Алматының еріктілері қарт адамдарға қар тазалап көмек көрсетті

Алматының еріктілері қарт адамдарға қар тазалап көмек көрсетті

Қалаға қалың қар жауды. Соған байланысты Алматының жастар ресурстары орталықтарының белсенділері мен жас отандықтар қарт адамдар мен коммуналдық қызметкерлерге көмектесу үшін қар тазалау акциясына шықты. Алматыда 24 ақпанда сағат 16.00-ден бастап қар аралас жаңбыр жауды, ал 25 ақпанда түнгі сағат 1-ден бастап қар жауа бастады, ауа температурасы минус 10 градусқа дейін күрт төмендеді. Сағат 9.00-де қалада 20-30 см, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда 30-40 см қар жауды. Алматының жастар ресурстары орталықтарының еріктілері қарт адамдардың үйлері маңындағы және аулаларындағы қарды тазалау акциясына шықты. Қар тазалау шарасына 30-ға жуық жас қатысты. Бұдан өзге Nur Otan партиясы Jas Otan жастар қанатының 200-ден астам белсендісі мен қалалық еріктілер ұйымдарының мүшелері коммуналдық қызметкерлерге қаланы қардан тазарту жұмыстарына көмектесіп, қолдау көрсетті. Жасотандықтар оларға ыстық шай берді. Таңнан бері қаланы қардан тазарту жұмыстарына 1653 жол жұмысшысы, 653 техника бірлігі, оның ішінде 205 құм лақтырғыш жұмылдырылды.