Қазақстанда аудан әкімдерінің сайлауы 2024 жылы өтеді

Қазақстанда аудан әкімдерінің сайлауы 2024 жылы өтеді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аудан әкімдерінің сайлауы қашан өтетінін айтты.  

"Келесі маңызды қадам – аудан әкімдерінің тікелей сайлауы. Мен бұл сайлауды 2024 жылы өткізу керек деп санаймын. Осы бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Түптеп келгенде, аудандарда сайлау өткізу халық билігін орнатудың айқын көрінісі болмақ. Сондықтан құзырлы мемлекеттік органдарға қажетті дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын", – деді Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында.
  Сондай-ақ Президент қазір кенттердің, ауылдар мен ауыл округтері әкімдерін  тікелей  сайлауға дайындық жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты.  
"Сайлау биыл шамамен тамыз-желтоқсан айлары арасында өтеді. Осы жылы 786 ауыл әкімінің өкілеттігі аяқталады. Яғни, 800-ге жуық елдімекенді қамтитын жергілікті сайлау науқаны өтеді. Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болмақ. Сайлау туралы заңнамаға енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар пысықталуда. Тиісті заң алдағы уақытта қабылданады. Содан кейін ғана кенттердің, ауылдар мен ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауына қажетті барлық нормативтік-құқықтық негіз толығымен қалыптасады деп айта аламыз. Бірақ біз мұнымен шектеліп қалмаймыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.