туралы мәселе шешілмегенін (2019 жыл­дың 15 қарашасы) және менің қамалуымның санкцияланған мер­зімі 2019 жылдың 16 қара­ша­сында аяқталғанын ескеруіңізді сұраймын. Осылайша, сот санк­циясы болмаған жағдайда, менің ісімді қарау алдын ала тыңдау са­тысында екенін, сондықтан Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 342-бабының ережелері қол­данылмайтынын ескеріп, мен 2019 жылдың 16 қарашасында қамаудан босатылуға тиіс едім. Алайда осы уақытқа дейін менің РГУ«АК-159/1» басшысы мен Қа­рағанды облысының прокуро­ры­ның атына берген өтінішім қа­ралған жоқ. Менің консти­туция­лық құқығым қамтамасыз етіл­меген» делінген хатта.

Осыған қарамастан Шкарупа ісі әлі жалғасуда. Аталған қыл­мыстық іске қатысты жиналған материалдың өзі 100 томнан асып кеткен. Демек, Саран қаласының жылу мәселесі эпопеясы аяқталуы үшін әлі қанша куәгер тарты­ла­тыны белгісіз.


АДВОКАТ АЙТАДЫ:


Нұрлан БЕЙСЕКЕЕВ,
Анатолий Шкарупаның адвокаты:

– Біз осы қылмыстық іс бойынша бірнеше өтініш бердік. Істі қарау со­зылып әрі түсініксіз болып бара жатқан соң сот процесі Нұр-Сұлтан қала­сында өтсін деген өтініш бердік, оны да қанағаттандырмады. Негізі Шкарупаны қамауда қалдыру туралы шешім былтыр 16 қарашада аяқталған, бірақ ол әлі босатылған жоқ. Конституцияға сәйкес, азамат тек сот санкциясына сәйкес бас бостандығынан айырылады. Біз келтірген дәлелдерді сот неге қаперіне алмай жатқаны мүлдем түсініксіз. Бұл сараптама құқы­ғына қайшы. Өкінішке қарай, оның бірде-бірін сот қайта қа­рауды қажет деп таппай, қайы­рылмай отыр. Айыптау ісі бо­йынша жиналған материалдар Қылмыстық кодекстің 189-бабының талаптарына жауап бермейді, сондықтан сот бұл істі тоқтатуы тиіс. Сондай-ақ соттың зардап шегуші тарап өкілі Әлия Оспанованың келтірілген залалды өтеу туралы 241 млн теңге азаматтық іс туралы шешімі де түсініксіз. Қандай негізге сүйеніп жасалып отырғаны да анық емес. Бұл жерде бір-біріне қайшы шешімдер көрініс тауып жатыр. Біз алдағы сот отырысында осы жайында мәселе көтереміз.


     Бауыржан БАЗАР