Өкпелескен екі жақ: балықшылар бір-бірін айыптауда
Өкпелескен екі жақ: балықшылар бір-бірін айыптауда
183
оқылды

Кезінде Жуалы ауда­нын­дағы Теріс өзені­нің балығы тай мен тоқтыдай болмаса да, көп еді. Өзен­нің жағасында аунап, шоршыған балығын са­нап өскен көнекөз қариялар­дың айтуын­ша, бұрын Те­ріс-Ащы­бұлақ су қой­ма­сы балыққа бе­ре­келі бол­­ған. Онда оның түр-түрі – көк­сер­ке, сазан, та­бан, дөң­маңдай, тұқы секілді «су ­мар­жандары» өзен тартыл­ған­да шұ­қанақ біткен­де шыпырлап қа­лып қоятын. Сол саяз судан жұрт балық ұстап мәз болу­шы еді...

Бүгінде Теріс өзенінің жағалауы жалаңаштанып, суында балық азайып барады. Ертеректе жағасы ну тоғай болса, бүгінде ол да оталып, сиреп, айналасы күл-қоқысқа то­лып кеткен. Өзен жағасы мен Те­ріс-Ащыбұлақ су қоймасынан ба­лық аулайтын балықшылар да ондағы «су маржандарының» аза­йып кеткеніне алаңдаушылық та­ны­туда. Балықшылардың ай­туын­­ша, біріншіден, балықтар қас­күнемдік жолмен көп ауланып жа­тыр. Екіншіден, шабақтарды қолдан өсіру жұмысы мандымай тұр. Қолдануға тыйым салынған қытай ауларын өзенге тастайтын қас­күнемдер де жоқ емес. «Бүгінде өзен түбінде ондаған километрге со­зыл­ған торларға балық атаулы шыр­матылып, қырылуда» дейді олар.

Осы орайда өзендегі балықты көбейту үшін не істеу керек? Тіршілік көзін балықпен байланыстырған балықшылар қайтпек? Осы сұрақ­тар бүгінде әрбір балықшының кө­­­кейінде жүргені анық. Оны ау­дан­­дағы іргелі шаруа қожалығы – «Зылиханың» ғимаратында бас қосқан балықшылар қаузады. Олардың дені 13 жылдан бері өзенді жекешелендіріп алған кәсіпкер жұмыс істемей отыр деп налиды. Қожалық жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев әуесқой балықшылардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүр­ген азамат. Өйткені оның өзі де әуес­қой балықшы. Жазда ауылдың тұсын­дағы өзенге қармақ салса, қыста мұз үстіне шығып, балық аулай­тыны бар.

 

Боз сазаны тоқтыдай еді...

– Өзеннің қожасы өзіміздің әріп­тесіміз, «Боранды» шаруа қожа­лығының жетекшісі, аудандық мәс­лихаттың депутаты Айбек Елек­баев та біз сияқты жаны ашуы ке­рек еді. Бірақ біз одан мұндай аза­маттықты көре алмадық. 13 жыл­дан бері жұмыс істеген жоқ деп те айтудан аулақпын. Рас, өзенге әр жыл сайын 10 мың шабақ жіберіп отырғанынан хабардармыз, – деді Керімқұл Бегалиев. Өзенге қар­мақ салып жүрген 84 жастағы әуес­­қой балықшы Николай Пис­мак: «Бұл өзенге қармақ салып келе жатқаныма 70 жылдан асты. Біле білген адамға балықшының еңбегі деген ауыр кәсіп. Кеңес дәуі­рінде осында арнайы балық шаруа­шылығы жұмыс істеген. Мен сол шаруа­шылықта ұзақ жыл еңбек етіп, Шардарадан, басқа да шабақ өсіретін шаруашылықтардан 100 мыңнан 1 миллионға дейін өзенге шабақ әкеліп жіберетінбіз. Өзен жағасындағы халық та, шаруашылықтар да қарық бо­лып жататын. Енді сарқылды. Қыстыгүні өзен бетіне мұз қатқанда бе­рісі – Тараз, арысы Шымкенттен балық­шылар келіп, мұзда отырып, кемі 10 килограмм балық ұстап әкетуші еді. Қазір 4 сағат отырғанда 2 балық қармағыңды қапса жақсы. Өзендегі балықтың бұлай құрып кетуіне бұған жауапты қожалықтың салғырттығы деп білем. Екінші жағынан қаскүнемдер де ау салып, тоқпен ұрып аулауын тоқтатар емес. Олар өзеннің әр тұсына ау салып ұстағанымен қоймай, оны өзенге лақтырып кетуде. Жалпы, жұрт балықшылар көл-көсір табыс табады деп ойлайды. Мен сияқты 84 жасқа келіп, мұзды ойып көрсін. Оның қиындығына шыдасын. 20-30 градус аязында, боранында жүрсін. Жаздың да өз қиындығы жеткілікті» – дейді. Ал ардагер балықшының сөзін Аятбек Жолдыбеков те қостай кетті. «Тажал аудан келіп отыр. Ол аулар судың астында ширек ғасыр шірімей жата береді. Оған балық ілінсе шырмалып, шыға алмай қалады. Сондықтан капрон жіптен тоқылған ауды қолданған жөн. Бірақ оны құрып қойып 3 күннен соң қарасаң да қазір балық түспейді. Сол үшін әуесқой балықшылар өзенге балық ұстау үшін келсе адам басына 1 500 теңге төлейді. Ауылдың қасындағы су қоймасын қойып, Шардара су қоймасына барып балық ұстайтын болдық. Ондағы тәртіп мүлдем басқа. Ұстаған балығыңа қарай салығын төлеп, демалып қайтасың. Сонымен бірге онда туризм де жақсы дамуда. Бізде де туризмді дамытуға болады. Қазір су қоймасына келсеңіз мұз үстінде отырған жүздеген балықшыны көре­сіз. Жан-жақтан келіп, қармақ са­лады. Міне, сізге туризм», – деді ол. Елубай Нағашбеков: «Өзеннің жағасындағы тазалық сын көтермейді. Қайда барсаңыз да шашылып жатқан күл-қоқысты көресің. Не өзеннің айналасына отыр­ғызылған бір тал дарақты көр­мейсің. Көгеріштендіруге мүл­дем көңіл бөлінбейді. Су қоймасының жағасында сынған шыны және шашылып жатқан плас­тик құты­лар­дан аяқ алып жүре ал­май­сың. Балықшылардан ақша алған соң арнайы орындықтар салып, тал-дарақтар отырғызып қойса болар еді ғой» – деді.

 

Кәсіпкердің де айтары бар

Балықшылар көтер­ген мәселеге орай «Боранды» шаруа қожалығының жетекшісі Айбек Елекбаев былай дейді. – Су қой­масын 49 жылға жалға алған­дағы мақсатым – өзенде балық шаруашылығын дамыту болатын. Ондағы балық қорын сақтап қалуға тырысудамын. Сондықтан су қоймасына күзде, су бөгенге қайта жинала бастаған тұста жылда 10 мың шабақ жіберіп келдім. Өйткені қолда өсірілген шабақтар «жаңа қоныстарына» тез сіңіп, бейімделіп кетсін деймін. Қойманы алғаш алған жылы бұл жұмысты жүргізеді деген үмітпен ауылдың аза­маттарын жұмысқа тартып, олар­дан балық шаруашылығын дамы­туды талап еттім. Бірақ олар бұл шаруаны тиісті деңгейде атқара алмады. Талапты күшейтіп едім, жұмыстан шығып кетті. Сөйтіп, өзендегі балық шаруашылығын жүргізуді тәжірибесі бар балықшы Юрий Александровқа жүктеген болатынмын. Алайда базбіреулер әуесқой балықшылардың басын құрап, мен тағайындаған адамға қарсы болып жатыр екен. Егер менің тарапымнан кемшілік кетсе, неге мені жиналысына шақырмады? Сол жерде мен мәселенің басын ашып, айтып берер едім. Қазір Юрий мен күткеннен де көп жұмыс атқа­ру­да. Ол Жамбыл ауданындағы Гродекова ауылындағы «Сандель» шаруа қожалығынан өткен күзде 45 мың шабақты өз қаражатына сатып алып, су бөгеніне жіберді. Су қоймасы айналасындағы күл-қоқысты тазартуға күш салды. Оның мұнда орнатқан жаңа тәртібі кейбір балықшыларға ұнамайтын көрінеді.

Шаруашылық же­тек­­шісі су қоймасындағы балық шаруа­шы­лы­ғын дамытуды сеніп тапсырған кәсіпкер Юрий Александровтың да айтар уәжі бар. «Бұл шаруаны қолыма алғаныма жарты жылдан асты. Жұмысты су бөгенінің айна­ла­с­ын күл-қоқыстан тазартудан бас­тадым. Өйткені су жағалауында шашылып жатқан шыны және плас­тик құтылардан аяқ алып жүре алмайтынсың. Демалушылар да күл-қоқысын қай жерге болса сол жерге тастап кете беретін. Бөгеннің айналасын толық тазаламасақ та, бірсыпыра тәртіпке келтіріп қойдық. Тазалық сақтау үшін арнайы ескертпе тақтайшалар орнаттық. Ал өзендегі балықтың бұрын қандай болғанын мен білмеймін. Сегіз адамды жұмыспен қамтып отырмын. Алға қойған жоспарым да көп. Келешекте өзенді балыққа толтырсам деймін. Ал қармақ ұстап өзенге келген әрбір балықшының қолында рұқсат қағазы болуы керек. Оны Тараз қаласындағы «Балықшылар үйі» дүкенінен алуларына болады. Бірақ биыл су қоймасынан су жәндігін аулауға рұқсат қағазды санаулы адам ғана алған. Көпшілігі рұқсат қағазсыз балық аулап жүр. Ал табиғатты қорғау инспекциясы мен аудандық салық басқармасы жарты жылдың өзінде екі-үш рет маған 100 мың теңгенің үстінде айыппұл салып кетті. Сол үшін мен айыппұл төлеп отырмын. Олар заңды рұқсат қағазын алса, мұз үстіне шығып балық ұстаса, оған ешкім қой демейді ғой. Бірақ өзенге демалуға келушілер де, балықшылар да мұны қаперге ілетін емес», – дейді ол.

Жамбыл ауданындағы «Сандель» шаруа қожалығының же­тек­шісі Дильмурат Хусаин-Ахуановтың айтуынша, су қойма­ла­рын тә­лім­­бақта өсірілген шабақ­тар­мен тол­тыру арқылы жағдайды түзету­ге болады екен. Жалпы, су қой­­ма­­­­ларына жіберілген шабақтың қыс­тан аман шығуы үшін орташа сал­мағы 25 грамм болуы керек. Өзен суы мұз болып қатқан қыс мезгілінде балықтарға ауа жетпей қырылып қалмас үшін тоғандағы судың көлемін қалыпты деңгейде ұстап тұруды қамтамасыз ету керек. Су жәндіктеріне сапалы азық таста­лады. Бұрын мұның бәріне мемле­кет­тен көмек көрсететін. Енді ол жұ­мыстарды су тоғандарын жалға алған кәсіпкер өз қаражатына атқа­руда.

 

Мәселені басшылар біледі

Облыстық орман шаруа­шы­лығы және жануарлар дү­ние­сі аумақтық инспекциясы бас­шы­сының орынбасары Болат Асамбеков бұл жайдан хабардар еке­нін жеткізді. Оның айтуынша, өңі­рімізде 105 су айдыны бар. Бү­гін­де оның 98-і кәсіпкерлерге ба­лық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген. Бұл су ай­­дын­дарындағы балықтандыру іс-ша­ралары кәсіпкерлердің жеке қар­жыларымен жүргізілсе, ал рес­­­публикадан Балқаш көлін ба­лықтандыру үшін ғана қаржы қара­лып, көлге бір миллион шабақ жі­бе­ріліпті. «Біз «Боранды» шаруа қожалығымен көп жылдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Қо­жа­­лық басшысы Айбек Елекбаев жыл­­да өзенге «Сандель» шаруа қо­­жа­лығынан шабақ әкеліп, ба­лық­­­тандыру жұмыстарын тұрақ­ты жүр­гізіп келеді. Бұрын өзенге 10 мың­­ның үстінде ғана шабақ жібе­рі­ліп кесе, ол биыл төрт есеге арт­тырылып отыр. Бұл алдағы жылдары өз жемісін береді деген сенімдемін. Ал қаскүнемдермен күрес тоқтаусыз жүр­гізілуде. Біздің инспекторлар олар­дың жолын кесу үшін барлық қауіпсіздік іс-шараларды жүргізіп жатыр. 2013 жылдан бері қытай ауын пайдалануға тиым салынды. Өт­кен жылы сауда нүктелері мен ба­­лық­шылардан бір тонна қытай ауын тәркілеп, көзін жойдық. Бұл жұ­мыстар әлі де жалғасады», – дейді ол.

 

Асылы ӘДІЛ, 
Жамбыл облысы