«Алтын оймақты» дизайнерлер
«Алтын оймақты» дизайнерлер
184
оқылды

«Атамекен» Ұлттық кәсіп­керлер палатасы мен «Әйел­дер кәсіпкерлігін қолдау және тұрақты даму қоры» қо­ғам­дық қорының ұйымдас­ты­руымен алғаш рет «Altyn oimaq» ұлттық киім дизай­нерлерінің байқауы мәресіне жетті. Байқаудың мақсаты – жеңіл өнеркәсіп саласындағы отандық өнді­ру­шілерді қол­дау, жаңа есімдерді шы­ғару және өндіріс­тік кәсіп­орын­дарды дизай­нерлермен бай­ла­ныстыру.

Байқауға еліміздің барлық өңірінен дерлік үміткерлер қатыс­ты. Қатысуға кәсіпорындар мен дизайнерлерден 284 өтінім келіп түскен. Олардың қатарында ісін жаңадан бастаған дизайнерлер де, ірі кәсіпорындардың өкілдері де бар. Сондықтан бәсеке өте жоғары деңгейде болғанын айта кету керек.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша арнайы құрылған комиссия мүшелері 12 үміткерді анықтады. Әр аталым бойынша екі үміткерден суырылып алға шықты. Екінші кезеңде қоғамдық онлайн дауыс беру арқылы ең көп дауыс жинаған алты үміткер іріктелді. Комиссия осы алты үміткердің ішінен біреуін гран-при иегері деп таныды. Алматылық үміткерлер – гран-при иегері Алина Данилова мен байқау лауреаты Эльмира Битөрееваға 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Алина Данилова «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген спорт киімінің үздік дизайны» аталымы бойынша, ал Эльмира Битөреева «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген іскерлік киімнің үздік дизайны» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

– Бұл конкурсқа көптеген талантты суретші мен дизайнер қатысқанына қуаныштымын. Өте тамаша нәтижеге қол жет­кіздік. Көптеген қызықты ата­лым­дар болды. Үш кезеңнен тұра­тын іріктеу әділ өтті деп ойлаймын. Бұл конкурс ары қарай жалғасын табуы тиіс. Ол қатысушылардың деңгейін көтереді. Бүгін қос жеңімпазды көргеніме қуаныштымын. Олар өз жүлдесінің лайықты жеңім­паз­дары. Елімізде қазақстандық брендті қалыптастырып келе жатқан осындай мықты дизай­нерлердің бар екенін мақта­ныш­пен айтуға тиіспіз. Жеңімпаз дизайнерлер алдағы уақытта жаңа белестерді бағындырады деп ойлаймыз, – деді байқау комис­сиясының мүшесі, Қазақ­стан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова. «Атамекен» осы байқау арқылы дизайнерлердің өндірісшілермен байланыс жасауына мүмкіндік тудырды. Тіпті жүлде алма­ған дизайнерлердің өзі бастама­ларын іске асыруға тігін шеберха­на­лары­мен байланыс орнатты. Бұл жоба­ның ерекшелігі – байқауға көбі­не жастар, тіпті мектеп оқушысының қатысқандығы. Демек, жастар дизайнерлік жобаларға бейжай қарамайды деген сөз.

– «Атамекен» ұлттық кәсіпкер­лер палатасында «Altyn oimaq» ұлттық киім дизайнерлерінің байқауынан бөлек әйел кәсіп­керлерді қолдайтын бірнеше бағдарлама бар. Атап айтар болсақ, «Жас кәсіпкер», «Бизнес бастау» бағдарламалары бойынша әйелдер, оның ішінде көпбалалы аналар бір айлық оқу курсынан өтіп, шәкіртақы алып, оны бітір­ген­нен кейін 200 айлық есеп­тік көрсеткіш көлемінде грант немесе тиісті 6 пайыздық үстема­қы­мен несие ала алады. Бұл бағдарлама бойынша өткен жылы 4 мыңнан астам адам оқып шықты. Оның жартысынан астамы грант пен несиелерге ие болды, – деді Алматы қала­сы кә­сіп­керлер палатасы дирек­то­ры­ның құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Айтуар Қошмәмбетов. – «Altyn oimaq» байқауының негізгі мақсаты тек кәсіпкерлерді қолдау емес, дизай­­нерлердің жұмысына көңіл аудару. Байқауға 200-ден астам адам қатысып, өз жұмыстарын көр­се­те алды. Оларға үлкен мүм­кін­ші­лік туды. Біздің ойы­мызша, дизай­нер­лердің жұмысы беделді жұмыс бо­луы керек. Қазақтың ұлттық сти­лі әлемдік деңгейге шығуы керек.

«Атамекен» конкурсқа қаты­су­шыларға арнайы шеберлік сабақ­­тарын өткізді. Бұл конкурс жергілікті дизайнерлерге де шабыт сыйлады. Байқау алдағы уақытта да жалғасын таппақ.