Павлодар облысында өрт сөндіруші қаза болды
Павлодар облысында өрт сөндіруші қаза болды
108
оқылды
Павлодар облысында өрт сөндіруші қызметтік міндетін атқару кезінде қайтыс болды. Төрт бөлмелі  тұрғын үйдің сексен шаршы метр аумағын шарпыған өртпен арпалыс кезінде өрт сөндіруші жігіттің жағдайы нашарлап, ес-түссіз ауруханаға жеткізілген. Алайда арада аз уақыт өтпестен азаматтық қорғаныс сержанты Арыстанбек Машраптың қайтыс болғаны туралы қайғылы хабар келген. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр,– деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлім етті. 25 ақпан күні таңғы 7.46-да Павлодар облысының Ақсу шағын ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде өрт шыққаны туралы хабар түскен. Сонымен қатар өрттен зардап шеккен 1995 жылғы № 12 өрт сөндіру бекеті бөлімшесінің командирі, азаматтық қорғау кіші сержанты Ермек Тұрлыбеков  Павлодар қаласының ауруханасына жатқызылды. Қайтыс болған Арыстанбек Машрап азаматтық қорғау органдарында 2018 жылдан бастап қызмет атқарды. Павлодар қаласының тумасы, үйленген. 1991-2021 жылдары аралығында қызметтік міндеттерін орындау кезінде азаматтық қорғау органдарының 53 қызметкері қайтыс болған. Төтенше жағдайлар министрлігінің ұжымы марқұмның жақындары мен туыстарына көңіл айтады.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы