Красноярскте өз баласын сатпақ болған қазақстандық ұсталды
Красноярскте өз баласын сатпақ болған қазақстандық ұсталды

Жаңа туған сәбилерді сатпақ болған төрт адам ұсталды. Олардың біреуі Қазақстан азаматы болып шықты, – деп хабарлады Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің ресми сайтында. 

Олар сәбилерді сатпақ болған деген күдікке ілінді. Қылмыскерлердің біреуі құқық қорғау органында жұмыс істеген. Тергеу комитетінің мәліметінше, 33 жастағы күдікті 2019 жылы  үшінші тұлғаларға ақшалай сыйақыға бала тауып беретін әйелдермен "жұмыс істеген". Балалар өмірге келген соң ол сенімхатпен перзентханадан сәбилерді алып шығып, шетел азаматтарына тапсыру қызметін ұйымдастырған. Белгісіз адам басқа адамдарға баласын сатуға дайын қазақстандық келіншекті іздеп тапқан. Содан соң Қазақстан азаматы Камбоджа Корольдігінің аумағында күдіктілер ұйымдастырған медициналық тексерістен өтіп, жүкті болған. Тергеушілердің мәліметінше, өткен жылы наурызда қазақстандық Красноярскке келіп, баланы өмірге әкелуі тиіс болатын. Оған тұратын пәтер, азық-түлік және басқа да тұрмысқа қажет дүниелер берілген. Оны күдіктілер бірнеше рет медициналық мекемеге апарып, перзентханада ақылы қызмет көрсетуге келісімшарт жасаған.

Өткен жылы сәуірде әйел ұл бала тапқан. Содан соң күдіктілердің нұсқауымен Красноярск АХАЖ бөлімінде келіншек баланың тууы туралы куәлігін алып, күдіктілердің атына сенімхат рәсімдеген.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Қазақстан азаматы жаңа туған баласын күдіктілерге тапсырған. Содан соң әйел еліне оралып, оған 13 мың доллар ақшалай сыйақы берілген. Тергеушілердің болжамынша, 33 жастағы күдікті перзентханадан ұл баланы алып, үшінші тұлғаларға тапсырып, олардан өз сыбағасын алуы тиіс болатын. Қазіргі уақытта ақшалай сыйақы үшін әйелдер өмірге әкеліп, күдіктілерге берген 9 баланың қайда екені белгілі болды. Барлық сәби балалар үйіне тапсырылды. Оларды өмірге әкелген аналарының жеке басы және мекен-жайы анықталу үстінде. Қылмыстық іске қатысы бар адамдардың тұратын жерлерінен тиісті құжаттар мен айғақ заттар табылды. Қазіргі уақытта төрт күдікті қамауға алынды. Қылмыстық істі тергеу жалғасуда. Тәртіп сақшылары осы іске қатысы бар басқа да адамдарды іздестіруде.