Дулати университетіндегі дау: Кім кімге күйе жағып жатыр?
Дулати университетіндегі дау: Кім кімге күйе жағып жатыр?
167
оқылды
Осыдан бір жеті бұрын  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде жалған құжатпен оқып жатқан 300 студент оқудан шығарылғаны туралы айтқан. Сондай-ақ департамент бұл талай жылдан бері келе жатқан заңсыздық деп, оның артында нақты адамдар тұрғанын да меңзеген. Алайда бүгін Дулати университетінің  Ақпарат және медиакоммуникация орталығының директоры Гүлмира Амалбекова  департамент көрсеткен кемшіліктер бұрыннан ретке келтіріліп қойылғанын жеткізді.  
«Соңғы күндері бұқаралық ақпарат құралдарында «Университетте жылдар бойы жасалған былықтың арты ашылып, 300 студент оқудан шығарылды» деген ақпараттар жариялануда. Жарияланған мәліметке сүйенсек, жылдар бойы Дулати Университеті жалған құжат жасап, шетелдік университеттерден ауысып келіп жатқан студенттерді оңды-солды қабылдап, академиялық адалдықты бұзуға жол беріп отырғандығын көрсетеді. Бұл қате пікір! 2020-2021 оқу жылында шетелдік ЖОО-дан, дәлірек айтқанда «Современный технический университеттен»  жалған құжатпен ауысып, күндізгі, сырттай және қашықтан оқыту бөлімдерінде білім алып жатқан 148 студент академиялық адалдық Ережесін бұзғаны үшін Басқарма Төрағасы-Ректоры м.а. М.Сарыбековтің 20.11.2020 ж. 347-ст бұйрығымен оқудан шығарылды. Студенттерді оқудан шығармас бұрын  заң бұзу фактілерінің анық-қанығына көз жеткізу үшін АНО ВО «Современный технический университетке»  Дулати Университетінен ресми хат (12.11.2020ж.) жолданып, аталған шетелдік университеттен тізім бойынша 148 студенттің оқымағандығы жөнінде жауап хат (11.11.2020ж., 16.11.2020ж.) алдық. Университет ішінде шетелдік университеттен ауысып келген білім алушылардың құжаттары тексеріліп, жалған құжатпен білім алып жатқан студенттерді оқудан шығару үрдісі әлі де жалғасуда. 2021 жылы қаңтар айында шетелдік университеттен жалған құжатпен ауысып келген қалған студенттер тағы да шығарылды.

Дулати Университетінің «академиялық адалдық», «парасаттылық»  бағытында жасап жатқан жұмыстары туралы ақпарат бұрмаланбай, халық арасында дұрыс пікір тудыруы керек, – дейді  Гүлмира Амалбекова.

Университет өкілінің сөзіне сүйенсек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  облыс  бойынша департаменті оқу орнының бұған дейін де өздері-ақ жасап отырған жұмыстарын  иемденіп алғандай. Ал Дулати университетінің қазіргі  ректорының міндетін атқарушы Ержан Әмірбекұлының  телеарнадан жалған құжаттар жайлы жайтты жуырда ғана  анықтағандай  сөйлегеніне қарасақ, мұнда мүдделер қақтығысы орын алып жатқандай. Сонда кім ақ сөйлеп, ал кім кімге  күйе жағып отыр?  

Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы