Ақмола облысында қалың қар құрсауында қалған ер адам құтқарылды

Ақмола облысында қалың қар құрсауында қалған ер адам құтқарылды

Ақмолада көлігінің ішінде отырып, қатып қала жаздаған адамды төтенше жағдай қызметкерлері құтқарып қалды. Ол қалың қар құрсауында қалып, көлік ішінен шыға алмай қалған,– деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Оқиға 25 ақпан күні болған. Құтқарушылардың көмегі қажет болғаны туралы хабар таңғы он бірде «112» нөмірімен хабарланған. Арада 20 минут өткенде жеткен төтенше жағдай құтқарушылары оқиға орнына келіп жетіпті.

«1980 жылы туған ер адам жеңіл көлігімен елордадан Осакаров ауданына бара жатып, қар құрсауына тап болған. Үш сағат бойы қалың қардан шығуға әрекеттенген жігіт қанша тырмысса да шыға алмаған. Қатты аяздан әбден әлсіреген соң құтқарушыларды көмекке шақыруға мәжбүр болыпты, – дейді Аршалы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Марлен Бабаев.
Құтқарушылар әбден мұздаған ер адамды Аршалы аудандық ауруханасына жеткізіп, жол қызметі көлікке эвакуация жасаған. Қазіргі таңда ер адамның жағдайы бір қалыпты. Естеріңізге сала кетсек, Ақмола облысында 22 ақпаннан бері ауа райы күрт бұзылып, ақтүтек боран мен қатты аяз көтерілген. Облыс аумағындағы республикалық және облыстық маңызға ие автожолдардың 20 учаскесі жабылған. Құтқарушылар облыс тұрғындары мен қонақтарын жолдар жабылғаны туралы СМС хабарлама алған жағдайда жолға шықпауды сұрайды.
«Жолдың жабылуы немесе ауа райы туралы ақпаратты «Дәрмен» қосымшасын жүктеп, немесе 1403 нөмірі бойынша біле аласыздар», – деп толықтырды төтенше жағдайлар департаментінен.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы