Әлеуметтік желіде Алматы маңындағы зираттан табылған екі жастың суреті қызу талқыға түсті. Жастардың суретіне бірнеше жерден ине қадалған.
Сурет Facebook-тегі "Елден хабар" парақшасында жарияланған. Желі қолданушыларының пайымынша, бұл қарғыстың бір түрі. Суретті әжесінің зиратын тазалауға барған Алматы тұрғыны тауып алған. Ол суретті Алматыдағы Әйгерім-1 шағын ауданында орналасқан зират аумағынан көргенін айтады.Желіде тараған суреттегі екі адамның әзірге кімдер екені белгісіз."Демалыс күні әжеміздің зиратының маңын жинастыруға барғанда осы суретті тауып алдық. Суретті парақшаларыңызда жариялап, көрсетулеріңізді сұраймыз. Бәлкім бұл жастар ауырып жатқан шығар, мүмкін олардың өміріне қауіп төніп тұрған шығар. Оларды жамандықтан қорғайық. Адамдар сондай қатыгез, жауыз болып кеткен, ештеңеден қорықпайды. Зират Әйгерім-1 шағын ауданында Боралдай тас жолының бойында орналасқан", – деп жазған автор.