Кезінде Жуалы ауданындағы Теріс өзенінің балығы тай мен тоқтыдай болмаса да, көп еді. Өзеннің жағасында аунап, шоршыған балығын санап өскен көнекөз қариялардың айтуынша, бұрын Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы балыққа берекелі болған. Онда оның түр-түрі – көксерке, сазан, табан, дөңмаңдай, тұқы секілді «су маржандары» өзен тартылғанда шұқанақ біткенде шыпырлап қалып қоятын. Сол саяз судан жұрт балық ұстап мәз болушы еді...
Бүгінде Теріс өзенінің жағалауы жалаңаштанып, суында балық азайып барады. Ертеректе жағасы ну тоғай болса, бүгінде ол да оталып, сиреп, айналасы күл-қоқысқа толып кеткен. Өзен жағасы мен Теріс-Ащыбұлақ су қоймасынан балық аулайтын балықшылар да ондағы «су маржандарының» азайып кеткеніне алаңдаушылық танытуда. Балықшылардың айтуынша, біріншіден, балықтар қаскүнемдік жолмен көп ауланып жатыр. Екіншіден, шабақтарды қолдан өсіру жұмысы мандымай тұр. Қолдануға тыйым салынған қытай ауларын өзенге тастайтын қаскүнемдер де жоқ емес. «Бүгінде өзен түбінде ондаған километрге созылған торларға балық атаулы шырматылып, қырылуда» дейді олар.
Осы орайда өзендегі балықты көбейту үшін не істеу керек? Тіршілік көзін балықпен байланыстырған балықшылар қайтпек? Осы сұрақтар бүгінде әрбір балықшының көкейінде жүргені анық. Оны аудандағы іргелі шаруа қожалығы – «Зылиханың» ғимаратында бас қосқан балықшылар қаузады. Олардың дені 13 жылдан бері өзенді жекешелендіріп алған кәсіпкер жұмыс істемей отыр деп налиды. Қожалық жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев әуесқой балықшылардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген азамат. Өйткені оның өзі де әуесқой балықшы. Жазда ауылдың тұсындағы өзенге қармақ салса, қыста мұз үстіне шығып, балық аулайтыны бар.
Боз сазаны тоқтыдай еді...
– Өзеннің қожасы өзіміздің әріптесіміз, «Боранды» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Айбек Елекбаев та біз сияқты жаны ашуы керек еді. Бірақ біз одан мұндай азаматтықты көре алмадық. 13 жылдан бері жұмыс істеген жоқ деп те айтудан аулақпын. Рас, өзенге әр жыл сайын 10 мың шабақ жіберіп отырғанынан хабардармыз, – деді Керімқұл Бегалиев. Өзенге қармақ салып жүрген 84 жастағы әуесқой балықшы Николай Писмак: «Бұл өзенге қармақ салып келе жатқаныма 70 жылдан асты. Біле білген адамға балықшының еңбегі деген ауыр кәсіп. Кеңес дәуірінде осында арнайы балық шаруашылығы жұмыс істеген. Мен сол шаруашылықта ұзақ жыл еңбек етіп, Шардарадан, басқа да шабақ өсіретін шаруашылықтардан 100 мыңнан 1 миллионға дейін өзенге шабақ әкеліп жіберетінбіз. Өзен жағасындағы халық та, шаруашылықтар да қарық болып жататын. Енді сарқылды. Қыстыгүні өзен бетіне мұз қатқанда берісі – Тараз, арысы Шымкенттен балықшылар келіп, мұзда отырып, кемі 10 килограмм балық ұстап әкетуші еді. Қазір 4 сағат отырғанда 2 балық қармағыңды қапса жақсы. Өзендегі балықтың бұлай құрып кетуіне бұған жауапты қожалықтың салғырттығы деп білем. Екінші жағынан қаскүнемдер де ау салып, тоқпен ұрып аулауын тоқтатар емес. Олар өзеннің әр тұсына ау салып ұстағанымен қоймай, оны өзенге лақтырып кетуде. Жалпы, жұрт балықшылар көл-көсір табыс табады деп ойлайды. Мен сияқты 84 жасқа келіп, мұзды ойып көрсін. Оның қиындығына шыдасын. 20-30 градус аязында, боранында жүрсін. Жаздың да өз қиындығы жеткілікті» – дейді. Ал ардагер балықшының сөзін Аятбек Жолдыбеков те қостай кетті. «Тажал аудан келіп отыр. Ол аулар судың астында ширек ғасыр шірімей жата береді. Оған балық ілінсе шырмалып, шыға алмай қалады. Сондықтан капрон жіптен тоқылған ауды қолданған жөн. Бірақ оны құрып қойып 3 күннен соң қарасаң да қазір балық түспейді. Сол үшін әуесқой балықшылар өзенге балық ұстау үшін келсе адам басына 1 500 теңге төлейді. Ауылдың қасындағы су қоймасын қойып, Шардара су қоймасына барып балық ұстайтын болдық. Ондағы тәртіп мүлдем басқа. Ұстаған балығыңа қарай салығын төлеп, демалып қайтасың. Сонымен бірге онда туризм де жақсы дамуда. Бізде де туризмді дамытуға болады. Қазір су қоймасына келсеңіз мұз үстінде отырған жүздеген балықшыны көресіз. Жан-жақтан келіп, қармақ салады. Міне, сізге туризм», – деді ол. Елубай Нағашбеков: «Өзеннің жағасындағы тазалық сын көтермейді. Қайда барсаңыз да шашылып жатқан күл-қоқысты көресің. Не өзеннің айналасына отырғызылған бір тал дарақты көрмейсің. Көгеріштендіруге мүлдем көңіл бөлінбейді. Су қоймасының жағасында сынған шыны және шашылып жатқан пластик құтылардан аяқ алып жүре алмайсың. Балықшылардан ақша алған соң арнайы орындықтар салып, тал-дарақтар отырғызып қойса болар еді ғой» – деді.
Кәсіпкердің де айтары бар
Балықшылар көтерген мәселеге орай «Боранды» шаруа қожалығының жетекшісі Айбек Елекбаев былай дейді. – Су қоймасын 49 жылға жалға алғандағы мақсатым – өзенде балық шаруашылығын дамыту болатын. Ондағы балық қорын сақтап қалуға тырысудамын. Сондықтан су қоймасына күзде, су бөгенге қайта жинала бастаған тұста жылда 10 мың шабақ жіберіп келдім. Өйткені қолда өсірілген шабақтар «жаңа қоныстарына» тез сіңіп, бейімделіп кетсін деймін. Қойманы алғаш алған жылы бұл жұмысты жүргізеді деген үмітпен ауылдың азаматтарын жұмысқа тартып, олардан балық шаруашылығын дамытуды талап еттім. Бірақ олар бұл шаруаны тиісті деңгейде атқара алмады. Талапты күшейтіп едім, жұмыстан шығып кетті. Сөйтіп, өзендегі балық шаруашылығын жүргізуді тәжірибесі бар балықшы Юрий Александровқа жүктеген болатынмын. Алайда базбіреулер әуесқой балықшылардың басын құрап, мен тағайындаған адамға қарсы болып жатыр екен. Егер менің тарапымнан кемшілік кетсе, неге мені жиналысына шақырмады? Сол жерде мен мәселенің басын ашып, айтып берер едім. Қазір Юрий мен күткеннен де көп жұмыс атқаруда. Ол Жамбыл ауданындағы Гродекова ауылындағы «Сандель» шаруа қожалығынан өткен күзде 45 мың шабақты өз қаражатына сатып алып, су бөгеніне жіберді. Су қоймасы айналасындағы күл-қоқысты тазартуға күш салды. Оның мұнда орнатқан жаңа тәртібі кейбір балықшыларға ұнамайтын көрінеді.
Шаруашылық жетекшісі су қоймасындағы балық шаруашылығын дамытуды сеніп тапсырған кәсіпкер Юрий Александровтың да айтар уәжі бар. «Бұл шаруаны қолыма алғаныма жарты жылдан асты. Жұмысты су бөгенінің айналасын күл-қоқыстан тазартудан бастадым. Өйткені су жағалауында шашылып жатқан шыны және пластик құтылардан аяқ алып жүре алмайтынсың. Демалушылар да күл-қоқысын қай жерге болса сол жерге тастап кете беретін. Бөгеннің айналасын толық тазаламасақ та, бірсыпыра тәртіпке келтіріп қойдық. Тазалық сақтау үшін арнайы ескертпе тақтайшалар орнаттық. Ал өзендегі балықтың бұрын қандай болғанын мен білмеймін. Сегіз адамды жұмыспен қамтып отырмын. Алға қойған жоспарым да көп. Келешекте өзенді балыққа толтырсам деймін. Ал қармақ ұстап өзенге келген әрбір балықшының қолында рұқсат қағазы болуы керек. Оны Тараз қаласындағы «Балықшылар үйі» дүкенінен алуларына болады. Бірақ биыл су қоймасынан су жәндігін аулауға рұқсат қағазды санаулы адам ғана алған. Көпшілігі рұқсат қағазсыз балық аулап жүр. Ал табиғатты қорғау инспекциясы мен аудандық салық басқармасы жарты жылдың өзінде екі-үш рет маған 100 мың теңгенің үстінде айыппұл салып кетті. Сол үшін мен айыппұл төлеп отырмын. Олар заңды рұқсат қағазын алса, мұз үстіне шығып балық ұстаса, оған ешкім қой демейді ғой. Бірақ өзенге демалуға келушілер де, балықшылар да мұны қаперге ілетін емес», – дейді ол.
Жамбыл ауданындағы «Сандель» шаруа қожалығының жетекшісі Дильмурат Хусаин-Ахуановтың айтуынша, су қоймаларын тәлімбақта өсірілген шабақтармен толтыру арқылы жағдайды түзетуге болады екен. Жалпы, су қоймаларына жіберілген шабақтың қыстан аман шығуы үшін орташа салмағы 25 грамм болуы керек. Өзен суы мұз болып қатқан қыс мезгілінде балықтарға ауа жетпей қырылып қалмас үшін тоғандағы судың көлемін қалыпты деңгейде ұстап тұруды қамтамасыз ету керек. Су жәндіктеріне сапалы азық тасталады. Бұрын мұның бәріне мемлекеттен көмек көрсететін. Енді ол жұмыстарды су тоғандарын жалға алған кәсіпкер өз қаражатына атқаруда.
Мәселені басшылар біледі
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Болат Асамбеков бұл жайдан хабардар екенін жеткізді. Оның айтуынша, өңірімізде 105 су айдыны бар. Бүгінде оның 98-і кәсіпкерлерге балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген. Бұл су айдындарындағы балықтандыру іс-шаралары кәсіпкерлердің жеке қаржыларымен жүргізілсе, ал республикадан Балқаш көлін балықтандыру үшін ғана қаржы қаралып, көлге бір миллион шабақ жіберіліпті. «Біз «Боранды» шаруа қожалығымен көп жылдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Қожалық басшысы Айбек Елекбаев жылда өзенге «Сандель» шаруа қожалығынан шабақ әкеліп, балықтандыру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Бұрын өзенге 10 мыңның үстінде ғана шабақ жіберіліп кесе, ол биыл төрт есеге арттырылып отыр. Бұл алдағы жылдары өз жемісін береді деген сенімдемін. Ал қаскүнемдермен күрес тоқтаусыз жүргізілуде. Біздің инспекторлар олардың жолын кесу үшін барлық қауіпсіздік іс-шараларды жүргізіп жатыр. 2013 жылдан бері қытай ауын пайдалануға тиым салынды. Өткен жылы сауда нүктелері мен балықшылардан бір тонна қытай ауын тәркілеп, көзін жойдық. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады», – дейді ол.
Асылы ӘДІЛ,
Жамбыл облысы